Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бәйбішелер неге жылайды?..

08.11.2025, 6:30 94

HALYQLINE.KZ

Қазақта батаның үлкені – «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген сөз. Әйел – Алланың аманаты. Аманатқа қиянат жүрмейді. «Адам ата Хауа ананы алғанда, некесін қиған дейді екі періште».

Алған жарына адал болуға, жарты жолда тастап кетпеуге ант берген Адам атаның сөзіне екі періште куә болыпты, аманатқа қиянат жасалса, ақыретте олар куәға тартылады екен, — деп отыратын жарықтық әжем.

Әркімнің өз шындығы бар, ақиқат жалғыз. Қоғамда болып жатқан кейбір оқиға еріксіз өзіне көңіл аудартады, пікір білдіруге тура келеді. Бұл оқиғада әркім өз шындығын жалау қылып алған, енді оған ақиқат көзімен қарасақ….

Бағы басында, тағы астында тұрған тұста Қонаевқа ақсақалдар келіп жақсыдан ұрпақ қалу керек деген желеумен екінші әйел алуға кеңес беріпті.

«Ниеттеріңізге рақмет! «Екі жарты, бір бүтін» деген қазақ емеспіз бе? Жігіттің басындағы бүтін бақтың жартысы – асыл жарыныкі. Менің басымдағы бақ менікі ме? Әлде Зухраныкі ме? Ол жағы енді бір Аллаға аян, — деп мәселені жылы жауып қойыпты. Түсінгенге үлкен ғибрат, әрине….

Әсіресе қырықтың қырқасына шыққанда әр еркектің санасында «СЕНІМ мен СЕЗІМ» атты егіз ұғым таласқа түседі.

Сенім – саған жастай есепсіз қосылып, сенім артып, етегіңнен ұстаған асыл жарың, сенің себебіңмен дүние есігін ашқан шиеттей бала-шағаң. Сенде ештеңе жоқ кезде саған арқа сүйеп қолтығыңнан демеген әйеліңнің саған деген сенімі…

Сезім – болып-толғанда еркек байғұстың иіскегісі келетін жас немесе жаңа иісі. Бұл жерде міндетті түрде есеп бар. Онда жастық, сенде мүмкіндік. Сезім бар, сенім аз. Сондықтан да бұл тұста абайлаған жөн.

Соңғы уақытта бес-алты баласын тастап, жаңа қатынымен жарасымды жұп болып, оны әлеуметтік желіге ұялмай салып жүрген қазақы жігіттерді көргенде жағаңды ұстайсың. Әрине, не істесең де өз еркің.

Бірақ, бойжетіп отырған қыздарың мен ержетіп отырған ұлдарыңның саған қарап жүрегі қан жылайтынын ұмытпа. Олардың санасында сен мәңгі бақи сатқын болып қаласың. Себебі әр перзент әкесімен мақтанғанды қалайды. Әкесі басқаны таңдаса, олар өз замандастарының бетіне қалай қарайды? Баланың жүрегіндегі жазылмайтын жара осы. Уақыт жараны жазғанымен, тыртығы мәңгі қалады…

Бүгінгі қоғамда ажырасу көбейді. Неге? Себебі сенім азайды. Арысым деп етегінен ұстаған азаматың болып-толса болды, тайқып кетуге шақ. Бір уыс шыбықты бүтіндей сындыру қиын, біртіндеп сындыру оңай. Ажырасқан әр отбасы – тұтас мемлекеттің біртіндеп сынған шыбығы.

Екі дүниеде де ер-азамат әуелі отбасынан сұралады. Тірі жесір мен тірі жетімнің наласы жаман, жазасы ауыр. Кім болсаң да, Димекеңнен артық емессің, бауырым. Ұлды ұлдай, қызды қыздай туып берген бәйбішелер жыламасын, шаңырағымыз шайқалып құламасын. Әр қазақтың шаңырағы – менің ОТАНЫМ…

Мақсат  СҚАҚОВ.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: