Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әр отбасы – Отанның іргетасы

17.07.2023, 12:15 334

HALYQLINE.KZ

Жасөспірім мен жастар арасындағы өткір мәселелер – отбасындағы тәлім-тәрбиенің жеткілікті берілмеуінен туындайтын фактордың бірі. Десе де, әр отбасының басшысы еш уақытта ұл-қызының жаман болсын демейтіні хақ. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ бекер айтпаған. Міне, отбасының әр мүшесі мерейлі болуы үшін бір-біріне рөлі маңызды. Отбасылық құндылықты басты назарға алатын байқаулар елімізде бар. Мәселен, 2013 жылдан бері дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы әлі күнге дейін өткізіліп келеді. Ауқымы кеңеймесе, ұмытылып кететін ойы жоқ. Міне, тағылымға толы дода шаһарда да өткізілді. Отбасылық құндылықтардың жандануына, дәстүрлердің жаңғыруына, түрлі буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңейтуге ықпал ететін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты іс-шара А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылды.

– Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтың ошағы, яғни кез келген қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ал, жанұяның береке-бірлігі – сәбидің, әр баланың болашақ қадамы мен бақытты жүзінде – деп жеңіске жеткен 7 отбасыға шаһар басшысының алғыс хаты мен арнайы сыйлықтарын қала әкімінің орынбасары Дінмұхамед Ермеков табыстады.

Байқауға 21 отбасы өтініш тапсырған. Комиссияның шешімімен іріктеуден өткен 7 отбасы түрлі номинациялар және жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсақ, «Еңбекқор отбасы» номинациясымен Қызылорда қаласының тұрғындары Иманғалиевтер отбасы, «Ұстаздар отбасы» номинациясымен Тасбөгет кентінің тұрғындары Баймановтар отбасы, «Өнерлі отбасы» номинациясымен Қызылорда қаласының тұрғындары Бектұрғановтар отбасы, «Өнегелі отбасы» номинациясымен Қызылорда қаласының тұрғындары Есжановтар отбасы марапатталды. Ал, жүлделі 3-орынды Қызылөзек ауылының тұрғындары Сапаржановтар отбасы қанағат тұтса, 2-орынды Қызылорда қаласының тұрғындары Сұлтан отбасына бұйырды. Шаһардың биылғы үздік отбасы статусын, яғни 1-орынды Қызылорда қаласының тұрғындары Байұловтар отбасы алды. Ғалымдар отбасы бұл байқауға алғаш рет қатысып отырған жоқ.

– Әуелі Алла, сонан соң әкемнің қанымен келген қажыры, берген тәрбиесі, шаңырағымыздағы ақ жаулықты анамыз, сосын үйдегі балаларымның анасы Бибімнің арқасы. 2014 жылы алғашқы рет «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасы ұйымдастырылғанда отбасымызбен қатысып, «Мерейлі жас отбасы» атанған болатынбыз. Енді міне, араға 9 жыл салып аталмыш ұлттық жобаның қалалық кезеңіне қатысып, 1-орынды иелендік. Бұл жоба – еліміздегі отбасы институтын нығайтуға, жас отбасыларға үлгі болатындай үлкен жоба. «Отбасы – шағын мемлекет» деп бекер айтылмаған. Әдетте жақсылықтың бәрі отбасынан басталады. Отбасы – жұртты жақындастырушы, ұрпақ пен ұрпақты табыстырушы, ұрпақаралық тұтастықтың отын жағушы ерекше ұя. Сондықтан да отбасы – барша адамзатқа ең жақын, ең қасиетті ұғым. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік болады. Не болса да Отанның бір бөлшегі – отбасыңа ештеңе де жетпейді. Өйткені отбасы – табиғаттың әр адамға сыйлаған керемет бір сыйы! Соны мәңгі есте сақтап, ұмытпаған жөн, – деді байқау жеңімпазы Ғани Байұлов.

Марапаттау рәсімінен соң, Сыр бойының өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, береке-бірлігімен, өнегелі тірлігімен дараланған отбасыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: