Бүгін А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Ұлттық құндылықтар мен шаңырақтың береке-бірлігін насихаттайтын шарада қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев жеңімпаз атанған отбасыларды қала әкімінің дипломымен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Биыл ұлттық конкурсқа 36 отбасы үміткер ретінде құжат тапсырып, олардың ішінен арнайы құрылған комиссияның шешімімен 6 отбасы іріктеліп алынды.
Нәтижесінде 3 отбасы жүлделі орынды иемденіп, 3 отбасы арнайы номинация иегерлері атанды.
Тамыры тереңге таралған, қанаты кеңінен жайылған әулет Қызылжарма ауылдық округінің тұрғындары Жарқынбековтер отбасы І дәрежелі дипломмен марапатталды. ІІ дәрежелі диплом Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғындары Жайсаңбаевтар отбасына табысталса, ІІІ дәрежелі дипломды Қызылорда қаласының тұрғындары Қошқаровтар отбасы иеленді.
«Өнерлі отбасы» номинациясымен Тасбөгет кентінің тұрғындары Ұлықпановтар отбасы, «Теміржол династиясы» номинациясымен қала тұрғындары Байсұғұловтар отбасы, ал «Өнегелі әулет» номинациясымен Қызылөзек ауылының тұрғындары Досановтар отбасы марапатталды.
Ұлттық байқау отбасылық құндылықтардың жандануына, дәстүрлердің жаңғыруына, түрлі буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңейтуге ықпал етіп келеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!