Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызғаныш деген қызыл ит

09.02.2023, 10:40 1091

Адам баласы дүниеге келгенде онымен бірге сан алуан мінез де бірге туады. Әрине, кей мінез уақыт өте келіп пайда болып, кейін ол дағдыға айналып жатса, ал кейбір мінез туабітті пайда болып, адам одан қанша арылайын десе де арыла алмай жатады. Ондай туабітті пайда болатын мінездердің қатарына қызғаныш сезімі де жатады. Иә, сәби дүниеге келген сәтте-ақ анасын басқалардан қызғана бастайды, есін жия келе ойыншықтарын, достарын, тіпті ата-әжесін де ешкіммен бөліскісі келмейді. Мұндай сәтте балаға «Қызғанба, ол – сенің жекеменшік затың емес» деп айту көмегін беруі екіталай. Себебі әлі оң мен солын ажырата алмайтын бала оны түсінбеуі әбден мүмкін. Ал бұғанасы қатып, өз қолы өз аузына жеткен ересектердің, әсіресе ерлі-зайыптылардың бір-бірін қызғануы қаншалықты дұрыс? Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, ері мен әйелінің бір-біріне деген қызғаныш сезімі бір жағынан жақсы болса, екінші жағынан қауіпті. Қауіпті дейтін себебіміз, егер ол қызғаныш шегінен асып, қызғаншақтыққа емес ауруға ұласып кетсе, ер мен әйелінің арасында дау пайда болуы шүбәсіз. Әрине, дінде Пайғамбар Мұхаммед (с.а.у) «Әйелін қызғанбайтын еркек менің үмбетімнен емес» деген. Сонымен қатар хадистерде «Алла Тағала қиямет күні үш кісіге қарамайды. Олар ата-анасын ренжітіп, теріс бата алғандар, өздерін еркекше ұстайтын еркекшора әйелдер мен өздерін қатын сияқты ұстайтын еркектер, әйелін қызғанбайтын еркектер» деген.

Иә, жөнімен болған қызғаныш сезімі жұбайлар арасында сүйіспеншілік орнатады. Әсіресе, әйел адам іштей «Мені жақсы көреді екен ғой» деген ризашылыққа ие болады. Ал соқыр қызғаныш тіршілікті тамұққа айналдырады. Көлеңкеден қызғану, ұялы телефонға қарағаннан қызғану, жөнсіз тиісу, көрінгеннен күдіктену секілді әрекеттер уақыт өте келе арадағы сезімді солдырып, қол жұмсауға, бір-біріне деген сезімнің емес сенімсіздіктің өршуіне алып келеді. В.Даль мен С.Ожеговтың сөздіктерінде «Қызғаныш – жақсы көретін адамыңның адалдығына, сүйіспеншілігіне деген азапты да соқыр күдік» деп бекер айтпаған. Әсіресе, бүгінгі  қоғамда  жұбайлар бір-бірінен  көп  күдіктенетін болған. Оған бірден-бір себеп – әлеуметтік желі. Әлеуметтік желіге сурет салып, өзінің өмірін жария еткенді біреуі түсінсе, енді біреулері теріс түсініп, әйеліне немесе еркегіне өзгенің назары түсіп қоя ма деп іштей қорқады әрі күдіктенеді. Қайта-қайта телефонын тексеру, хаттарын оқу сынды ерсі әрекеттер осындай екеуара сенім болмаған жағдайда пайда болады. Әрине, мұндай жағдайдың соңы өкінішті оқиғамен  аяқталуы  мүмкін.

Қызғаныш сезімі – адамдарда ғана емес, жан-жануарларда да кездесетін табиғи құбылыс. Еркегі ұрғашысын, ұрғашы мал төлін қызғануы заңды. Кей жағдайда еркек жануарлар да ұрғашысын қызғанып, өзара тістесіп, тебісуі мүмкін. Бірақ оларда ойлау, сабырлық таныту сынды қасиет болмаған соң бұл қылықтары орынды. Ал адамның бір-біріне деген қызғанышын тежеп отыру үшін, біреумен араласқанының байыбына барып, түсіну үшін ойлау мен сабырлық, түсіністік таныту сынды сезімдер берілген. Қызғаныш адамды әдемі гүл секілді жайқалтып, өз-өзіне деген құрметін арттыру керек, керісінше адамды үйден шығармайтындай жағдайға жеткізбеу керек. Бүгінде ерлі-зайыптылардың арасындағы қызғаныш ең күрделі мәселеге айналып отыр. Өйткені көптеген дау-дамай тап осы қызғаныштан туындап, ақыр аяғында әйелін өлтіріп тастапты, әйеліне қорлық көрсетіпті деген жаңалықтарды бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, естіп жатырмыз. Тіпті кей жағдайда күйеуі әйелін қызғанып жұмысқа да, құрбыларымен араласуға да тыйым салады. Әрине, әйел адам айналадағы адамдармен араласып, қарым-қатынас орнатқысы келеді. Екі жақтың келіспеушілігі салдарынан осындай өкінішті жағдайлар болып жатады. Негізінде ерлі-зайыптылардың арасында күдіктен гөрі, ізгі қарым-қатынас, қалтқысыз қамқорлық, ықылас пен ниет болса, бір-біріне деген сенім де, сезім де өрши түседі. Ал күдік – адамның ішкі дүниесін қоймай кеміретін жегі құрт. Қоғамда күйеуі әйелінің, әйелі күйеуінің басқан ізін аңдып тіршілік ететіндер қаншама?! Мұның барлығы сенімнің болмағандығынан. Егер сенім болмаса, күдік күн санап өрши береді. Күдік қызғанышты пайда қылады. Қызғаныш – санаңды билеп, тіршілігіңді талқандар тасқын. Ол биіктен басталған селдей жолындағының бәрін жайпап өтеді. Ол жайпап өткеннен кейін тек қайғы-қасірет қана қалады. Тек бір күдікке ерік беріп, ерлі-зайыптылар бір-бірін қызғанып, қайғы-қасіретке, ұрыс-керіске жол беруге болмайды. Іштей жанын жейтін күдікті алға тартып, оны қызғанып жатырмын деп ақтау да ақылды адамның әрекетіне жатпайды. Бұл орайда әйел де, еркек те сабырлы болып, бір-бірімен ашық сөйлесіп, арада бөтен құпия сақтамауы тиіс.

Әрине, махаббат мәселесіндегі қызғаныш қиынырақ. Бұл жерде әйелдікі қате, еркектікі дұрыс деп, я болмаса еркектікі қате, әйел дұрыс жасайды деп шешім шығаруға да болмайды. Себебі ерлі-зайыптылардың арасында болып жатқан жағдайды тек екеуі ғана біледі. Бір айтарымыз, қызғаныш – әлеуметтік өмірдің, қоғам толқынының барлық қатпар-қалтарысын қамтиды. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Ескендір» поэмасында да «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен, Македония шаһары оған мекен, Филип патша баласы ер көңілді, Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен» деп басталады. Міне, осы мақтаншақ, қызғаншақ Ескендір патша бола салып, айналасындағы ел-жұрттың барлығын қыра бастайды. Себебі қызғаншақтық ашкөздікке, тойымсыздық пен ынсапсыздыққа жол береді. Бәлкім бұл жерде патшаның дүниеге деген қызғанышы жырланған болар. Алайда адамның арасындағы қызғаныш та осындай мінездерді тудыруы ғажап емес. Отбасындағы ерлі-зайыптылардың болсын, басқа да адамдардың арасындағы қызғаныш болсын шектен шығып кетсе, рухани дертке ұшырауы мүмкін.

Осы орайда мына мәселені естен шығармағанымыз жөн. Қызғаныш бір жақтан ғана болмайды. Ол – әйелге де, еркекке де тән қасиет. Тек әрқайсысы қызғанышын әртүрлі көрсетуі мүмкін. Тіпті психолог мамандар да ер мен әйелдің қызғануы екі түрлі екенін анықтаған. Әйел адамның қызғануы өзіне бұрынғыдай көңіл бөлінбеген кезде, жылулық болмаған кезде пайда болады. Мұндай кезде әйел адам қиялға ерік беріп, жаман ойларға ұрынып, ерін қызғана бастайды. Ал ер адамда «тек менікі» деген психология басым болады екен. Сол себепті оларда әйелі үйден рұқсатсыз шығып кетсе, я болмаса бөтен еркекпен сөйлессе, қызғана бастайды.

Екі жақтың бір-бірін сүйіспеншілікпен қызғануы көз қуантарлық жайт. Алайда осы қызғанышты да кемерінен асырмай, ерлі-зайыптылар бір-біріне сенім артып, отбасының ойранын шығармайтын әрекет жасаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Айжан  НҰРМАНБЕТ,

Әл-Фараби  атындағы  Қазақ  ұлттық  университеті,

Философия  және  политология  факультетінің

4-курс  студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: