Адам өміріне араша түсетін қадірлі мамандық иелері қашан да құрметке лайық. Мамандықтың шекара мен ұлтқа бөлінбейтінін ескерсек, дәрігерлердің басты мақсаты да – антына адал, сертіне берік болу. Пациенттің денсаулығын жақсарту, адам өмірін қолдан келгенше сақтау, жауапкершілігі мен біліктілігіне селкеу түсірмеу – парызы. Өйткені олар – елдің адамы. Осы ретте арнайы айдарымызға денсаулық сақтау саласында қызмет етіп, халықтың алғысын алып жүрген бір үйдегі қос дәрігерді кейіпкер еткенді жөн көрдік. Олар – Қызылорда қаласындағы «Prime» клиникасының директоры – Жандос Мыңбасов пен «Нұрлы таң» клиникасының ультрадыбыстық зерттеу дәрігері Қарлығаш Ержанова.
– Алдымен таныстықтан бастасақ…
Жандос:
– Қасиетті Сыр елінде балалық шағымызды өткізіп, орта мектепті тамамдадым. Ер жете арман қуып, мамандық игеру үшін жоғары оқу орнына түсуді мақсат еттім. Сөйтіп мектеп бітірген соң Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы медициналық университетке оқуға түстім. Қазіргі таңда туған жеріме қызмет етіп, елдің ықыласына бөленетін медицина саласында еңбек етіп жатырмын.
Қарлығаш:
– Мен де осы Қызылорда шаһарында дүниеге келдім. Мектепті аяқтаған соң жоғары білімімді Шымкент қаласында жалғастырдым. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін 2011 жылы аяқтап, Алматы қаласындағы Санжар Асфендияров атындағы медицина университетінде ультрадыбыстық зерттеу мамандығына оқуға түстім.
– Сіздерді ерлі-зайыпты дәрігерлер ретінде көпшілік таниды. Біріңіз Алматыда, біріңіз Ақтөбеде білім алдыңыздар. Қалай жолықтыңыздар?
Жандос:
– Рас, көпшілігі қызығушылық танытып жатады. Дегенмен, бір саладағы ерлі-зайыптылар қатары бұрыннан бар, қазір де көп. Маңыздысы сол, ортақ сала өкілі болған соң бір-біріміздің жұмысымызды түсініп, білмеген тұсымызды толықтырып отырамыз. Өмір болған соң мұндай сәттер болады. «Мен бәрін білемін» деген жалған нәрсе айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қазақ «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» деп бірауыз сөзбен түйіндеп кеткенін білімді адамның өзі мойындайды.
Жалпы, біздің таныстығымыз Қызылорда қалалық ауруханасында басталды. Екеуміз де сонда жұмыс істедік. Ауруханаға қабылданған ауыр науқастардың диагноздарын қою және емдеу барысында бір-бірімізді толық тани бастадық. Көп ұзамай екеуміз отбасын құруды жоспарлап, 2013 жылы дүбірлі той жасап, екі рулы елдің арасын жалғадық. Ал аурухананың гинекология мен УДЗ бөлімі жұмыс барысындағы құда болды (күлді).
– Бір еңбек ұжымында жұмыс істеп жүріп, отбасылық мәселелерді шешу қиынға соқпай ма?
Қарлығаш:
– Ұжымда да, отбасында да ортақ мамандық Аллаға шүкір, ешқандай кедергісін тигізген жоқ. Өйткені ата-енем де, өзімнің әке-анам да, інілерім де – дәрігер. Сондықтан болар, бұл саладағы қиындықтарды еңсеру мәселе туындатпады. Кейде таңғы сағат 3-4 шамасында науқастың жағдайына байланысты ауруханаға бару-келу келіндік өміріме кедергі келтірмеді. Тіпті 3-4 күнге дейін ауруханада қонып жұмыс істеген кезіміз болды. Әрине, барлығы ата-енемнің, жақындарымның қолдау көрсетуі нәтижесінде деп білемін.
– Қазіргі медицина саласында толғандырып жүрген мәселелер бар ма?
– Бар, әрине. Мұндай мәселе дамыған елдердің өзінде болады. Өйткені күн санап дамып жатқан технология адамзат қолдануындағы техниканы әп-сәтте іске алғысыз құрылғы етуі мүмкін. Дегенмен қазіргі күні магнитті-резонансты томография (МРТ), компьютерлік томография (КТ) аппараттары аз. Сондай-ақ, ургенттік жағдайларда пациенттерге қызмет көрсететін екі аурухана ғана бар. Сол үшін тағы да үлкен медициналық орталық салынса деген азаматтық ойымыз бар.
– Халықтың өз денсаулығын күтулеріне көңіліңіз тола ма?
Жандос:
– Адамның барлығы бірдей емес. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөзді түсініп, аурудың алдын алып, медициналық тексерістен өтетін адамдар жоқ дей алмаймыз. Бірақ, көп жағдайда ауру асқынған кезде медициналық көмекке жүгінетіндер қатары да бар. Көбісі әлеуметтік, тұрмыстық ахуалына байланысты өз-өзіне күтім жасамайды. Мұның рас екенін қоғам да мойындайды. Десек те, дамыған заманда Алла шипасын берсе, барлық аурудың алдын алуға болады. Емханалар да заманауи жабдықтармен толығып, өз жұмысын күшейтілген режимге ауыстырды. Одан қалды, Нұр-Сұлтан қаласынан дәрігерлер арнайы келіп, кеңес беріп, семинар-тренинг де өткізеді.
– Соңғы кезде жастар арасында отбасылық мәселе ушығып тұр. Сіздердің пікірлеріңіз қандай?
Қарлығаш:
– Тұрмыстық мәселе бүгін не кеше ғана пайда болмағаны белгілі. Отбасындағы ұрыс-керіс, мінез-құлықтың үйлеспеуі, тағы сол секілді әлеуметтік мәселелерден бөлек, ерлі-зайыптылардың сәбилі бола алмауы үлкен проблемаға айналып отыр. Осы ретте жасанды жолмен ұрықтандыру технологиясына берілетін квотаны қолжетімді етсе, нұр үстіне нұр болар еді.
– Рухани құндылықты сақтау үшін адам баласына отбасында және ортасында қандай қасиеттер бағалы?
Жандос:
– Менің ойымша, адам күнделікті көрген-түйгенімен де рухани кемелдене түседі. Бір адамның бойындағы қасиет екінші адамға ұнамауы мүмкін немесе керісінше. Құндылық дегеннің өзі – адамгершілік ұғымының сыңары. Сондықтан, ең бастысы, қай ортада жүрсең де сыйластық, түсіністік, адамның бір-біріне деген құрметінің болуы маңызды.
– Қандай жетістіктеріңіз бар?
– Қызмет бабында жүріп алған жетістіктеріміз бар. Біз үшін ең үлкен марапат – ем-дом жасаған адамның денсаулығының жақсаруы, ал ең үлкен жетістік – халықтың ықыласы.
– Соңғысы – біздің дәстүрлі сұрақ. Бала санына келгенде жоспарлаған дұрыс па әлде…
Қарлығаш:
– Қазіргі таңда әйелдердің денсаулығына, тұрмыстық жағдайға байланысты отбасын жоспарлап құру, бала санын, балалардың жас аралығын болжау қызметтері көрсетіледі. Оған жүгінетін ата-аналар да бар. Бұл – бір жағынан дұрыс, екінші жағынан ойланатын тұстары да баршылық. Айтайын дегенім, әркімнің өз қалауы бойынша іске асатын жағдай. Түптеп келгенде, жаратқанның жарлығымен өмірге келетін баланың дені сау, ғұмырлы болуын тілеп, өмірге әкеліп, мәпелеп өсіріп, саналы ұрпақ етіп ізіңде қалдыру – ең ұлы парыз.
– Уақыт бөлгендеріңіз үшін алғыс білдіреміз.
Сұхбаттасқан
Нұрбике ҚАЗИҚЫЗЫ
👏👏👏👏
Жарайсыңдар Жандос & Қарлығаш кәсіптеріңіздің берекесің берсің,табысты болыңыздар,халыққа жасаған жақсылықтарыңыз алладан еселеніп қайтқай,ұл қыздарыңыз көп болсын