Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасымен түрлі аспапта ойнайды

27.11.2025, 9:40 367

Өмір – өлшеулі, өнер – өміршең. Талант – адамзат баласымен бірге туып, бойына сіңетін ізгі қасиет. Мұндайды ата-бабаларымыз «тума талант» деп баға береді. Тағдыр талайында әркімнің өмір соқпағы әртүрлі болатыны заңдылық. Дегенмен, өнерге деген шынайы көңіл, ақжар­ма  ниет  өзгермейді.

Өнерге қызығушылығы бар от­басылардың бірі – Сәбит Сатқанбай отбасы. Отағасы Сәбит Ханзадаұлының негізгі қызметі құқық қорғау сала­сында болса да, өнерден алыс кеткен емес. Тиісінше етене жақын. Ол – қоғамдық тәртіпті күзе­тіп, азаматтардың құқығын қор­ғаумен қатар, шығармашылықтан қол үзбей жүрген полиция пол­ковнигі. Қыз­мет пен шығармашы­лық бір-біріне жат ұғымдай көрінгенімен, олар тамаша үйлесім табатыны көпке мәлім. Антына адал, өнерге жақын полиция полковнигі әртүрлі аспапта шебер ойнайды. Кейіпкеріміз – сертке берік тәртіп сақшысы ғана емес, бойына өнердің киесін сіңірген азамат. Ол түрлі музыка­лық аспаптың бабын тауып, қалай меңгеру керектігін өзінен ке­йінгі  жастарға  үнемі  айтып  келеді.

Қазақта «Жігітке жеті өнер де аз» деген даналық сөз бар. Расымен де, қабілет қарымы жетіп, өнердің кие­сін, сөздің қасиетін, ерге тән елдің құндылығын бойына жиып жүрген ер-азаматтарымыз жетіп артылады. Әсілінде бұл туған жерден дарыған дарын болса керек. Кейіпкеріміздің туған  жері Шиелі  ауданы – өнер мен мәдениеттің ошағы. Өлең мен жырдың  құттыханасы  саналады.

Сыр өңірі – күллі қазақ даласына өнер мен өлеңнің, батырлық пен ақындықтың туын тіккен ордасы. Сондықтан да болар, бұл өлкеде туған әрбір перзент өнерге бір қадам жақын  тұратыны.

Сәбит Ханзадаұлы Шиелі ауданында дүниеге келген. 1996 жылы Бестам ауылындағы №205 мектепті бітіргеннен кейін, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы  қазақ-түрік университеті­нің Заң факультетін заңгер мамандығымен тамамдаған. 2000-2001 жылы әскер қатарында болып, азаматтық  боры­шын абыроймен аяқтап, елге орала­ды. 2003 жылы Шиелі АПб-де учас­келік полиция инспекторы болып, лейтенант шенімен алғашқы еңбек жолын бастаған. Ол мектеп қабыр­ғасында жүргенде түрлі қазақы аспап­та ойнап, өнерге жақын болып өседі. Бала Сәбиттің өнерге бетбұруына анасы Құрманай Бостандықтың  түрлі үйірмеге сабақ беруі себеп болса керек-ті. Анасы – ұзақ жыл білім саласында еңбек еткен ұлағат иесі. Саналы ғұмырын сапа­лы білім беруге арнаған ұстаздың шәкірттері бүгінде еліміздің түк­пір-түкпірінде қызмет істеп жүр. Әкесі Ханзада Сатқанбаев – энергетика саласында көп жыл бойы қажырлы еңбек еткен азамат. Ауданның энергетика саласында өз қолтаңбасын қалыптастырған майталман маман­ның еңбек жолын өзінен кейінгі әріптестері үлгі тұтып келеді. Қазіргі уақытта Сәбиттің ата-анасы екеуі де зейнет жасында. Немерелердің қызығы­на бөленіп, ел ертеңі жолына тілектестік білдіріп отырған шуақты шаңырақ  иелері.

Бүгінгі күні Сәбит Ханзадаұлы жұбайы Гүлзада Әмірова екеуі 5 ұл тәрбиелеуде. Балалары бос уақытында өнерді серік етіп, баян, домбыра, гитарада ойнап, ән салады. Өнерлі отбасы 2023 жылы Астана қаласында өткен «Өнегелі отбасы» атты республикалық байқауға қатысып, жүлделі орынға ие болды. Бұл отбасының ғана емес, өңірдің де жеңісі  мен  жемісі еді.

Баласы Сырым ән айту өнерімен түрлі халықаралық байқаудың жүлдегері атанып жүр. Нұрбақыты – Алматы қаласында Абай атындағы университеттің  3-курс  студенті. Ол да өнерге етене жақын. Нұрғасыр – Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің 2-курс студенті. Екеуі де оқу орындарында әртүрлі аспапта ойнап, ән салып, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Сырым мен Нұрым – Қызыл­орда қаласындағы №271 мектепте озат оқушылар. Олар да мектеп қабырғасында түрлі іс-шараға белсене атсалысады. Кенжесі Бектөре – балабақшада. Алма да ағашынан алыс түспейтіні секілді, ол да болашақта музыкалық аспаптарды меңгерген маман  болуы  әбден  мүмкін.

Міне, екі саланы қатар алып жүру – кез келгеннің қолынан келе бермес қасиет. Ал Сәбит бұл жолда аяғына тік тұрған жандардың қатарында. Бала кезінен жауапкершілікті серік еткен ол әділдік жолын таңдады. Қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқығын қорғау оның басты міндеті болса, өнер – шынайы ниеттің көңіл қалауы. Оның жүрек түкпіріндегі өнерге деген сүйіспеншілігі ешқашан сөнген емес. Күнде­лікті жұмыстан кейін шаңыраққа келе сала шығармашылықпен айналысуды  дағдыға  айналдырған.

Қазіргі уақытта ол Қызылорда облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарады. Полиция бөлімінде өтетін мәдени іс-шара­ларда белсенділік танытып, әріптестерін де өнер мен мәдениеттің салтана­тына бөлейді. Әрбір іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне айрықша қолдау көрсетіп келеді. Өзінің айтуын­ша, темірдей тәртіп пен шығармашылық – бір-біріне кереғар ұғым емес, керісінше, бірін-бірі толық­тыратын құстың қос қанаты іспетті.

– Өнерімнің қызметіме ешқандай кері әсері жоқ. Тиісінше маған күш-қуат береді. Әрине, кез келген мамандықтың өзіндік қиыншылығы мен қызықшылығы қатар жүреді. Бірақ мен өз ісімді жақсы көремін. Жандүнием шығармашылыққа жа­қын болғандықтан, адамдармен тіл  табысу да оңай. Бірақ ең бастысы – қандай жағдай болсын, антқа адал болу. Бұл – менің өмірлік ұстанымым, — дейді  ол.

Ол қызметінің қиындығына қарамас­тан,  бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөліп келеді. Жай ғана әке емес, өнерді дәріптеп, отбасы­ның шығармашылық жолын қолдайтын жанашыр жан. Олардың шаңырағы – тек береке мен бірліктің емес, өнердің де ордасы. Көпшілік іс-шараларда отбасы мүшелері бірге өнер көрсетіп, бір-біріне демеу болады. Сәбиттің өмірі – тәртіп пен шабыттың, қызмет пен шығармашылықтың  үйлесімді  үндестігі.

Бұл – өмірін адалдыққа, қызметін жауапкершілікке, жанын өнерге арна­ған азаматтың жүрек сөзі. Өнер жасқа, ұлтқа, қызметке қарамайды. Ол – әрбір адамның басына қона бермейтін  бақыт.

Әсемпаз  болма  әрнеге,

Өнерпаз  болсаң,  арқалан.

Сен  де  бір  кірпіш  дүниеге,

Кетігін  тап  та,  бар, қалан!

Хәкім Абайдың осы бір өлең жолдарының астарында аласармас ақиқат  жатыр.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер:
  • Сатканбай Сабит Шиели ауданынын тумасы!Оте онерли онегели азамат.Бир салада жумыс жасастык Алла отбасына амандык саулык тилеймин.Жасап жаткан бейнетинин зецнетин коруди Алла насип етсин.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: