Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасылық өмірге қадам осы жерде басталады

03.07.2025, 7:20 256

Расын айту керек, бүгінде отбасы тақырыбының ауқымы кең. Бала тәрбие­сінің жетіспеушілігінен «Зумер» балалар тәртіпсіздікке бой алдырып, неше түрліні істеуде. Онымен қоймай, жаңа қосыл­ған жас жұбайлар арасында кикілжің көп, сәйкесінше статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары ажырасу оқиғасының саны артқан. Осының бәрі дерлік – отбасының ортақ проблемалары. Бұл мәселенің шешімін жан-жақты қарау қажет. Психологиялық тұрғыдан бастап, идеологиялық шешімге  дейін.

Аталған мәселенің алдын алу жөнінде ресми органдармен қатар рухани орталықтар ашу да күн тәртібінде тұр. Бұл мақаламыз да сол жобаның негізінде ашылған «Отбасы орталығы» туралы болмақ. Өңірімізге белсенділігімен белгілі Айдана Хабиева бастаған ұжым өз жұмысын өте жақсы атқарып келеді, бірте-бірте нәтижесін  көріп  жатқандар  да  бар.

Қызылорда қаласының жүрегінен орын тепкен «Отбасы орталығы» – заман талабына сай, көпшіліктің сұранысына жа­уап беретін, ұлттық тәрбие мен тұрмыстық тұрақтылықты ұштастыра білген жөні бөлек, ерекше жоба. Қысқа қайырғанда, жұбайлық жауапкершіліктің, ата-ана болу­дың, болашаққа қадам басудың мектебі десек те артық емес. Мұнда жас жұбайлар маңызды шешімдерін сеніммен қабылдауды үйренеді, сондай-ақ, өз рөлдерін тереңірек түсініп, алдағы уақытта олқылықтарға жол бермеуге бағыт алады. «Отбасы орталығы» өз кезегінде отбасыларға дұрыс бағдар көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл орталық қоғамдағы шаңырақ ұғымының қадірін арттырып, әрбір отбасының тұрақтылығы мен бақыты үшін қызмет ететін бірегей кеңістікке айналып отыр.

«Отбасы орталығының» басты ерекшелігі – неке сарайы. Қызылордада бұрын-соңды неке қиюға арналған жеке орталық болмағаны бәрімізге белгілі. Яғни, осыған дейін жас жұбайлар өзінің неке куәліктерін мейрамханаларда, табиғат аясында алатын. Бүгінде бұл рәсім жаңа сипат, тың мән-мағына алды. Сәні мен салтанаты жарас­қан «Неке сарайы» жас шаңырақ иеле­рі  үшін  есігін  айқара  ашты.

Аймақтың 85 жылдық мерейтойы мен Қала күні аясында пайдалануға берілген бұл нысанның шымылдығын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың өзі ашқан. Облыс әкімі өз кезегінде халықты жаңа орталықтың жұмы­сымен құттықтап, мерекелік күндерде қала көркін келтірген сәулетті ғимар­аттар мен аллеялар өңірдің даму қарқынын айқындайтынын алға тартты. Ол жұмыстың нәтижесін бүгінде көріп отыр­мыз. Одан бері қалада халықтың рухани әлеуетіне жұмыс істейтін біршама ғимараттың  негізі  қаланды.

Осы тұста «Анаға тағзым» орталығы директорының отбасы және керативті индуст­рия жөніндегі орынбасары, «Отбасы орталығының» меңгерушісі Айдана Марат­қызының өзімен тілдескен едік. «Жаңадан шаңырақ құрғалы жатқан жастарға әлеуметтік-рухани көмек көрсету – біздің басты мақсатымыз»  дейді  ол.

Орталық меңгерушісі сонымен қатар отба­сы имиджін  жаңғыртуды көздейтін­дігін  айтады. Және де кейбір отбасының ажырасуына  әсер  етіп отырған  қар­жы мәселесінің алдын алу мақсатында қаржы­лық сауат­тылықты қос жасқа тереңірек сіңіру  керектігін  де  жасырмайды.

Жалпы, орталық біршама бөліммен қамтылған. Олар – «Отбасы», «Креа­тивті индустрия», «АХАТ»  және  «Бақ  мекені»  кеңес  беру  бөлімі.

«Отбасы» бөлімінің басты мақсаты – отба­сы құндылықтарын қалыптастыру, ене мен келін, абысын, құда-құдағилар арасындағы қарым-қатынасты орнықтыру. Қысқасын айтқанда, жаңа отбасыда коммуникация құру болып саналады.

Ал «Креативті индустрия» бөлімі үйде отырған ана мен келінге коммерциялық бағыт арқылы пайда табуды үйретуді көздейді. Айдана Хабиева өз кезегінде креа­тивті индустрия саласын дамытуды Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі қолдайтынын айтады. Бұл бөлімде қазір төрт  маман  қызмет  атқарады.

Одан кейін «АХАТ» бөлімі міндетті түрде тіркелуді керек ететін туу, некеге тұру, некені бұзу, ұл-қыз асырап алу, әкелікті тану секілді көлемді нәрселерді заңды түрде рәсімдеумен айналысады. Яғни сегіз мәселе бойынша  мемлекеттік  тіркеуді  рәсімдейді.

Ал «Бақ мекені» бөлімі жас жұбайларға жан-жақты кеңес беруді көздейді. Оның ішінде қазақы қарашаңырақ идеясына тереңі­рек басымдық берілген. Сонымен қатар, жастарға жаңа жобаларды насихаттауды діттейді. Мәселен, бұл бөлім «Отбасы банкімен» тығыз байланыста. Банк мамандары жас жұбайларға жүріп жатқан жобалар төңірегінде қалай үй алу керектігі бойынша кеңес береді. Бөлім «Мансап» орталығымен де келісімге отырған. Бұл орталық жаңадан тұрмыс құрушыларға жұмыс мәселесімен көмек көрсетеді. «Бақ мекенінің» серіктесі көп. Жастар ресурстық орталығымен де өзара келіссөз жүргізілген. Орталық «Бақ мекені» бөліміне қоғамдық жұмыс бойынша септігін тигізеді. Сондай-ақ, құқық­тық-консалтингтік  жәрдем  береді.

Қазіргі сәтте, нақтырақ айтқанда, «Отбасы орталығы» «Анаға тағзым» орталығының филиалы ретінде жұмыс істейді. Қаңтар мен маусым аралығында Қызыл­ордадағы «Отбасы орталығы» 150-ге жуық салтанатты рәсімге куә болды. Балаға ат қоюдан бастап, некені заңдастыру, зейнет­ке шығу сынды кезеңдердің барлығы осы орталықтың қабырғасында жаңа мазмұнмен, ұлттық сипатпен өріліп өтуде. Осы кезеңде 338 туу туралы куәлік, 63 неке қию куәлігі, 20 жеке куәлік және 1205 жасына байланысты зейнетақы куәлігі табысталды.

Атап айту керек, қазіргі таңда Сыр өңі­рінде 141 мыңнан астам отбасы бар. Оның 48 мыңы көпбалалы ана болса, 17 мыңға жуығы – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері. Бұл – туған өлкеміздегі отбасылық құндылықтардың мызғымас тірегі екенін білдіреді. Енді сол рухани байлық пен әлеуметтік тұрақтылықтың нақты орталығы осы «Неке сарайы»  болатынына  шүбә  келтірмейміз.

Перизат  ЗАХРАДИН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: