Коронавирус індеті Сыр елінде де қайтадан бел ала бастағандай. Бұған дейін өзге өңірлерге қарағанда жақсы көрсеткіште тұрған Қызылорда облысында бір күнде аталған инфекцияның ауру белгілерінсіз 6 адам тіркелді. Әрине, бұл 29 қазан күнгі мәлімет бойынша. Бұл туралы Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Коронавирус инфекциясын жұқтырудың 3 дерегі Қармақшы ауданында, 2 жағдай Қызылорда қаласында және 1 жағдай Шиелі ауданында тіркелді. Індетті жұқтырғандардың 5-еуі – әйел адам және 1-еуі – ер адам, ең үлкені – 1947 жылғы, ең кішісі – 2005 жылы туған денсаулығына байланысты үй жағдайында білім алатын оқушы.
ПТР анализдері 6 адамнан да эпидемиологиялық қадағалау мақсатында алынған, яғни барлығы да жоспарлы ем алу үшін ауруханаға жату алдында жүргізілген. Эпидемиологиялық зерттеу жүргізу барысында науқастардың барлығында коронавирусты инфекция клиникалық белгілерінсіз анықталды.
Қазіргі таңда пациенттер үй карантинінде медициналық бақылауға алынды.
Ауру ошақтарында мамандар індетке қарсы іс-шаралар ұйымдастырды. Жақын қарым-қатынаста болған 25 адам медициналық бақылауға алынған.
#Саулық – сақтықта.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!