Фото: zhaikpress.kz
“Анашым! Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп есіркеймін есіме алам,
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді,
Ақтамасам боп жүрмін несіне адам?!”
Бұл — қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың анасына жазған өлеңі. Әрине, самайына ақ түскенше бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен аналарға арналмаған өлең, жазылмаған ән жоқ шығар?!
Ана деген сөздің өзі естіген адамның жаны мен жүрегін елжіретіп жіберетін құдіретке ие. Сыйға тартылған өмір есігін ашқан сәттен бастап әр адам ана құшағында жатып, ақ көкірегінен иген ақ сүтімен нәр алады. Тұла бойын жарып шыққан баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген асыл аналардың еңбегін айтсаңшы. Туғаннан бастап бауырына басып, қойнына қысып, қанатымен су сепкен асыл да ардақты аяулы жандардың ақ сүтін қалай ақтаймыз деген ой әркімнің көкейінде бар. Өйткені әр перзент үшін ананың жүрегінен шығып, аялы алақаны арқылы тараған жан жылуының өмірлік нәрі бар. Адамды жас кезінде өскін тал деп есептесек, оны да баптамасаң, тамырынан нәр кетеді. Сол сияқты адам баласының да тұла бойына қан жүгіртіп, жүрегіне нұр себетін аналардың табаны астында жұмақтың кілті бар дейді.
Сонымен қатар “анаңды Меккеге үш рет жаяу арқалап барсаң да, парызың өтелмейді” деген сөз бар. Бұл сөздің астарын да ұғу қиын емес. Аналардың алдындағы борышымыздың өмір бойы өтелмейтіндігін осы сөз өзі-ақ түсіндіріп тұрғандай. Өсіп, ержетіп, бойжеткен соң оқу оқып, қызмет атқарып, үмітін ақтауымыз керек. Себебі, ана бізге өмір сыйлады, жарық дүниенің не екенін ұғындырды, бақты, өсірді, бағыт берді. Мені өмірге әкелгенің үшін “Рақмет саған, анашым!”дегім келеді.
Назерке Бақытбек,
Қорқыт ата атындағы
ҚУ-дың 1-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!