Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасымен кино көресіз бе?

06.06.2025, 7:00 205

HALYQLINE.KZ

Алда демалыс күндер жақындап келеді. Ал сіз демалысты пайдалы өткізіп жүрсіз бе? Әрдайым «даму», «жұмыс» деп демалысты да ұмытпаған жөн. Әр сенбі отбасымен кино қарап, демалатын күн деп белгілесеңіз артықтық етпейді. Осы орайда, отбасыңызбен тиімді уақыт өткізу үшін назарларыңызға қызықты кино туындылар ұсынамыз. Отбасыңызға әсерлі көңіл күй сыйлаңыз.

Бұл кино өмірден алынған оқиға желісімен түсірілген. Сіз үшін мотивацияға толы фильм болуы мүмкін. Бұл – «Паралимпиадашы» фильмі. Басты кейіпкер Мақсат Қуанышбаев – жастайынан жарыста жалындап, жеңісті армандаған кәсіпқой шаңғышы. Спорт көп пайда әкелмейтіндіктен, кәсіпкер ағасына жарнама түсіру арқылы ақша тауып, жазушы, сұлу қыз Камилламен үйлену тойына ақша жинайды. Бір күні бала кезден бірге өскен досымен көлік апатына түсіп қалады. Досы қайтыс болып, өзі аяғынан айырылып қалады. Ғашығы мүгедек адамның әйелі болғысы келмейтіндігін айтып кетіп қалғанда Мақсатқа үлкен соққы болады. Паралимпиада құрамасының жаттықтырушысы басты кейіпкерге ұзаққа созылған депрессиядан шығуға көмектеседі, ол оны қайтадан шаңғы тебуге шақырады. Ал әрі қарай не болғанын білгіңіз келсе, міндетті түрде бұл фильмді көріңіз.

Келесі фильмнің атауы – «Әпке». Жетім қызды Башкир ауылы өз қамқорлығына алады. Мустай Каримнің шығармасы желісінде түсірілген әскери драма сізді жылатпай қоймайды. Кино көріп отырып оқиға қазақ ауылында болып жатқандай әсер аласыз. Өте керемет фильм.

Келесі көретін киноңыз «12-ші сәтсіздік» деп аталады. Үндістан полициясына жұмысқа тұру үшін емтиханға дайындалып жүрген кедей отбасынан шыққан ауыл баласының оқиғасы. Бұл мақсатқа жету оңай емес, дегенмен, бас кейіпкер барлық кедергілерге қарсы тұрып, қайсарлық пен шыдамдылық танытады. Фильм шынайы оқиғаға негізделген. Фильмде өзіңе деген сенімділік пен қайсарлық мақсатқа жету жолында барлық қиындықты жеңетіні көрсетілген.

Кореялық фильмдерді көріп жыламау мүмкін емес шығар. Сондай әсерлі кореялық киноның бірі – «Аға» фильмі. Ту-ёнг – танымал жас спортшы. Дзюдо шебері, ұлт мақтанышы. Кезекті жарыс кезінде ол бақытсыздыққа ұшырайды. Жарыс кезінде сәтсіз құлап, жігіт соқыр болып қалады. Ағасы Ту-щик түрмеден ерте шығу үшін інісінің мүгедектігін сылтауратады. Нәтижесінде, бұрынғы тұтқын Ту-щик бір күні спортшы інісінің үйіне барып, оған енді олар бірге тұратынын айтады. Дегенмен, соқыр бауыры ағасына әншейін сылтау еді. Ту-ёнгтың ауыр тағдырын қалай жеңетіні, фильмнің соңы өте әсерлі. Өте қызықты кино.

«Соңғы демалыс» қазіргі көп әйелдің күнделікті өмірін бейнелеген фильм деуге саяды. Джорджия Берд ас үй ыдыстарын сатушы болып жұмыс істейді. Ол өмір бойы ақшасын үнемдеп, өзін шектеп келеді. Бірде, ол өзінің күндері санаулы екенін күтпеген жерден біліп,  көптен бергі арманын жүзеге асыруға бел буып, атақты еуропалық курортқа кетіп қалады. Жоғалтатын ештеңесі жоқ екенін түсінген Джорджия өзін өте еркін ұстай бастайды. Демалысын қызықты өткізіп жатқан Джорджия кенеттен бір жағдайға тап болып, өмірі күрт өзгереді. Ал фильм соңы қалай болатыны қызық болса, көруге асығыңыз. Сіздің өмірге деген құлшынысыңызды арттыруы мүмкін.

Демалыста көретін тағы бір фильміңіз – «Емтиханды қалай бұзуға болады?». Лос-Анджелес қаласының орталығындағы жеке мектепте әр таң сайын өкілдік машиналары тізіліп тұрады. Мұнда элитаның балалары оқиды: банкирлер, саясаткерлер, кино жұлдыздары. Олардың бүкіл проблемасын ата-аналары баяғыда-ақ шешіп қойған. Тек бір ғана мәселе қалды, олар қорытынды емтихан тапсыру керек. Ол үшін оларға өздерінен төмендеу біреу керек. Өте ақылды және жайлы орын үшін бәрін жасауға дайын адам. Кедей отбасынан шыққан жаңа оқушы – солардың бірі. Тек зұлым данышпанның өз жоспарлары бар. Қызықты фильм.

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

 Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: