Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасы – тек дүниелік тыныштық үшін емес, ақыретке азық жинайтын жер

24.06.2025, 8:50 243

HALYQLINE.KZ

Адам баласына берілген ең үлкен нығметтердің бірі – отбасы. Отбасы – тек бір шаңырақ астында өмір сүретін адамдар тобы ғана емес, бұл – жүректердің бірлігі, жандардың тыныштығы, өмірдің берекесі. Ислам осы бір шағын қоғамға айрықша мән беріп, ер мен әйелдің міндетін айқындап, бала тәрбиесінің іргетасын бекітіп берді.

Құранда Алла Тағала: «Сендерге өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салуы – Оның белгілерінің бірі» дейді. Бұл – отбасының мәнін түсіндіріп тұрған аят. Яғни некенің түпкі мәні – тыныштық пен рақымда, жақсылық пен кешірімде. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің олқысын жауып, жақсысын асырып, өмірдің сан қилы кезеңінде бірге сабыр қылуы – ислам талап еткен үлгі.

Өкініштісі сол, бүгінгі қоғамда отбасылық құндылықтар әлсіреп барады. Бір кездері үлкенге ізет, кішіге мейірім болатын шаңырақтарда бүгін үнсіздік пен түсінбеушілік орнады. Тіпті кейбір жандар өмірлік серігін Алланың берген аманаты ретінде емес, өткінші сынақ немесе жай қажеттілік деп қабылдап жүр. Мұның артында рухани жұтаңдық пен тәрбиелік бос кеңістік жатыр.

Имам ретінде бізге келген жамағат арасында түрлі сұрақ жиілеп кетті. «Ұлым айтқанға көнбейді», «Қызым намаз оқымайды», «Күйеуім отбасыға салқын қарайды», «Әйелім шүкірсіз» деген уайымдар көбейді. Бұл – жеке отбасылардың ғана емес, тұтас ұлттың рухани ахуалына берілген белгі. Себебі отбасы – ұлттың тамыры. Тамыр әлсіресе, ағаш қурайды.

Ислам отбасын тәртіп пен сүйіспеншілік негізінде құрды. Ер – отбасының қорғаны. Әйел – жүрегінің жылуы. Балалар – Алланың аманаты. Ер адам шариғат бойынша жауапкершілікті мойнына алса, әйел адам мойынсұнушылық пен инабаттылықты сақтаса, үйде тыныштық пен береке орнайды. Бірақ бұл міндеттер – жүктеме емес, керісінше жүрекпен атқарылатын ғибадат. Себебі Алла алдында әркім өз отбасына жауапты. Қыз тәрбиесі – елдің болашағы. Ұрпақ өнегесі ата-ана тілінен бұрын ісінен көрінеді. Балаға мың ақыл айтқаннан гөрі, бір рет намаз оқып тұрған ата-ананы көру әлдеқайда әсерлі. Бесіктегі сөз бес рулы елге жететінін ескерсек, бүгін бесікке айтылған жыр ертеңгі қоғамның рухани үні болмақ.

Мешіттерімізде жастар көбеюде. Бұл – қуанышты жайт. Бірақ сол жастардың жүрегінде отбасына деген жауапкершілік те қатар өсуі керек. Себебі мешітке келген иманды жас – ертең бір әулеттің тірегі. Оған Алланы тану аздық етеді, Алланың жүктеген міндетін де түсіну қажет.

Отбасы – тек дүниелік тыныштық үшін емес, ақыретке азық жинайтын жер. Күйеу мен әйел – бір-бірін жәннатқа жетелейтін серіктес. Бала – ата-анасының тірі кезінде де, бақилық болған соң да сауап әкелетін себеп. Осындай көзқарас қалыптасса ғана отбасы нағыз рухани мекенге айналады.

Алла Тағала еліміздегі әрбір отбасыға береке, мейірім, сабыр және иман нәсіп етсін. Әр шаңырақта Құран үні естіліп, әр жүректе Алланың аты жаңғырып тұрғай. Ислам – мешітпен ғана емес, отбасы тыныштығымен көрінсін.

Нұрлыбек  НҰРСЕЙІТОВ,

«Хазіреті  Осман»  мешітінің  бас  имамы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: