Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өнегелі отбасының өркендері

14.08.2025, 10:40 265

«Ойдан ой туады, ойламасаң сөз қайдан туады?» дегендей, өткеніме көз тастай отырып, өткен ғасырда еңбек еткен, еңбек адамдарынан тараған ұрпақтардың бүгінгі күні сол ата-ана­ларынан алған тәрбиесінің, мектепте алған білімінің арқасында  жеткен  жетістіктерін  сөз  етпекпін. Әрине, «тәрбие мен  білім – егіз» демекші, негізгі кейіпкерлеріміздің тарихын ілгерід­ен  бастайын.

«Ұлықпан да ұрпағымен мың жасаған» деген, Оразбай Молда­досов аға мен Күләш жеңгеден тараған ұрпақтың бәрі де үлгілі, өнегелі отбасылары болды. Оразбай ағамыз сонау 1959-1960  жылдары  зейнетке  дейін де, зейнетке шыққаннан кейін де шопан таяғын ұстап, совхоздың абыройлы азаматы атанды. Өз ісіне адал, еңбек адамының ерлікке пара-пар еңбегі ескеру­сіз қалмады. Басшылық  жоғарғы марапаттарға ұсынды. Орден, медаль тақты, Қазақ ССР ауыл шаруашылық министрінің «Мал шаруашылығының шебері» атағы берілді. Баспасөз беттеріне шықты. Бақытын еңбектен тапқан еңбек адамы болды. Осылай еңбек етіп жүріп балаларына жақсы мен жаманды, обал мен сауап­ты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп, өсіп келе жатқан ұрпағына аласармайтын арманға жету үшін мықты білім алу керектігін естерінен шығармауды айтып келді. Оразбай ағамыз қой баға жүріп Күләш жеңгеміз екеуі 9 баланы тәрби­леп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өнегелі отбасы атанып, өмірден  өтті.

«Орны бар оңалар» деген, жоғарыда атап өткендей, еңбек адамдарынан тәрбие, білікті ұстаздардан білім алған, ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, өнегелі ісі көпке үлгі болған Оразбай ағаның кенже ұлы, қара шаңырақтың иесі Жаңаберген Молдадосовтың өмір жолын тілге тиек етемін. Ол 1972 жылы туған, №74 орта мектепті бітірісімен, Алматы зооветеринария институтына түсіп, мал дәрігері мамандығын алып шықты. Қазіргі уақытта ҚР АШМ ВБжҚК Арал аумақтық инспекция­сында ветеринариялық-санитариялық инспекторы болып қыз­мет етуде. Жолдасы Ләззат Сейілова Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда  мемлекеттік  университетінің  қазақ  тілі  мен әдебие­ті пәнінің мұғалімі мамандығын тамамдаған. Бүгінгі күні №74 орта мектепте  ұстаздық  қызмет атқарады, білікті сарапшы. 2021 жылы өз сыныбынан үш бірдей «Алтын белгі» иесін шығарған. Өзі де ұстаздар отбасынан шыққан. Әкесі Аяп­берген Сейілов – майталман математик, марқұм анасы Күн­қияш Жұмағалие­ва көп жыл балабақша меңгерушісі, мектепте ұстаздық  қызмет  атқарды.

Жаңаберген мен Ләззат отбасында бес бала тәрбиелеп отыр. Осы балаларының үшеуі ҰБТ-да жоғарғы көрсеткіштерге жетіп, мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, ауылымыздың мақтаны­шына айналды. Тәрбие берген ата-анасы мен білім берген ұстаздары­ның абыройын  асқақтатты.

Атап айтсақ, 2018 жылы Әсет Оразбаев мектепті «Алтын белгімен», ҚазМҰУ-дың Ақпараттық жүйе және математика факультетін бітіріп, бүгінде Алматы қаласында «Monolit Grouf» құрылыс компаниясында «Графикалық дизайнер» мамандығымен  жұмыс  істеп  жүр.

Әсел Оразбаева да 2019 жылы мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, ҰБТ-дан 132 балл жинап, Алматы қаласында Асфен­дияров атындағы медициналық университетінің жалпы медицина  факультетінің  7-курс студенті.

Арысұлан Оразбаев 2024 жылы Қызылорда қаласы Еркін Әуел­беков атындағы «Дарын» мектеп-лицейін жақсы тамамдап, ҰБТ-дан 105 балл жинап, Алматы қаласы Сүлеймен Демирел университетінде информатика факультетінде 2-курста оқиды.

Биыл Гүлназ Оразбаева мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, ағылшын және дүниежүзі тарихын таңдап, нәтижесінде ҰБТ-дан 126 балл жинап, Алматы қаласынан төрт университетті таңдап  отыр.

Ал кенжесі Нұрлыжан Алматы қаласындағы республикалық Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиет пәнін тереңдетіп оқытатын ұлттық мектепте 9-сыныпта оқиды, оқу озаты. Ол да келешек  «Алтын  белгіден»  үміткер.

Меніңше, алғашқы мектеп табалдырығынан аттап, 11-сынып бітіргенге дейін әр пәннен бес деген баға алып, ҰБТ-дан жоғарғы балл жинап, «Алтын белгіні» қорғап қалуы әрбір оқушының қолынан келе бермейді. Осы деректі алға тартып, Жаңаберген інімнен «Алла тіл-көзден сақтасын, әр жылдары мектеп бітірген үш балаңыздың үшеуі де «Алтын белгімен» бітірді, осының сыры неде?» деп сұрадым. «Сәке аға, өзіңіз білесіз, отбасымызда жалған сөйлеу жоқ, менің бауырларым да әке-анамыздың берген тәлім-тәрбиесін алып, білімімізді бойға сіңіре білдік. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген, ұрпақтарымызға өткен мен бүгінгі күннің тәлімін балаларымның анасымен бірге отырып, болашақ жарқын жолдарына жетелей білдік. Бұл жерде айта кету керек, бала анасына жақын болады, жолдасым Ләззат мектепте мұғалім болғаннан кейін балаларының күнделікті сабақтарын қадағалап, әр пән мұғалімдерімен кеңесе отырып, балалардың бағыт-бағдарын біліп, соған қарай жетелей түсті. Мектебімізде білікті ұстаздар жеткілікті, балаларымның «Алтын белгі» алуы сол ұстаздарға байланысты. Оларға рақмет айтамын. Сонымен қатар, «тәрбие – тал бесіктен» деген, балаларды жастайынан неге тәрбиелесең, солай тәрбиеленеді, олардың арасы 2-3 жастан болғандықтан, үлкендері кішілеріне қамқор болып, бір-біріне оқуда білгенін үйрете білді. Соның да нәтижесі  болу  керек»  деді  ол.

Иә, «тәрбие мен білім – егіз» деген, әке мен ананың аманат сөздерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан Арал ауда­ны орталығынан шалғай орналасқан, бірлігі мен тірлігі жарас­қан, түтіні түзу Жаңақұрылыс ауылындағы еңбек адам­дарынан шыққан Жаңаберген Молдадосов – жас та болса көпке үлгі, сөзі салмақты, үлкенді үлкендей, кішіні кішілей сыйлай білетін, жұмысында абыройлы азамат. Отбасының бірлігі мен тірлігін сақтай білген, балаларына саналы тәрбие беріп отыр. Осындай алтын дарып, құт қонған өнегелі отбасын оқырман қауым­ға жеткізуді үлкендік міндетім деп білемін.

Сердалы  ШАЛБАЕВ,

Жаңақұрылыс  ауылдық ардагерлер  кеңесінің  төрағасы.

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: