Мөлтек сыр
Теледидардан берілген концертті тамашалап, кештеу демалғанмын. Дабырлаған дауыстан шошып ояндым. Көзімді ашар-ашпастан Сұраған досымның жуан дауsсын жазбай таныдым.
«Аттың сыры иесіне мәлім». Сонау мектеп қабырғасынан бірге келе жатқан пәтшағардың әлденеге қуанышты екенін гүрілдеген үнінен сездім. Жаңылмаған сияқтымын. Төргі бөлмедегі үстел үстінде сырт киіммен отырған Сұраған маған шот маңдайының астымен тесіле қарап, жымың-жымың етеді.
Ерте тұрғызғанына қитығып тұрған мен «Ұйқысынан шошып оянған аю құсап таң атпай неғып жүрсің? Әлде зоопарктен қашып шықтың ба?!» деп шағып алдым.
«Аю» атауы – Сұрағанның жанды жарасы. Бала кезімізде тығыншықтай сеп-семіз, қорбаңдаған Сұрағанды «қонжық» деп мазақ қылатынбыз. Досымның екі иығына екі адам мінсе мыңқ етпейтіндей төртбақ денесі… дүлей күші… қысқа болса да қарулы саусақтары… гүжілдеген жуан дауысы… мейірімді, алайда ашуланса морт кететін томырық мінезі шынымен де аюға ұқсайтын. Әр мүшесі қолдан құйып жасағандай аса мығым. Бірде бір топ бала бәсекелесіп Сұрағанға жабылып, белін қайыра алмағанымыз бар. Бұл болса «бел омыртқама ота жасап, темір салған, қайыра алмайсыңдар» деп бөсіп тұр. Дорақтың беті бүлк етпейді.
Тағы бірде досымның әкесі Тілегенге «Аға, «қонжық» ойнай ма?!» деп ұятқа қалған едім. Көзінің қарашығындай жалғыз ұлын балалықпен жабайы аңға теңегеніме көкеміз шамданған жоқ. Жымиып күлді де «балам-ау, досыңды қонжық десең, менің кім болғаным?!» дегені. Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. Сол сәттен бастап Сұрағанды азан шақырып қойған есімімен атайтын болдым.
Ал қазір… Сұраған сөзімді елең қылмады. Аңқылдаған қалпы «бауырым, мен үшінші мәрте немерелі болдым ғой. Уа, Алла бергеніңе шүкір! Тіл-көзден сақтасын! Тілеген әулетінің де шаңырағының түтіні өшпесінші. Қуанышымды бөлісейін деп тура саған тарттым» деп көзіне жасы іркілді.
Досымның өзі де, әкесі Тілеген де, тіпті атасы Дәнекер де кіндіктен жалқы туылып, жалғыз-жалғыздан жалғасып келе жатқанын білетіндіктен бұл сүйінші хабарға қатты қуандым. Дүлей неменің қуанғаны да біртүрлі екен. Мені айқара құшақтап, кеудесіне қысқанда қабырғам қақырап кетердей, жап-жалпақ алақанымен арқамнан тарсылдата қаққанда тура сойыл тигендей күй кештім…
Ақпейіл, аңғал досым, қуанышыңа ортақпын. Нәрестенің бауы берік болсын! Жаңа жыл жақсы жаңалықпен басталды. Алла ұзағынан сүйіндірсін! Уа, күллі тіршілік иесін жаратушы, жоқтан бар, өліден тіріні жасаушы Раббы елімізді аман, жұртымызды тыныш қылғайсың!
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!