Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

84 жыл еңбек өтілі бар өнерлі отбасы

20.05.2021, 10:00 646

«Ғылым мен мәдениет – барлық дүниенің алтын алқасы» депті жазу­шы Мұхтар Әуезов. Шыны керек, біз – ХХІ ғасыр­ды технологиямен, ғылыммен, біліммен байланыс­тыра отырып өркениетке қол жеткізуге ұмтылып келе жатқан ұрпақпыз. Бірақ, қалай? Саралай келсек, қолына теле­фон ұстаған адамның бәрі өркениет­шіл немесе қолына бір кітап алып оқыған адам мәдениетшіл деген сөз емес. Өйткені, ағылшын жазушысы Джон Рескин­ше  айтқанда,  «Өркениет дегені­міз – мәдениетті  қоғам  қалыптастыру».

Бүгінгі қоғамда мәдениет қалай қалып­тасып жатыр? Бұл сұрақты бір ғана мәдениет саласына бағыттап қою да өркениеттің құлашын жазбайды. Десек те заманның дәл осы тұсында қоғамның «дертін» нақтылап, оны «емдейтін» осы салаға арты­лар жүк те көп, сенім де мол, талап та жеткілікті, үміт те басым. Бұлай деме­сек, мәдениет мәйегі, рухани құндылық туралы ілгерілеу­шіліктің бәрі  бос сөз болып қалар еді. Осы ретте ел рухания­тының кемел­денуіне, ұлт мәдениетінің жоғарылауына үлес қосып жүрген мәдениет  саласының мамандары тура­лы  қалам тартқанды жөн көрдік. Олар – «Қызыл­орда қалалық мәдениет үйлері, клубтар және халықтық ұжымдар» МКҚК Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйі­нің қыз­меткерлері Нұртас Жамалов пен Арукүл Оспанова.

Айта кетейік, бұл кейіпкерлерді таңдаудың да мәні бар, Нұртас пен Арукүл – мәдениет, өнер саласына отбасы­мен үлес қосып келе жатқан ерлі-зайыптылар.

ТОКАРЬ  БАЯНШЫ

Мәдениет тек рухани тәжірибе емес, ол – халық болмысының негізгі тетігі. Ғасырдан-ғасырға жетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып бүгінге жеткен қазақтың өнері, мәдениеті, ділін қалыптастыруда осал адам еңбек етпейді. Аралдың тарихи топырағын­да дүниеге келген Нұртас Жамалов Қызылжар елді мекеніндегі №81 Қызылжар орта мектебін аяқтаған соң аудандағы ГПТУ-ға оқуға түсіп, токарь мамандығын игерген. Ол кезде бұл оқу орны Ленинг­радтан кейін Арал өңірінде ғана болған. Бір ерекшелігі мұнда теңіз кемелеріне қажетті бөлшектер жасалған. Мектеп қабырғасынан бастап музыкалық аспаптарда ойнап үйренген жас жігіт ГПТУ-ды тамамдағ­ан  соң мәдениет үйіне баян­шы  болып жұмысқа орналасқан. 1982 жылы әскер қатарына алынып, одан оралып, арман қуып Жетісайға  аттанған.

ЛЕВИТАННЫҢ  ДАУЫСЫН САЛЫП,  ОҚУҒА  ТҮСКЕН

Он бес баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана мен қайсар әкеден дарыған қасиет те тегін емес. Өзіме алсам деген емес, еліме, кейін­гі жастарға өнеге берсем деген ниет­пен Қызылжардан ұзап, Жетісай мәдени ағарту училищесінің режиссерлік мамандығына оқуға түскен. Жас талапкердің мұнда оқуға түсуі­нің  де  өзіндік  хикаясы  бар.

– Әскерден оралған соң оқуға түсуге талаптанып, Қызылордаға кел­дім. Мұнда жоғары білім беретін оқу орны бар екен. Бір күні газеттен Жетісай мәдени ағарту училищесі туралы хабарландыру оқып, қалаға тапсырған құжатымды кері қайтарып алдым. Сондағы ойым – бірден жоғарыдан емес, төменінен бастап оқу. Сөйтіп, Шымкент шаһарына жеттім, – дейді  мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Нұртас Сембайұлы.

Алыстан арман қуып, мақсатына жету үшін артынып-тартынып келген жастың музыкаға деген қабі­летін, өнерге деген ынтасын көрген оқытушылар таласқан. Өйткені…

– Оқуға қажетті пәндік емтихандарды тапсырып болған соң шығарма­шылық емтиханда бүкілодақтық радио дикторы Юрий Левитанның даусын салып бердім. Ол кезде пародия салу өнері кең дамымаған. Бәрі таңғалып, тәнті  болды, – дейді кейіпкеріміз.

Иә, соғыс уақытында радиодан: «Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва! Бүгін таңертеңгі сағат 4-те неміс фашистері Германия мен Совет Одағы арасындағы шабуыл жасамау туралы шартты опасызд­ықпен бұзып, еліміздің территориясына басып кірді!» деген мәтінді нақышына келтіре орындаған талапкер Нұртас оқу орнының үздік  студенті  атанған.

БІР  ДАҢҒЫЛ – ОРТАҚ  ҒҰМЫР

– Жылдық оқуды аяқтап, елге дема­лысқа Ташкент арқылы келетінбіз. Пойыз Қызылордаға аялдаған сәтте жоғары бөлігінен төменге түсіп жатсам, екі қыз отыр екен. «Қыздар, қалайсыңдар?» деп едім, олар да амандасты. Содан әңгімелесе келе, бір елден, бір ауданнан екенімізді білдік. Мені училищеде танитынын айтты. Сөйтіп, Аралға дейін сапарлас болдық, – деп жалғады әңгімесін.

Сол таныстық кейін екі жастың бақытына айналған. Дәл сол Жетісай мәдени ағарту училищесінің халық аспаптары бөлімінде оқитын Арукүл Ұлықпанқызымен отау құрған.

– 1965 жылы Арал ауданында өмірге келдім. Сонда орта мектепті бітірген соң Жетісай мәдени ағарту училищесіне оқуға түсіп, клуб қыз­меткері және халық аспаптары оркестрі­нің жетекшісі мамандық­тарын алып шықтым. Жолдасыммен осы училищеге барып-келіп жүргенде таныстық. 1987 жылы шаңырақ көтеріп, содан бері мәдениет, өнер саласында да, отбасылық жағдайда да бірге келе жатырмыз. Біздің таныс­тығымызға осы өнер саласы себеп болды десек артық емес, – дейді мәдениет үйіндегі «Балбұлақ» домбы­ра үйірмесінің жетекшісі Ару­күл  Оспанова.

«АҚ  КӨГЕРШІН» АНСАМБЛІ  ҚҰРЫЛДЫ

Ата-ана үмітін ақтап, алға қойған мақсатына жеткен қос жас 1988 жылы оқуды тамамдап, Жандар­беков атындағы театрға жұмыс істеуге жолдама алады. Алайда Қызыл­орда мәдениет бөліміндегілер өздеріне де кадр керектігін айтып, елге алдыртады.

– Қолымызға дипломды алған соң Қазалы ауданындағы Үрмаш Түкті­баев мәдениет үйінің меңгерушісі болып қызметке орналастым. Оқуын жаңа бітірген жас маман келгенге әрине, ауыл халқы қуанды. Көп өзге­ріс жасадық. Уақыт өте келе «Ақ көгершін» ансамблін құрдық. Құрамында клавишта Батырхан Нұрымбетов, гитарада Серік Бекниязов, бас гитарада Марат Құламетов, соль гитарада Шакет Жанәділов ойнаса, өзім барабанда ойнадым. Осы құраммен Ж.Тұрсыновтың режиссер­лігімен «Туған жерім – думанды елім» тақырыбымен аудандық мәдени шара өткіз­дік, – дейді  Нұртас  ағай.

Кейін ерлі-зайыпты мәдениет майталманда­ры Шымкент қаласы, Келес ауданына жұмыс бабымен қоныс аударды. 1992-1995 жылдар аралығында қос өнерпаз сондағы музыка мекте­бінде оқытушылық қыз­мет ат­қарған. Ол жақ­тағы жұмыс барысында да түрлі қызықтар болған. Онда­ғы жас­тарды өнерге баулып, мәде­ни-сауықтыру кешін ұйым­дастырса, ешкім бармапты.  Себебі  қандай?

 – Әдепкіде түсінбей жүрдік. Өзіміз дұрыс ұйымдастыра алмай жүрміз бе деп ойланып, кейбір кем­шіліктерді жөндеуге тырыстық. Сөйт­сек, біз барған ауылда бірыңғай бір рудың өкілдері тұрады екен. Сондағы бір әріптесім: «Нұреке, мұнда бәрі ағалы-қарындас, сондықтан кешке кел­мей­ді» дегенде барып түсіндім, – деп  күлді  кейіпкеріміз.

ҮМІТТІ  ДЕ, СЕНІМДІ  ДЕ  АҚТАУ  КЕРЕК

«Нағыз қазақты» «сөйлетіп» жүрген Арукүл Ұлықпанова да жолда­сының ортақ сала маманы болғанына разы.

– Өйткені, өнерді түсінеді, үйде де, жұмыста да ортақ тақырыпта тіл табысып, пікірімізді бөлісіп отырамыз. «Алма ағашынан алыс түспейді» демек­ші, балаларымызды басқа салаға оқытсақ та, айналып осы саланың есігін қақты, – дейді Арукүл апай.

Қазақтың домбырасынан күй төгіліп, ән айтылғанда делебесі қозбайтын қазақ болмайды. «Шабыттанып, тебіреніп қоса шырқайтын өнерлі қазақтың ұрпағы болғандықтан әр қазақ домбыра тарта білу керек» деген пікірі мен ұстанымы бар  ұстаз бүгінде мәдениет үйінде 15 шәкірт тәрбиелеп отыр. Біз сұхбат алуға барғанда үйірме оқушыларына күй үйретіп отыр екен. «Ұстаздың бір минуты – оқушының  болашағы»   деген оймен сабағын бұзбастан күттік. Өйткені, ол – ғалым да, шахтер де бас иген ұстаз. Тіпті, «алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп баға берген Мағжан ақыннан асып қайда барамыз?

– Әр ұстаздың өзіндік оқыту мето­ди­касы болады. Мысалы, мен үйірмедегі бар баланы жинап, ортақ үйре­тіп, «алғаны алды, қалғаны қалды» десем де болады. Бірақ, олай істеуге менің арым, ұятым жібермей­ді. Әр баламен жеке-жеке жұмыс істеймін. Өйткені, қанша ата-ана «балам бірнәрсе үйрен­сін» деп маған сенім, баласы­на  үміт  артып отыр. Сондықтан  үмітті  де, сенімді де ақтау керек, – дейді Арукүл Оспа­нова.

Сондай-ақ, заманның ағымына ілесіп кетпей, қазақтың ұлттық ас­пабын үйренуге ұмтылысы жоғары баланың да, ата-ананың да көбейгеніне қуанады. «Баланың бос жүргені – уақытты өлтіргені. Одан да жақын маңдағы осындай үйірмелерге берсе, тәлім мен тәрбие алады. Ол үшін ешкім ақша талап етіп жатқан жоқ. Тегін» деген ойын да айтты.

Жуырда мәдениет саласының қарыш­тап дамуына қосқан үлесі үшін «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

ҚАЗІРГІ  ЖАСТАР  «TIK-TOK»  ТҮСІРЕДІ

Өмір ағымында да, өнер ағысында да бірге жүзіп келе жатқан кейіпкерлеріміздің жастық шағын еске түсіруге тырыстық. Оның үстіне бұрынғы мен қазіргі заман дамуы тұрғысынан әлдеқайда жоғары екені рас.

– Рас. Біздің кезімізде қандай шара болмасын безендіру жұмыстары матаға әріп, сандарды жапсыру арқылы жасалатын. Оның өзі сағаттап істейтін жұмыс, қанша уақыт пен еңбек. Іс-шараға қажетті декоративтің барлығын қолдан сызып, ойып, кесіп жасайтынбыз. Қазір барлығы интернетте тұр, алады да дайын нәрсені жаңа технологиямен басып шығара салады, – деп Нұртас ағай бұрынғы жұмыс істеген жылдарын  есіне  алды.

Заманның дамығанына қуанамыз, әрине, десек те кейде көңіл толмаушылық болады. Бірақ бұл да дамудың жаңа тетігі шығар.

– Осыдан он шақты жыл бұрынғы жасөспірімдердің спектакльге қызығып, әртүрлі үйірмелерге ұмтылысын бүгінгілермен салыстыруға келмейді. Кешкісін бос уақытында ортақ идея ұсынып, шара ұйымдас­тыруға ақылдасатын жастар жоқ емес, өте аз. Қазіргі  жасөспірімдер де, жастар да спектакльдің орнын вайн түсіруге, мәдени шараның орнын «Tik-Tok» желісіне айырбас­тады, – деп өз ренішін де білдірді.

Мәдениет саласында жас­тайынан келе жатқан Нұртас Жамаловтың марапаттары да жеткілікті. Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналған төсбелгімен марапатталған.Қалалық, облыс­тық деңгей­дегі Алғыс хат, дип­ломдарының өзі – бір төбе. Жары Арукүл Оспанованың да еңбегі еленіп, әртүрлі марапат биігінен көрінген. Бұл Жамаловтар отбасын мәдениет саласында еңбек динас­тиясын  қалыптастырып  келе жатыр десек те болады. Өйткені, бүгін­нің өзінде өздерімен бірге бала­лары да осы салада қызмет етіп келеді. Жалпы қосқанда 84 жыл отбасылық еңбек өтілі бар. Бұйыртса, немерелерінің де өнерлі болатынына  үміттеніп  отыр.

Нұрбике ҚАЗИҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: