Қазалы ауданында Наурызнама онкүндігі аясындағы Шаңырақ күніне орай алтын той иелері мен жас жұбайларға неке куәліктерін табыстауға арналған тағылымды іс-шара өтті, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Әйтеке би кентіндегі Руханият орталығында өткен «Шаңырақ – отбасы берекесі» атты салтанатты жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, мерейтой иелерін құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Бүгін Наурызнама онкүндігі аясындағы Шаңырақ күні – отбасы құндылықтарын дәріптейтін ерекше күн. Қазақ халқы қашанда отбасыны қоғамның алтын діңгегі, берекенің бастауы деп білген. «Отан отбасынан басталады» деген дана сөздің астарында терең мән жатыр. Берекелі шаңырақ – ел бірлігінің, ұлт болашағының берік негізі. Біздің еліміз үшін бүгінгі күннің тарихи маңызы өте жоғары. Дәл бүгін Ақорда төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдауға арналған салтанатты жиын өтіп, жаңа Конституциямыз қабылдануда. Осындай ел үшін маңызды күні отбасылық мерейтойларыңызды атап өтіп, жас жұбайлардың шаңырақ көтеруі – ерекше ғанибет, — деді аудан әкімі.
Іс-шара барысында бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ұрпақ өсіріп, үлгілі отбасы атанып отырған Алдабергеновтер, Жұбановтар және Айтчековтер әулеттеріне отау құрғандарына 50 жыл толуына орай құрмет көрсетілді. Алтын той иелеріне аудан әкімі арнайы неке куәліктерін табыстап, иықтарына шапан жауып, әжелерге жаулық жауып, гүл шоқтары мен сый-сияпат ұсынды. Бұл жарты ғасыр бойы бір-біріне тірек болып, берекелі отбасының үлгісін көрсеткен ардақты жандарға деген зор құрметтің белгісі болды.
Сонымен қатар, мерекелік күні жаңа өмірге қадам басқан үш жас жұбайдың некесі қиылып, оларға салтанатты түрде неке куәліктері табысталды. Аудан әкімі жас отбасыларға шаңырақтары биік, керегелері кең болып, берекелі өмір сүрулеріне тілектестік білдіріп, сый-сияпат пен гүл шоқтарын тарту етті.
Тағылымы мол іс-шарада отбасының қоғамдағы орны, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың маңызы кеңінен насихатталды. Өнегелі отбасылар мен жас жұбайлардың басын қосқан бұл игі бастама ұрпақтар сабақтастығын дәріптеп, шаңырақтың қадір-қасиетін айшықтай түсті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!