Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада коронавирус анықталған жоқ

24.01.2020, 14:12 1012

Қытайдың Ухань қаласынан коронавирус кеселі тарады. Күні бүгінге дейін кеселді 600-ге жуық адам жұқтырып, 20-ға жуық адам қайтыс болған. Қазіргі таңда Ухань қаласында карантин жарияланып, ҚХР-на халықтың келуіне де, шекарадан шығуына да тыйым салыныпты. Коронавирустың жаңа түрі Қытай, Оңтүстік Корея, Тайвань және АҚШ азаматтарынан табылған. Ал Қазақстан аумағында әзірге мұндай ауру түрі тіркелген жоқ.

Мамандар мұны Қытайдың Ухань қаласындағы Хуанань теңіз өнімдерінің көтерме базарында жұмыс істеген адамдардан тарады деп отыр. Кәдімгі тұмау секілді басталады. Науқас жөтеліп, тұмауратады, кеуде қуысы ауырып, дене қызуы көтеріледі және тыныс алуы қиындай түседі. «Мұндай жағдайда ауруды асқындырып алмай, уақытында дәрігерге жүгінген жөн» дейді мамандар.

– Қазіргі таңда Қытайда коронавирустың жаңа түрі пайда болып, эпидемияның таралуына түрткі болып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Бас санитары «Қазақстан Республикасының аумағында белгіленбеген этиологияның пневмониясының әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды күшейту туралы» қаулысы қабылданып, соның негізінде бірқатар кешенді шаралар жүргізілуде. Қытай елінен қаламызға тікелей рейс жоқ болса да, әуежай, шекара және кеден қызметінің қызметкерлерімен, бортсеріктермен, ұшу құрамымен, жолаушылар поездарының жолсеріктерімен алдын алу жұмыстары жүргізіліп, халық көп шоғырланатын орындарда, емдеу мекемелерінде санитарлық-ағарту жұмыстары күшейтілді. Облысымызда Қытай елінің азаматтары жұмыс істейтін компанияларға, көші-қон саласы бойынша облысымыздағы уәкілетті органдарға сақтық шараларын күшейту туралы қызметтік хаттар жолданды,- деді Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Идрисова.

Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының тарапынан да бірнеше бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Ол туралы бізге облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Бибізада Дүйсенбаева мәлімдеді.

– Коронавирустың дүниежүзі бойынша 39 түрі белгілі. Соның 8-і ғана адамға жұқтырылатын, қалғандары жан-жануарларда кездеседі. Ал Қытайда тарап отырған вирус – бауырымен жорғалаушы, жабайы мысықтар секілді жан-жануарға тән. Әрбір адам ауруды жұқтырмас үшін алдымен гигиеналық тазалықты сақтап, қолды үнемі жуып отыру қажет. Сондай-ақ арнайы маскаларды киіп, мүмкіндігінше көпшілік жерлерге бармаған дұрыс. Тағы да қоса кетейік, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында бір бөлімді толығымен респираторлы инфекцияға қарсы қабылдайтын бөлімше етіп қайтадан жасақтадық. Коронавирустың алдын алуға екпе жұмыстарын жүргізу керек. Респираторлық екпе жұмыстарына Қызылорда облысына басқарма тарапынан 222 млн теңге бөлінген еді. Біз осымен халықтың 10-11 пайызына тұмауға қарсы екпе жасадық,- деді ол.

Әзірге Қызылорда облысынан Қытайдың Ухань қаласында оқып жатқан студенттері анықталмаған. Былтырғымен салыстырғанда біздің өңірде тұмаумен ауыратындар саны артқан. Бірақ тұмауға қарсы екпенің коронавирус кеселіне қарсы тұратындығына мамандар кепілдік бермей отыр.

Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: