Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мама, ішіңдегіні тумай-ақ қойшы»

29.08.2020, 10:15 1143

HALYQLINE.KZ Дастарқан басында көңілді отырған болатынбыз. Кенет кішкене сәбиінің жылаған даусы естілді. Үлкен бауыры еміреніп, бетінен сүйіп оятып алған екен. Сол мезетте анасы үлкен баласын аямастан ұруға кірісті. Бергі жақта тұрған біздің жанымыз шығып кеткендей болды. Шыр-пыр болып жылағанына қарамастан, қояр емес. Біреуі жылаған екен, жұбатып қоя салуына болар еді. Екеуін де қатарынан еңіретпей. Бауырын жақсы көріп, сүйгені үшін жазықты ма?! Сонша неге ұрады? Әлде сол таяғымен тәртіптің тізгінін ұстап тұрамын деп ойлай ма екен?! Бар өшін содан алардай әрекет жасағанына төзу мүмкін емес. Жанымда сіңілім бар. Әлгі тоқпақтан кейін отыруға дәтім шыдамады. Қайтқанды жөн санадық. Әпкемнің аяғы ауыр болатын. Соны сылтауратып, «ертерек үйге барайық, ертең дәрігерге көрінесің» деп, жездем екеуін көндірдім. Содан үйге келгенде сіңілімнің көңіл қошы жоқ секілді көрінді. Сәлден кейін анасына:

– Мама, ішіңдегіні тумай-ақ қойшы, – демесі бар ма?

Тәтем тұрған орнында селк ете қалды. Аң-таң болып таңырқаған кейіппен:

  • Неге? – деді.
  • Ертең оны сүйіп оятып алсам, сен де мені солай ұрасың, – деді.

Сасқалақтаған әпкем не дерін білмей, «жоқ, ботам» деп құшағына алды. Әлгі көрген көріністері көз алдына келіп, соны ойлап тұрған екен. «Мені де солай ұрады» деп анасының босануын қаламай тұрғанынан әлгі жағдайдың психологиясына әсер еткенін байқауға болады. Төрт жастағы сәбидің санасына осындай ойлар келетінін кім ойлаған?

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: