Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ажырасу – қоғам дерті

17.07.2025, 15:30 222

HALYQLINE.KZ

«Алла Тағала рұқсат еткен ең жек көрінішті нәрсе – ол ажырасу!»

Отбасы – Алланың адамзатқа берген үлкен нығметі. Шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүйіп, тату-тәтті өмір сүру – әрбір адамның арманы. Қазақтың «Отбасы – Отанның өзегі» деген нақылында терең мән бар. Себебі берекелі ел берекелі отбасылардан құралады.

Халқымызда бір тағылымды аңыз бар: бір үлкен әулет өзінің татулығымен елге үлгі болыпты. Бұл жайлы естіген билік өкілдері сол отбасыға арнайы келіп, сырын сұрайды. Сонда шаңырақ иесі бір параққа жүз рет «түсіністік» деп жазып беріпті. Бұл отбасы ынтымағының кілті өзара құрмет пен сабырда жатқанын меңзейді.

Қазіргі қоғамда ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік көбейіп, ажырасу деректері жиіленіп барады. Бұл – жай ғана жеке отбасының мәселесі емес, тұтас қоғам үшін алаңдататын жағдай. Себебі ажырасудың ар жағында баланың болашағы, ата-ананың үміті, қоғамдық тұрақтылық жатыр.

Ислам дінінде отбасының орны ерекше. Қасиетті Құранда ер мен әйелдің бір-біріне тыныштық пен мейірім көзі ретінде жаратылғаны айтылады. Хадисте: «Алла Тағаланың адал еткен істерінің ішіндегі ең ұнамсызы – талақ (ажырасу)» делінеді (Әбу Дәуіт). Яғни, дініміз ажырасуға рұқсат берсе де, оны құптамайды.

Бүгінде ажырасуға алып келетін себеп әртүрлі. Біреулер тұрмыс қиындығына шыдамайды, біреулер мінез қайшылығына, тағы бірі туыстық араласуға байланысты ренжісіп жатады. Кейде жас келін барған жеріне бейімделе алмай, ене мен келін арасында түсініспеушілік туындайды. Осындайда үлкендердің даналығы мен жастардың сабырлылығы керек-ақ.

Бүгінде кей аналар қызына: «Күйеуің жаман болса, кетіп қал» дегенді жиі айтады. Ал шын мәнінде, қыз бала барған жеріне бейімделуге, сондағы жауапкершілікті сезінуге тәрбиеленуі керек. Келін түскен үйге «менің ендігі үйім осы» деген сеніммен қараса, қиындықтарға сабырмен қарап, азға қанағат етсе, ол отбасы берік болмақ.

Сол сияқты ер-азаматтар да отбасын құрған соң, жауапкершілікті мойнына ала білуі керек. Үй ішінің ризығын табу, отбасына қамқор болу –ердің парызы. Әйел – шаңырақтың шырақшысы. Екеуі бір-бірін толықтырып, сүйеу бола алса, бұл – нағыз тату жанұя.

Әрине, кейде отбасын сақтау мүмкін болмайтын жағдайлар да кездеседі. Мысалы, отбасында тұрақты түрде зорлық-зомбылық болса, ішімдікке салынып, бала тәрбиесіне зиян келсе, мұндай кезде дініміз ажырасуға рұқсат береді. Бұл – шариғат шеңберіндегі әділдік. Бірақ бұл жағдайлар жалпы жұртқа үлгі болатындай оқиға емес. Мұндай қиындықтарға жетпей тұрып, отбасылық мәселелерді ертерек шешуге ұмтылу – әлдеқайда сауапты амал.

Ата-бабаларымыз: «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Кемшілікті мойындап, түзетуге талпыну – ақылдылық. Түзетудің жолы – бір-бірімізді тыңдай білу, түсіне білу, сыйлау. Бұл қасиеттер тек отбасына ғана емес, бүкіл қоғамға қажет.

Тағы бір мысал – сахаба Ибн Умардың оқиғасы. Әйелімен ажырасып, кейін оны кері қайтарады. Себебі ол әйелінен ешбір кемшілік таппаған еді. Бұл мысал сезім мен көңіл ғана емес, парасат пен сабыр да отбасылық шешімдерде маңызды екенін көрсетеді.

Бүгінгі жастарға өмірдің жеңіл жолын емес, еңбек пен шыдам арқылы қалыптасатын отбасының қадірін түсіндіруіміз керек. Үлкендер жасқа үлгі көрсетіп, ақылын айтып, дұрыс бағыт сілтеп отырса, отбасы шайқалмайды.

Қорытқанда, «Айырылған азады, қосылған озады» деген нақылды ұмытпауымыз керек. Түсіністік, сабыр, мейірім мен кешірім – міне, отбасының алтын діңгегі. Осы құндылықтарды сақтай білсек, әр шаңырақтан шаттық кетпейді. Алла Тағала әрбір отбасыға береке, ынтымақ және сабыр нәсіп етсін!

Ербол  УРАНОВ,

Қызылорда қалалық «Мақтұм Сейіт» мешітінің имамы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: