Астана қаласында Республика күні қарсаңында дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауға еліміздің барлық өңірінен келген облыстық кезеңдердің үздіктері қатысты. Солардың қатарында Қызылорда облысының намысын қорғаған Әбсадықовтар отбасы мәртебелі байқауда жеңімпаз атанып, ел мақтанышына айналды. Бұл туралы Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы ақпарат таратты.
Әбсадықовтар әулетінің отағасы Жақсылық Дүйсенбайұлы Әбсадықов 1943 жылы дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен ардагер. Ол «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісінің иегері, сондай-ақ «Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикасының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін» ауданның 90 жылдық мерекелік медалімен марапатталған.
Бүгінде Әбсадықовтар отбасының құрамы 6 бала, 29 немере мен 47 шөбереден құралған үлкен әулетке айналып отыр. Отбасы мүшелері түрлі салада адал әрі тынымсыз еңбек етіп келеді.
Әбсадықовтар отбасы – ұрпақтар сабақтастығын, еңбектің қадірін және отбасылық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан өнегелі әулет. Олардың адал еңбегі мен бірлігі өзге отбасыларға үлгі болып, ел руханияты мен еңбек мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарына дипломдар мен естелік сыйлықтар және ақшалай сертификаттар табысталды. Әбсадықовтар әулетінің бұл жетістігі Сыр елінің абыройын асқақтатқан қуанышты сәттердің бірі болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!