Қазіргі уақытта әлеуметтік желі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Біз күнделікті Instagram, TikTok немесе Facebook парақшаларында адамдардың «мінсіз отбасы» туралы суреттерін көріп, таңғаламыз. Иә, әлемжеліде балалардың күліп ойнап жатқанын, ата-ананың бір-біріне деген кіршіксіз махаббатын және олардың мерекелік дастарқан үстінде жүздерінің бал-бұл жайнауын көріп, қызығатынымыз өтірік емес.
Алайда, бұл бейнелердің артында не бар? Көп жағдайда олар өмірдің толық шын бейнесін көрсетпейді. Не үшін? Бұл көрермен үшін «бақытты отбасы» – қолжетімді емес идеалға ұқсайды. Шын мәнінде әр отбасыда қақтығыс, уайым, қарапайым тұрмыстық қиындықтар бар, бірақ олар әлеуметтік желіде сирек көрсетіледі. Сондықтан қазіргі қоғамда «балалар мен ата-аналар үшін «мінсіз отбасы бейнесі шындық па, әлде тек виртуалды иллюзия ма?» деген сұрақтар туындайды. Бұл мақалада біз әлеуметтік желінің отбасы психологиясына, бала тәрбиесіне және қоғамдағы стереотиптерге қалай әсер ететінін қарастырамыз.
Әлеуметтік желіде «мінсіз отбасы» бейнесін қалыптастырған жандар бүгінде аз емес. Олардың басым бөлігі өмірінің тек жарқын сәттерін ғана жариялап, отбасылық тіршілікті еш қиындықсыз, уайым-қайғысыз өтетіндей етіп көрсетуге тырысады. Бір жағынан, бұл көгілдір экранның арғы жағында отырған жастарға үлгі болсын деген ниеттен туған әрекет болуы мүмкін. Алайда екінші жағынан, шынайы отбасын құрғанда кездесетін қиындықтарды ашық көрсетпеу қоғамда жалған түсінік қалыптастырады. Мұндай кіршіксіз, тап-таза, еш кедергісіз, уайымсыз, тіпті ыдыс-аяқтың сылдырынсыз өтетін жанұялар өмірде бар деген иллюзия жасалады.
Нәтижесінде әлеуметтік желідегі осы «мінсіз бейнеге» сенген жастар отбасылық өмірге дайындықсыз келеді. Ал күнделікті тұрмыстағы қарбалас, қаржылық мәселе немесе қарапайым түсініспеушілікке тап болғанда, мұны қалыпты жағдай емес, үлкен мәселе ретінде қабылдайды. Бұл өз кезегінде жас отбасылар арасындағы күйзеліс пен қақтығыстардың көбеюіне алып келуі мүмкін. Шын мәнінде, отбасының беріктігі – мінсіз көріністе емес, қиындықты бірге еңсере білуде, бір-бірін түсініп, қолдай алуында. Ал әлеуметтік желідегі жылтыр бейнелер бұл шындықты толық көрсете алмайды. Сондықтан психолог мамандар «жалған бейне» немесе «бақытты отбасы» арқылы танылып, көпшіліктің көңілінен шығып жүргендердің шынтуайтына келгенде, қауіпті жағдайға ұшырауы әбден мүмкін екенін айтады.
– Көптеген отбасы әлеуметтік желі үшін өз қарым-қатынастарын «көркем бейнеге» айналдырады. Бұл, бір жағынан, шығармашылыққа жетелегенімен, екінші жағынан, шынайы эмоцияларды, балалармен ашық қарым-қатынасты шектеуі мүмкін. Сонымен қатар психологиялық қысым туғызады. Әлеуметтік желі балалар мен ата-аналарды өзгенің өмірімен үнемі салыстыруға мәжбүрлейді. «Басқалардан кем қалып жатқан жоқпыз ба?» деген ойлар мазалайды. Бұл, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің өзін төмен бағалауына, өзіне деген сенімінің әлсіреуіне әкелуі ықтимал. Ал ата-аналар өз отбасының жетістігін бағаламай, өзін үнемі өзгемен салыстырады. Бұдан бөлек, «бақытты отбасы тек мереке мен демалыста ғана болады» деген қате стереотип те қалыптасады. Бұл шынайы өмірдегі қиындықтарды дұрыс қабылдауға кедергі келтіреді, — дейді психолог-терапевт Перизат Бақытжанқызы.
ШЫНАЙЫ ОТБАСЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?
Шынайы отбасы – қиындықсыз өмір сүретін жанұя емес, қайта сол қиындықтарды жасырмай, бірге шеше алатын орта. Мұндай отбасыда пікір қайшылығы мен ұсақ-түйек келіспеушілік болуы заңды. Алайда, олар үнсіздікпен немесе қысыммен емес, ашық әңгіме арқылы шешілуі тиіс.
Отбасындағы шынайылық ең алдымен эмоциядан басталады. Ата-ана өз қуанышын ғана емес, кейде шаршағанын, алаңдаушылығын да жасырмай айта алса, бала өмірдің тек жарқын сәттерден тұрмайтынын ерте түсінеді. Осындай ортада өскен бала эмоциясын еркін білдіріп, өзгенің көңіл күйін сезіне білуді үйренеді. Сонымен қатар, шынайы отбасыда жауапкершілік тең бөлінеді. Әрбір мүшенің өз міндеті мен орны болады. Бұл – бір-бірін сыйлау мен бағалаудың белгісі. Ал әлеуметтік желідегі «мінсіз бейнелерде» көбіне осы еңбек пен жауапкершілік көзге көрінбей қалады.
Ең бастысы, нағыз отбасыда махаббат сөзбен емес, әрекетпен дәлелденеді. Қиын сәтте қолдау көрсету, тыңдай білу, кешіре алу – отбасы беріктігінің негізгі тірегі. Мұндай құндылықтар бейнетаспаға сыймайды, бірақ дәл солар шынайы бақыттың өлшемі болып саналады.
Сондықтан ата-аналар жылтыр бейнелердің ең алдымен балаларға әсер ететінін түсінуі тиіс. Виртуалды әлемдегі отбасы өмірін шынайы өмірмен салыстырған бала өз жанұясын кем санап, ішкі күйзеліске түсуі мүмкін. Ал бала үшін ең маңыздысы – мінсіз көрініс емес, ата-ананың мейірімі мен тұрақты қолдауы. Сол себепті әлеуметтік желіні шынайы өмірмен шатастырмау бүгінгі қоғам үшін тиімді. Әр отбасының өз жолы, өз сынағы бар. Біреудің өмірі үлгі болуы мүмкін, бірақ ол өлшемге айналмауы керек.
Отбасы бақыты желідегі танымалдылықпен емес, бір шаңырақ астындағы сыйластықпен, сабырмен және түсіністікпен өлшенеді. Күнделікті қарапайым сәттер, бір дастарқан басындағы әңгіме, қиындықта бір-біріне сүйену – шынайы бақыттың көрінісі, міне, дәл осылар.
Сондықтан оқырманға айтар үндеу біреу: әлеуметтік желідегі «мінсіз өмірге» ұмтылудан бұрын, өз отбасыңыздағы шынайы қарым-қатынасты бағалаңыз. Бақыт – көрсетуде емес, бірге өмір сүруде. Ал шынайы өмірдің сынақтарын бірге еңсере білу кез келген «мінсіз бейнеден» әлдеқайда құнды.
О.БАҚЫТЖАН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!