Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасы – бақыт мекені

06.01.2026, 9:40 48

Отбасы – шағын мемлекет. Отанның іргесі сол отбасы мүшелерінен құралады. Жарасымдылыққа құрылған отбасыда бақыт пен бере­ке орнығады. Әлдилеген сәбидің күлкісі, тәрбиелі ұрпақтың өнегесі көрініс береді. Ислам дінін берік ұстанған халқымыз ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбере сүйіп, Алланың бергеніне шүкіршілік етіп, ғұмыр кешіп келеді. Мұның басты сыры ақ некені құрметтеп, отбасыны бағалап, жанұя құндылықтарын сақтаудан тұрады. Тереңге ой жүгіртсек, отбасыда тату-­тәтті өмір сүрудің тетігі отбасы құндылығын, имандылық қасиеттерін жақсы  қалыптастырумен  келеді.

Сонау ықылам заманнан бері бабаларымыз шаңырақты шайқалт­пай, отбасыны ыдыратпай, ұрпақ сүйді, іргелі ел болды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Некелесу – менің сүннетім. Кімде-кім сүннетімді орындамаса (бас тартса), менен емес. Үйленіңдер. Өйткені мен қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін» деп айтқан. Отбасының бақытына, шаңырақтың шаттығына, берекенің бастауына, татулықтың тұрақтылығына бастайтын бірнеше құндылықты  сөз  ете  кетсек…

Әрбір жас шаңырақ иесі әуелі ақ неке қиғаннан бастап, өзара сүйіс­пеншілік пен түсіністікті әрі сыйлас­тықты алдымен қалыптастыра түсуі қажет. Алла Тағала «Рум» сүресінің 21-аятында: «Сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа махаббат пен мейірімділік сезімін ұялатты. Ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар» деп баян еткен. Аталған аят отбасылы жандар арасында сүйіс­пеншілікпен бірге мейірімнің биік  тұру  керектігін  аңғартады.

Мұсылман адам ең әуелі өзіне Пайғамбар өмірін өнеге тұтады. Ардақ­ты Пайғамбарымыз (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) – адамзатқа үлгі етіп жіберілген жан. Сахабаларына отбасы мүшелерімен әрдайым жақсы мәміледе болуға көп насихат еткен. Алланың берген аманатына, яғни жанұя мүше­леріне мейірімділік көрсетіп, оларға көркем түрде қарым-қатынас  жасау­ды көп айтатын болған. Бір хадисте: «Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болған­дарың»  деген  (имам Термизи).

Ері әйелін құрметтесе, әйелі ерін ардақтап сыйласа, ондай шаңыраққа Алланың нұры, берекеті түседі. Дана халқымыз:

«Екі жақсы қосылса,

Ай мен күндей жарасар.

Екі жаман қосылса,

Ырылдасар, таласар», — деп қандай  жеткізіп  айтқан.

«Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген өмірлік тәжірибеден алынған сөз бар. Расында солай. Кісі баласының кемшілігі де, ашуға бой алдыратын кезеңі де болады. Кемшіліксіз пенде болмайды. Әйтсе де, ерлі-зайыпты арасында аз-кем ашу-реніш туындап жатса, бір-біріне оң көзқарас танытып, ашу сәтін жеңе білуі тиіс. Бұл – жақсы адамның сипаты. Кешірімді болу – иманды жанның көрінісі. «Жақсы адамның ашуы – шай орамал кепкенше» деген екен бабаларымыз. Жақсы адамда кек, реніш тұрмайды. Отбасы арасындағы өкпе-назды ұмыттыратын ең жақсы қасиет – кешірімділік. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс емес» деген. Отбасыға ең керек құндылық – өзара  кешірімді  бола  білу.

Иә,  ерлі-зайыпты арасында мейі­рім орнықса, кешірімді болу бас­ты қағидатына  айналса, ондай отбасыда  жақсы  ұрпақ тәрбиелене­ді. Отба­сы құндылығының ең бас­тысы – дүниеге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеп өсіру. Ұлылардан жеткен сөздің бірінде: «Балаңды тәрбиелеме, алдымен өзіңді түзе. Балаң саған қарап  бой  түзейді»  делінген  екен.

Әрбір ата-ана бала-шағам бақытты болса екен, үбірлі-шүбірлі болсам деп аңсайды, армандайды, мақсат етеді. Қазақ халқында екі жас үйлен­се, ең әуелі үлкендерден бата алып беру дәстүрі бар. Ақсақалды қария­дай, ақжаулықты әжедей олар да өсіп-өнсін дегені ғой. Ата-ана дүние­ге әкелген ұрпағына жақсы тәрбие беруге міндеттеледі. Тәрбие­сіз өскен ұрпақ әке-шешесін ұятқа қалдырып, жүзін жерге қаратады. Мұның алдын алу үшін халқымыз ықылым кезеңнен  ұрпақ тәрбиесіне аса ден қойған. Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыл­арыңды отыны адамдар мен тастардан  болған  оттан (тозақтан) құтқарыңдар» делінген («Тахрим» сүресі, 6-аят). Бұл аят үлкен жүк артып отыр. Ұрпақтан опық жемеудің жолына үндеуде. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген екен. Бесіктегі сәбиінің тәрбиесіне мән бәрмеген ата-ана ертеңгі күні өзіне де, отанына да зиянын әкеледі.  Мына  ғибратты  оқиға  осыны  еске  салғандай.

Хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) халифалығы кезінде бір адам оған баласын ертіп келіп: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Мынау – менің ұлым. Өзіме қарсы шығып, жапа шектірді» деп шағымданады. Омар балаға қарап: «Құдайдан қорық­пайсың ба? Баланың әке-шешеге қарсы шыққанын кімнен көрдің? Ата-ананың ақысын білмеуші ме едің?» деп ұрысады. Бала еш қаймықпастан: «Мүміндердің әміршісі, сіздің айтып тұрғаныңыз – әке-шешенің  ақысы.  Ал, баланың ата-анасында ешқандай ақысы жоқ па?» деп сұрайды. Омар: «Иә, ата-ана­ның мойнында баланың да ақысы бар. Ең әуелі үйленерде баласына ана болатын жақсы жар таңдауы тиіс. Тәрбиесіз қызға үйленсе, болашақта туылатын балаға қиянат жасаған бола­ды. Баласы туғанда, оған жақсы ат қоюы керек. Сосын ес білгенде, оған Алланың кітабы Құранды үйрету қажет» деп санамалап береді. Мұны естіген бала: «Уа, мұсыл­мандардың әміршісі! Әкем жоғарыдағы айтқандарыңыздың ешбірін орындаған жоқ. Біріншіден, менің анамды құл базардан сатып алған. Оның өткен өмірі белгісіз. Екіншіден, маған қара қоңыз деген мағына білдіретін «Жуал» деген нақұрыс ат қойған. Үшіншіден, Құраннан бір әріп те үйретпеді» деп өз уәжін айтады. Омар баланың әкесіне бұрылып: «Балаңның қиянат жасағанын айтып шағымданасың. Негізінде, сен оған қиянат жасағансың. Енді амал жоқ. Бар, жолыңды тап» деп шығарып салған  екен.

Отбасы құндылығын арттыратын және бір дүние – ерлі-зайыптылар бір-біріне сый жасап, көңіл күйле­рін көтеріп жүру, ардақтап, сыйлай білуі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, бір-біріңді жақсы көретін боласыңдар» деген. Адамның бір-біріне жылы сөз айтуы бұл үлкен  құрмет саналады. Ал кішкентай ғана сыйдың өзі көңілді қуантады, арадағы өкпе-ренішті  жояды.

Міне,  осы аталған құндылық­тарға  мән  берсе, ондай отбасы ба­қыт  мекені­не  айналады. Түтіні түзу шығып, шаңырағы  шайқалмайды. Балалар  бақытты  ғұмыр  кешеді. Отба­сы – бақыт мекені. Біз оны сақтай  білуіміз  керек.

Қайырбек  ОТЫЗБАЕВ,

Қызылорда  қалалық  «Мүсірәлі  ата»  мешітінің  бас  имамы

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: