Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша Қызылорда облысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға кірісті.
Ұлттық жоба 2023-2024 жылдары 300 мыңнан аса ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің деңгейін көтеру және медициналық көмекті уақытылы көрсету үшін «алтын уақыт» қағидатын сақтау сияқты басқа да бағыттарды көздейді.
Ұлттық жоба аясында ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту бойынша 27 нысанның құрылысы салынбақ (24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет).
Биылғы жылы 16 нысанның құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 2024 жылға жоспарланған 11 нысан құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамаға енгізіліп, қаралу үстінде.
2025 жылға қарай Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханаларын «Көп бейінді ауданаралық аурухана» деңгейіне жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Жоспарланған 4 көпбейінді ауданаралық ауруханаларда инсульт және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травматология, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімдері, триаж жүйесі бар жедел жәрдем бөлмесі ашылып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен (КТ МРТ, ангиограф, сараптамалық дәрежедегі ультрадыбыстық, эндоскопиялық, реанимациялық жабдықтар, медициналық оңалту және т.б.) жабдықталатын болады.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласында медицина ұйымдарын сапалы қанмен қамтамасыз ету мақсатында 2,9 млрд теңгеге қан орталығының құрылысы жүргізілуде.
«Қазақстан халқына қоры» арқылы да бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, онкологиялық скрининг жүргізуге арналған құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 2 жылжымалы медициналық кешен өз жұмысына кірісті.
Кешен шалғай елді мекендердегі тұрғындардың жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға, орташа өмір сүру жасын ұзартуға мүмкіндік береді.
Мобильді бригада құрамы онколог, ультрадыбыстық зерттеу, сәулелік диагностика дәрігерлері, рентген-лаборант және т.б 12 маманмен қамтылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!