Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Он екі қызым – бір төбе, үш ұлым – бір төбе»

05.03.2020, 11:42 1217

Қызылорда облысының құрметті ардагері,

он бес баланың анасы Нағима АЙМАҒАМБЕТОВА:

Ол – көпбалалы, алтын құрсақты, құрметті ана, қарапайым қазақтың келіні, бүгінде үлкен шаңырақтың берекесі. Қызылорда қаласының  Абай ауылында тұрады. Он бес баланы дүниеге әкеліп, бұл күні ұлын ұяға, қызын қияға қондырып  отырған көпке үлгілі ардагер.

Нағима Аймағамбетова – біздің өңірдің тумас­ы. 1938 жылы дүниеге келген. Жеті жасынан бастап қара жұмысқа қолы тиген. Оның балал­ық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген. «Сондықтан болар, бала күнімде бол­ған қызықты оқиғалар мен сәттер есімде қалмапты» дейді өзі. Жасы он тоғызға толғанда тұрмыс құрып, қарапайым отбасына келін болып түскен.

– Ол кезде бәрі бейнет болды ғой. Тек қол еңбегімен ғана күн көретін кез. Қазіргідей дайын дүние болған жоқ. Жастайымнан егінге араласқанмын. Күріш ектік. Мен келін болып түскеннен кейін де тұрмыстық тіршілікпен қоса күріш егумен айналыс­тым, – дейді ол.

Нағима Аймағамбетова – еңбекпен есейген жан. Ол жұмыстың түрін жатсынған жан емес. Кезінде жоғары білім алуға мүмкіндік болмаған соң кешкі мектептен білім алуға талпынады. Негізі 7 кластық қана білім бар. Осылайша құжаттарын жинастырып, кешкі мектептен білімін жалғастыруға талпынғанында аяғы ауыр екенін біледі. Бұл уақытта өзінің үлкен балаларының да есейіп қалған уақыты екен. «Мектепте  балаларыммен  жасты  балалардың арасында­, оның үстіне аяғым ауыр болып қалай оқимын» деп сол жерден қолын бір-ақ сілтеген.

Уақыт  жылжи береді. Келіндік міндетімен қоса Нағима апа күріштіктен де қол үзбейтін болады. Бастапқы жылдары күріштен аз өнім алып жүреді де, кейіннен оның да қыр-сырын әбден меңгеріп алады. Атақты Сыр күрішшісі Ұлбала Алтайбаевамен бірге тәжірибе жинай жүріп, жыл өткен сайын мол өнім алуды әдетке айналдырады. Сол тұста белгілі саяси қайраткер Еркін Әуелбеков егін жайын білмекке аралайт­ын  болыпты.  «Сонда бір қызық жағдай­  болды  дейді»  Нағима  апа.

– Ұлбала  Алтайбаеваның  жанында  жүріп  көп нәрсені  үйрендік. «Еркін  Әуелбеков  келеді» дегенді­ естіп, атызды тазалап жатсам, су келетін сағада­ бір дәу сазан кептетіліп қалыпты. Оның үлкендігі соншалық атызға су жібермей тұр екен. Дереу алып тастадым, артынша Әуелбеков те келді. Бізбен сөйлесіп, хал-жағдайымызды сұрады­. Сосын кетіп бара жатқанда «сұрақтарыңыз бар ма?» деп бұрылды. Мен тұрдым да: «Мына балық әлгінде сіз келетін уақытта судың сағасына тұрып қалыпты, осыны сізге берсем деймін» деп едім, Еркін Әуелбеков «Жоқ, болмайды, балықты күнде жеп жүрміз. Таңертең келесіңдер, кешке қайтасыңдар, одан да өздерің ас қылыңдар» деді де кетіп қалды. Ол кісінің қарапайымдылығына, халық­қа адалдығына өзім риза болдым, – дей­ді  Нағима  апа.

Күрішші болып еңбек ете жү­ріп, жұмыс барысында елге есімі бел­гі­лі  Фариза Оңғарсы­но­ва, Сырбай Мәуленов сынды танымал тұлғалармен кездесу бұйырыпты. Олармен кезекті кездесуінде Нағима апа мектеп  мәселесін қоз­ғап, ауылға (қазіргі Абай ауылы) жаңа мектеп салуға ықпалын тигі­зіпті.

Жолдасы ауылда елу жыл бойы фельдшер қызметін атқарған. Қазір – зейнетке­р. Өзі күріш науқанымен жүргенде жұмыс барысында көліктің артқы тіркемесінен секіремін деп аяғына зақым келтіріп алған.

– Құдай «жан бергенге мал беремін» деген ғой. Еңбегіміздің жемісін жедік, барлығына шүкіршілік айтамыз. Соның нәтижесі шығар, қала орта­лығынан үш бөлмелі пәтер алдым. Балаларым игілігін  көрді, – деді ол.

Нағима апа дүниеге әкелген он баланың он екісі – қыз, үшеуі – ұл. Олардан қазір отызға тарта немере-шөбере сүйіп отыр. Балаларының бәрі сан салада абыроймен қызмет атқарып­  жүр.

– Он бес баланың он екісі жоғары білім алды. Екі қызымнан қапыда айырылып қалдық. Құдайдың ісіне шара жоқ, көнеміз. Қалған балаларыма Алла өмір берсін деймін. Ал көп бала туудан қашаты­н  қазіргі  келіншектерге  айтарым – әрбір балаға  Алла несібе құйып береді. «Бала тусам асырай алмай қаламын» деген қорқыныштан арылу­ керек. Құдай берса, баладан ат-тонын ала қашудың қажеті жоқ. «Он бес құрсақ көтердім» деп ешкімге алақан жайғаным жоқ. Есесіне қазір сол бала-шағамыздың ортасында  шалқып-тасып  өмір  сүріп  отырмыз, – деді  батыр ана.

Түйін. Түсіне білгенге алтын құрсақты ананың әрбір сөзі – өсиет. Баланың нәсібін адам емес, Алла жазады. Шынында біздің қоғамның таным-түйсігін нарық билеп алған. Қыспаққа алған қымбатшылық һәм жоқ­шылық халықты тығырыққа тіреді. Осыны ойлаған әйелдер «көп­балалы  болу –  артық шығын» деген­ стереотип қалып­тастырып алған. Екіұшты мәселенің мәні­сін, ақ-қарасын шын ұғынған ғана ажырата жатар. Ал бұл әңгімеге арқау болған он бес баланың анасы­ Нағима Айма­ғамбетова  тұрмыстық   тіршілікте те, еңбекте де ерекше үлгі қалып­тастыра алғандығын оқырман­дарымыз біле  жүрсе  екен.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: