Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов ауданының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан еңбек адамдары, отбасы құндылықтарын насихаттап келе жатқан үлгілі әулет – Маменовтер отбасын қабылдап, құрмет көрсетті.
Қабылдауда аудан басшысы туған жер алдындағы азаматтық парызын адал атқарған ел ағаларының ерен еңбегі, мемлекетімізге қалтқысыз еткен адал қызметтері — келер ұрпаққа үлгі екенін айтып, олардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын жеткізді.
-Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ел мүддесі – бәрінен биік. Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі» деген болатын. Қазалы өңірінде де түрлі салада аянбай тер төгіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар аз емес. Бүгінгі жиынымыз – қажырлы еңбегімен халықтың ыстық ықыласына бөленген, өнегелі істердің ұйытқысы болған аяулы апамыз бен ардақты ағамыздың құрметіне арналуда.
Ауданымыздың дамуына еңбек сіңірген ағамыз Маменов Нұртуған Төлеуұлы 79 жасқа, анамыз Ахметова Перузия Ахметқызы 77 жасқа толуда, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Нұртуған Төлеуұлы мен Перузия Ахметқызы – Қазалы өңірінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан еңбек адамдары. Нұртуған Төлеуұлы ұзақ жылдар жүргізуші болып еңбек етіп, адал қызметімен ел құрметіне бөленсе, Перузия Ахметқызы түрлі жауапты қызметтерде абыройлы еңбек етіп, қоғамдық өмірде белсенділігімен танылды. Олар саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген өнегелі жандар. Бүгінде үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған бұл отбасы – кейінгі буынға үлгі.
Шарада аудан басшысы мерейтой иелеріне облыстың ең жоғарғы марапаты — Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы мен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын табыстады. Дәстүрге сай шапан мен камзол жауып, сый-құрмет көрсетті.
Жиында аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш құттықтау сөз сөйлеп, еңбек адамдарына ізгі тілегін білдірді.
Өз кезегінде мерейтой иелері көрсетілген құрметке ризашылықтарын жеткізіп, ақ баталарын берді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!