Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Байжановтар отбасы бас жүлдеге ие болды

04.08.2022, 11:00 679

2013  жылы  Тұңғыш  президентіміздің  бастамасымен «Мерейлі  отбасы»  ұлттық  байқауы  бүгінгі  күнге  дейін  өз жалғасын тауып келеді. Қазақ отбасыларындағы өнегелі тәрбие мен құндылықтарын айшықтата түсетін бұл конкурстың көпшілікке  берер тәлімі мол, мақсаты айқын. Иә, еңбегі мен тәлім-тәрбие, білімі  насихатталатын мерейі үстем отбасылардың бәрі бұл марапатқа ие екені анық. Дегенмен «жүйріктен  жүйрік  озар  жарысқанда»  демекші,  бұл  сайыстың  да  ережесі  нық. Жыл  сайын  облыс  әкімдерінің  назарынан тыс  қалмайтын  байқауға  өңірімізден  осы  күнге  дейін 1700-ге жуық отбасы өтінім беріп, 178-іне қатысуға жолдама берілген. Биыл ұйымдастырылған бұл отбасылық жарыстың облыстық кезеңі де өз мәресіне жетті. «Достық» үйінде ұлттық байқаудың жеңімпаздарын марапаттауға облыс  әкімі  Нұрлыбек  Машбекұлы  және  қадірлі  қонақтар  мен  жанкүйерлер  қатысты.

Қазақ шаңырақтарының береке-бірлігін насихаттайтын іс-шара барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

– Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Отбасы­ның бірлігі – отанның беріктігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы, ұлттық тәрбие­нің, адамгершілік пен имандылықтың бастау бұлағы. Отбасы – алтын ұя, киелі шаңырақ, сол шаңырақтың мұрагері – бала.

«Балалы үй базар» деп, базарлы үйін ажарлы етіп, балаларын өнегелі етіп тәрбиелеп отырған Сыр өңірінің отбасыларына айтар алғысым шексіз. Баршаңызды аймағымызда сегізінші рет өткізіліп отырған бүгінгі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауымен шын жүректен құттықтаймын, – деп жылы лебізін білдіріп, жеңімпаз­дарға  арнайы  сыйлықтар табыс­тады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жома­рт Кемелұлы Тоқаев «Әрбір отба­сын сақтау – отанымыздың берік болуының кепілі. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәс­түрін орнықтыруымыз керек», – деп айтқан болатын. Осы ретте, еліміздің ырысы мен ынтымағын ұйытып жүрген отбасылардың облыстық байқауында мерейі үстем отбасылар биіктен көрініп, көптің таңдауымен арнайы  жүлделерге  ие  болды.

Шаңырағы ырыс пен тағылымды тәрбиеге толы Шиелі ауданының тұрғындары «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары Байжанов­тар әулеті бүгінде көпке үлгілі әрі құрметті отбасы қатарында. Қара шаңырақтың үлкені, 99 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбек атаны дүйім ел болып сыйлай­ды, құрмет­тейді. Бүгінде бұл шаңырақтан  11 ұл-қыз өсіп, 38 немере, 64 шөбере, 3 шөпшек дүниеге келіп, өнуде. Бас жүлдеге лайық деп таныл­ған шаңырақ елордадағы рес­публикалық сайыс­қа өңір атынан қатысатын болады. «Өнегелі отаудың өрісі кең» демекші, жеңімпаз атанған әулетке республикалық дода­да сәттілік тілейміз. Облыстық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқаудың қорытындысы бойынша тағы бір шиелілік Рыспембетовтер әуле­ті жүлделі екінші орынды иеленді. Күлтай Ырысдәулетқызы 1955 жылы 14 сәуірде Амантай Рыспембетов­пен шаңырақ көтеріп, 14 баланы дүние­ге әкелген. Күлтай Ырысдәулет­қызы 1975 жылы КСРО Жоғары Кеңес Президуымының «Батыр ана» ордені­мен марапатталған. Қазақы қалпы сақталған, ұрпағына салт-дәс­түр мен ырым-тыйымдарымызды жіті үйретіп келе жатқан әулеттің жастарға берер тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі мол. «Батыр ана» орденінің иегері, 7 бала, 23 немере және 42 шөбере тәрбиелеп отырған жалағаштық Маштаевтар отбасы жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Батыр ана Дүйсенкүл апамыздың отбасы үшін жасаған әр қадамы еліміздің болашағы үшін деп білеміз. Бұл отбасының бас­ты қағидасы – ата-баба салып кеткен жолдан таймай, әдеп-ғұрып пен дәстүрлерімізді әрдайым ұстану.

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбек­ұлы жеңімпаз атанған отбасыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы дип­ломдар табыстап, белсенді қатыс­қан, ұлттық құндылық пен отбасы мерейін жоғарылату бағытындағы өнегесін көрсете білген отбасыларды арнайы номинациялармен және жүз мың теңгемен қаржылай марапат­тады. Номинация жүлделері «Өнерлі отбасы» қазалылық Сүлейменовтер әулетіне, «Өнегелі отбасы» қармақшылық Бердібаевтар жанұясына, «Үлгілі отбасы» қармақшылық Шамшатовтар әулетіне, «Берекелі отбасы» жалағаштық Бекниязовтар шаңырағына, «Талант тұғыры отбасы», аралдық Сыдықовтар әулетіне, «Озат отбасы» сырдариялық Есенхожаевтар әулеті мен «Толағайлар отбасы» жаңақорғандық Төлегенов­тер жанұясына табысталды. Бүгінде осындай өнерлі де өнегелі, үлгілі отбасы­лардың қатары артып, өңіріміз тәрбиелі шаңырақтардың арқасында  дамып  келеді.

Отбасы қай заманда болсын іргелі мемлекет екеніміздің негізі болып  табылады. Сондай-ақ «Мерейлі отбасы» мықты мемлекеттің тұғыры болып қалыптасуда. Айта кетейік, салтанатты іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, ҚР Мәдениет қайраткері, жырау Руслан Ахметов пен оның шәкірттері және «Реверанс» би тобы өнер көрсетіп, көрермендер мен жеңімпаздардың ыстық ықыласына бөленді.

Түйін. Әр шаңырақты шаттық пен бақытқа бөлейтін, қазақ ұлтының тәрбиесін ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы айрықша. Ендеше, әрбір шаңырақтың мерейі, мәртебесі үстем болса, қазақ елінің де абыройы мен құндылығы асқақ болатыны сөзсіз. Сондықтан осындай қазақи болмысымызды ұлықтайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық сайыстары үзілмей өтілуін тілейміз.

Оразкүл   БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: