Таң. Сабаққа асыққан Айжан жаяу жүгіріп келеді. Мектеп бұл тұратын жерден әлдеқайда алыста. Иә, оның қоғамдық көлікке төлер ақшасы жоқ. Шиеттей төрт баласын асырап отырған тек анасы ғана. Еден жуып тапқан нәпақасы күнделікті азыққа әрең жетеді. Ал қатар өскен бауырлар бірінің киімін бірі киіп, өзгелер сияқты балалық дәуреннің бақытын сезінбей өсіп келеді. Алайда мұндай жағдайға не себеп? Бала тәрбиесіндегі маңызды рөл атқаратын кім? Оларды асырап бағатын ше? Әрине, әке. Бірақ, ол қайда? Жалғыз ананы балаларымен тастап, өзгенің етегінен ұстап кете барыпты…
Бұл тек бір ғана мысал. Ал шата бала ше? Анасы мен әкесі тірі тұра, тұл жетім болған сәби? Оны қойшы. Тоғыз ай бойы тар құрсақта жатып, мына әлемді көруге асыққан, бірақ көре алмаған нәресте қаншама? Айналаға бір сәт үңіліп көрдіңіз бе? Күнделікті қауырт тіршіліктен қоғамдағы мәселелерден бейхабармыз. Сіз де, біз де.
Әке қамқорлығы мен ана мейірімінен нәр алған баладан бақытты жан жоқ шығар-ау, сірә?! Алайда бүгінгі қоғамдық сананың уланғаны – ащы да болса шындық. Жетім-жесір, жауапсыз әке мен көкек ананың көбейіп келе жатқаны кімді де болса алаңдатары анық. Бұрындары бұл елде шаңырағын шайқалтпаған әке мен тағдырдың тауқыметіне мойымаған ана көп еді. Ал қазір ше?
Мамандар пайымынша, ажырасудың басым бөлігі 40 жасқа дейін болады. Оның ішіндегі ең көбі – 23-29 жас аралығындағы отбасылар. Үйлену көп әрине, бірақ ажырасу да аз емес. Екі жастың қиындыққа төзбей немесе жеңіл ойлауының салдарынан баланы тірі жетім еткенін ойламайды да. Әкесіз не анасыз өскен баланың тәрбиесі не болмақ?
Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген жақсы тәмсіл бар. Әке – ол әрбір істі ойлап барып бастайтын, қамқоршы жан. Анадан гөрі қатал. Әсіресе, ер баланың тәрбиесінде оның рөлі айрықша. Әкенің мінезі, өнері мен білімі – ұл баланың өнеге алатын нысанасы. «Сегіз қырлы, бір сырлы», намысшыл ер тәрбиелеу аталар арманы болған. «Әке көрген оқ жонар» деген сөз соны меңзейді. Ал қыз бала – ертеңгі келін. Барған жерінде қандай тәрбие алғаны анасынан айшықталады. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, отбасынан бастау алған тәрбие оның келешегі болмақ. Шаңыраққа ие отағасының бала-шаға деп, түздің тірлігін бірінші орынға қоятыны жасырын емес. Үйдегі күй – отанасының мойнында. Қаталдықтың артында өжеттік, қайраттың артында жігер жататынын кейбір азамат ескере бермейді. Мұның соңы әскерден қашқан ездер мен жауапкершіліктен бой тасалаған сырғалы жігітсымақтардың қатарын көбейтеді. Өскелең ұрпақ толыққанды тәрбие алу үшін әке мен ана да бірдей ат салысуы қажет. Олай болмаған жағдайда ұл-қызға әке тәрбиесі жетіспей, келеңсіз жағдайлар да жиілейді. Әкесіз өскен ұл нәзік мінезді, анасыз өскен қыз ер мінезді болмай ма?
Бұрындары әжеміз «тәйт, обал болады, ұят болады, жаман болады» деп ақылын айтып тыйып отыратын. «Сен деген нашар баласың» дегеніне ренжіп, жылайтынбыз. Оның барлығы тыйым екенін енді түсініп жатырмыз ғой.
– Қайран, өмір-ай, десеңші. Ауқатты үйдің ерке қызы болдым. Еркекшора едім. Түйе болсын, жылқы болсын мойнынан ұстап алып, мініп кете беретінмін. Ол кездің заңы солай ма, әлде адамы ма, бірнеше жас үлкен, мүлдем танымайтын азаматқа 16 жасымда тұрмысқа шықтым. Енем үйдің биі еді, жарықтық, жатқан жері жайлы болсын. Ұйқы жоқ, күлкі жоқ. Таң атқаннан түн болғанша сылпылдап сырттың жұмысы мен үйдің тірлігін қатар алып жүрдік. Онымен қоса емізулі бала бар. Шіркінді бесікте сол бөлегеннен үн жоқ, тым-тырыс жататынын айтсаңшы. Сыртта жүріп, жыласа екен, емізіп отырып аз да болса тынығар едім деп армандайтынмын. Ондаған сиыр мен қой, ешкіні сауып, күбі пісіп, нан жауып, самаурынға шай қойып, оны бірнеше адамға беру бүгінгі келіннің түсіне де кірмейтін шығар, – деп күрсінеді 90 жастан асқан әжем.
Бүгінде «отбасы» ұғымы өз мәнін жоғалтып, «ерлі-зайыптылардың одағы» деген мағынаға ойысып бара жатқан сыңайлы. «Қазіргі некедегі басты тенденциясы – оның кеш орын алуы. Көп жағдайда жас кезде некеге тұратындар тез ажырасып кетіп жатады. Ал, сол ажырасу кезінде қатты зардап шегетін – балалар. Отбасының дәстүрлі құндылығы сақталмаған соң, ерлі-зайыптылар ажырасып, олардың артында «махаббатты, жылулықты сезінбеген», толыққанды отбасы деген ұғымның не екенін түсінбейтін балалар қалады. Ата-анасы ажырасқан бала өмірдегі қиындықтарды екі есе ауыр өткереді. Психологиялық, жүйке ауруларына жиі ұшырайды. Ал бұл балалар үлкен өмірге қадам басқанда өз өміріне де осы науқанды әдетке айналдыратыны дәлелденген. Мұның алдын алу үшін жұбайлар ескеруі қажет жайттар бар. Мәселен, бір-біріне ауыр сөз айтудан аулақ болу керек. Себебі мұндай сөздер, қылықтар кешіріледі, бірақ ұмытылмайды. Болған мәселелер мен қиындықтарды үнемі біріне-бірі жүктеуден қашу керек. Әйтпегенде шағымнан, жылап-сықтаудан, күн сайынғы міндетсінуден тез жалығады, шаршайды». Психологтар осылай дейді. Десе де шешімін табар пенде жоқ.
Айнұр ӘЛИ,
Қазалы ауданы
P.S. Алты аға бірігіп әке, жеті жеңге бірігіп ананың орнын баса алмас. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Бірақ болмашы нәрсе үшін баланың көзінше жанжалдасу әкенің де, ананың да беделін түсіріп, сенімін жоғалтады. Қандайда бір қиыншылық болмасын, ер адамның рөлін төмендетпеген жөн. Себебі, бәйтеректей жанның орны – қашанда асқар тау. Қара шаңырағының тірегі бола білген нағыз ер-азаматтар көбейгенде ғана келешегіміз кемел, болашағымыз баянды болмақ.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!