Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Домбыраға, бесікке неліктен үкі тағады?

01.11.2020, 18:00 2543

HALYQLINE.KZ Қазақ халқының ұғымында үкі – «жын періні қуатын құс». Сондықтан да үкі қауырсыны сәби ұйқысы тыныш болсын, жын-шайтаннан қорғасын деп – бесікке, бақыт әкелсін деп – қыздардың сәукелесіне, екі жастың шымылдығына, табысты етсін деген ниетпен сал-серілердің домбырасына да тағылған.

Баланы сүндетке отырғызғанда, ашамайға мінгізгенде «тіл-көзден сақтасын» деп, тақиясына үкі таққан. Тіпті, үкі қауырсынын ертеректе батырларымыз найзаға да таққан. Оны Қазыбек бидің «Біз қазақ деген мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау шаппасын деп, найзаға үкі таққан елміз» деген сөздерінен білеміз.

Үкімен байланысты қандай салт-дәстүр, әдет-ғұрып бар? «Қазақ энциклопедиясында» үкі тағу салты туралы айтылады. Бұл – қызға құда түскенде оның айттырылған қалыңдық болғандығының белгісі ретінде берілетін кәделердің бірі. Қыз бен жігіттің көңіл күйін орнықтыратын бұл ғұрып халқымызда «қарғыбауын» деп те аталады. Жаушыдан жақсы хабар алған соң, жігіттің ата-анасы болашақ келінінің үкісін арнаулы әзірленген үкілі тақия, білезік сырға, бір киер бағалы киім алып, құдаларына асыл кезмеден киіт әзірлеп, қарғыбауға байлайтын бір атын жетектеп, жаңа құданың үйіне барып, «үкі тағу» салтын өткізеді.

Үкінің қауырсынын алу үшін оны өлтірмейді. Өлтірген адамды киесі ұрады деген түсінік бар. Үкіні аулап ұстап, балақ жүні мен бауыр төсінің жүнін алып, өзін жемге тойғызып қоя берген. Мұны «үкі жүндеу» деп атайды. Үкі жүндеген ауылдан «олжа алу» салты да болған. Ал көз тиіп, сұқ қадалмасын деген ниетпен көпшілік алдына шығатын әншілер, бишілердің бөркіне, камзолына, бесікке, домбыраға үкі тағу – наным-сенім.

Үкіні неліктен «киелі құс» дейді? «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, үкімен байланысты салт-сана, наным-сенімнің негізі бар. Үкі құсының киелі саналатыны бекер емес. Біріншіден, ол Нұх пайғамбардың батасын алған құс екен. Бұл туралы мәлімет «Әлдиден эпосқа дейін» отбасы хрестоматиясында келтірілген. Онда үкі туралы мынандай аңыздар айтылады:

Ертеде топан су тартылып, Нұх пайғамбар кеме шалдыратын жер іздейді. Сол кезде әлемдегі асқар таулар:

— Нұх маған тоқтайды. Адамзат ұрпағы менен қайта таралады, – деп таласыпты. Тұран даласындағы Қазығұрт тауы ғана сынықтық көрсетіп:

— Бұл дәрежеге лайық емеспін. Ұлық Алла орынбасарларын биік тауға тоқтатар, — дейді. Алла Қазығұрттың кішіпейілділігіне риза болып:

— Нұх, кемені Қазығұртқа қондыр. Тіршілік сол жерден басталсын, — деп әмір береді.

— Қазығұрт тауы қайда? — дейді. Ұлық Алла үкі деген құс жаратып:

— Мына үкіні қасыңа ал. Оның көзі өткір, түнде көреді. Қазығұртқа баратын жолды сол біледі, — дейді. Үкі Қазығұртқа жеткенше кеменің алдында жол көрсетіп, ұшып отырады. Нұх Жиддә тауын, сосын Арарат тауын айналып өтеді. Кеменің желкені көрінгенде таулар балбырап, балқып кетіпті. Сондықтан да олардың жақпарында кемеге ұқсас жартастар түзіліпті.

Нұх Қазығұрт тауына аман-есен тоқтайды. Үкіге риза болған Нұх пайғамбар:

— Орман-тоғайдың иесі бол! Шаңырағымның киесі бол! — деп бата береді. Содан үкіге айрықша кие дариды. Адамдардың оның қауырсынын «тіл-көз тимесін» деп баланың бесігіне, қыздың бөркіне тағатын дәстүрі содан қалыпты.

Осы эпоста үкі Нұх пайғамбарға жол көрсетсе, Ахмет Байтұрсынұлының «Есек пен үкі» деген өлеңінде де үкінің «жол сілтеуші», «жол көрсеткіш» атауларын берсе керек.

Міне, сол себептен де дана қазақ халқы қара домбырасы мен бесігіне үкі таққан.

Әлеуметтік желіден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: