Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Алтын той» иелеріне құрмет көрсетілді

18.03.2025, 9:00 96

HALYQLINE.KZ

Кеше «Наурызнама» онкүндігіне орай Жалағаш ауданының Таң ауылында отау құрғандарына 50 жыл болған «Алтын той» иелеріне құрмет көрсетілді. Ақ некенің қадірін терең түсініп, жарты ғасыр бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен жарасымды жұптар Ердан Еспембетов пен Ақырыс Сүлейменова, Атымтай Нәсиұлы мен Мейрамкүл Тынымбаеваға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов аудан әкімінің құттықтауын жеткізді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты іс-шараға облыстық Әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Кәрімова арнайы қатысып, облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Шахмардан Баймановтың құттықтауын табыстады.

Сонымен бірге, Қазақстанның Еңбек Ері, «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаев «Алтын той» иелерін құттықтап, шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Таң ауылында отбасы құндылығын сақтап, тамырын тереңге жіберген, жапырағын жайған өнегелі, іргелі әулеттер жетерлік. Отасқандарына 50 жыл болған Ердан Еспембетов пен Ақырыс Сүлейменова, Атымтай Нәсиұлы мен Мейрамкүл Тынымбаева – бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере, шөберелерінің арасында бақуатты ғұмыр кешіп отырған өнегелі әулет.

Мерекелік іс-шара барысында Жалағаш аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Айжамал Ақбергенова 50 жыл отасқан жарасымды да үлгілі жұбайларға «Алтын той» неке куәлігін табыстады.

Мерекелік іс-шара арнайы Қызылорда қаласынан келген және аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: