Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жынданып кете жаздадым…

20.05.2024, 11:00 227

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Қайда қарасаң да, ұялы телефондары мен планшеттеріне үңілген жастар… Қартайғандар да қалыспайды. Тамақ ішіп отырып та, автобуста кетіп бара жатып та, көшеде келе жатып та, жұмыста отырып та, әлеуметтік желідегі «Тик-Ток», «Инстаграм», Фейсбук дейіз бе, жоқ әлде, ватцап дейсіз бе, бас алмайды-ау, шіркіндер, бас алмайды!

Өткенде, жақын ағайынымыз қайтыс болып, соның жаназасына бардық. Жиналған жұрттың бәрі планшетттеріне үңіліп отыр. Молданың өзі, жаназа шығарарда ғана ұялы телефонын қалтасына салды. Табытқа салынған ағайынымыздың өзі ұялы телефонына үңіліп, о дүниесіне кетіп бара жатқандай… Біз үйде сөйлеспейміз. Балаларым сабақ оқуды қойды. Тек телефондарына телміріп отырғандары. Бір-бірімізге қарамаймыз. Сондықтан ба, әйелімнің түр-әлпетін ұмытып қалыппын. Әйелім де мені танымай қалып, кеше қайтадан таныстық. Жатарда мені құшақтамайды, телефонын құшақтайды. Түскі тамаққа ватцап арқылы шақырады. Бір күні әйелім УЗИ-ге барды. Ішінде жайғасып жатып алған болашақ баламның аман-есендігін білу үшін. Сорайып, мен де барайын. Гинеколог әйелімді жатқызып қойып, аппаратпен тексере бастады да, бір кезде шошып кетті…

– Өлә… – деді ол.

– Не болды? – деп сұрадым мен.

– Балаңыз…

Құрбақа құлағыма кіріп кеткендей, қорқып кеттім… Көздерім жыпылықтап:

– Баламыз өліп қалған ба? – деп сұрадым тағы.

Әйелім кемсеңдей бастады.

– Жоға, – деді дәрігер таңданып, – мына қызықты қараңыз! Жатырдағы балаңыз ұялы телефонымен «Тик-ток» қарап жатыр!

Дәрігер әзілдеді ме, ақырзаманның балалары желіге әзір деді ме, ол жағын ойлап үлгермедім, шалқамнан түстім. Менің ойым, «әйелім ұялы телефонды қалай, қашан жұтып қойған?» болды. Шалқамнан түсіп жатып, жынданып кете жаздадым. Жынымды басу үшін, дәл қазір «Тик-Ток» қарап жатырмын!

Мұхтар  ШЕРІМ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: