Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жоғалып кетті!

03.04.2023, 17:55 305

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Бүгінде не жоғалмайды? Түйме де, түйе де, қазынадағы миллиардтаған ақша да, тіпті, ақсақалдың қалтасындағы шақша да, адамдар да, мадамдар да…

– Жаңа ғана еңбектеп жүрген баламыз жоқ, Ерік! – деді әйелімнің бет-жүзі аспанға ұшып кеткендей дірілдеп.

– Ана жерді қарадым, мына жерді қарадым, қараған жерімнің бәрін санадым, жоқ! – дедім мен үрейленіп.

– Құдықтың ішін қарадың ба?

– Құдықтың ішінде құрбақадан басқа ештеңе жоқ!

– Иттің үйшігі ішін ше?

– Итіміз көршінің ұрғашы итімен қыдырып кеткен. Баламыз оның ішінде жоқ!

– Ойбууу енді қайттік? Полицияға хабарласаңшы?!

– Хабарлап қойдым. Ойпырмай ә? Еңбектеп жүрген тоғыз айлық бала қайда жоғалуы мүмкін, а?

– Мына заманда тез жынданасың! Қымбатшылық. Жұмыссыздық, үкіметтің сансыз салықтары, жәрдемақылардың мардымсыз болуы, бәрі-бәрі жиналып, жүйкемізді жүн етті ғой! Енді міне, бала жоғалтып отырмыз!

– Осы сен-ақ қыңқылдап қоймайсың! «Үкіметтің жәрдемақысын алып отырайық, жыл сайын туа бер, туа бер!» дейсің!

– Пәтер жалдап тұрамыз, Кезектен үй берілетін шығар?

– Мә , аласың! Ал, сегізін туып тастадым! Тоғызыншысы жоғалып кетті! Не болды енді? Балаларымызды санап шықтың ба?

– Жаңа қатар тұрғызып қойып, санап шықтым. Түгел емес. Жомартымыз жоқ… – дедім мен, сосын екеуміз іздей батадық.

Паластың астын қарадым, жоқ, шәйнектің ішін қарадым, жоқ. Қарамаған жеріміз қалмады. Бір кезде, өрт сөндірушілер келді.

– Ойбай? Сіз кімсіз? – деп сұрады әйелім.

– Өрт сөндірушілердің бастығымын. Сыртта өрт сөндірушілер тұр.

– Өрттің жоғалған баламызға қандай қатысы бар?

– Полицияға «баламыз жоғалды» деп хабарлапсыздар.

– Баламыз өртеніп жатқан жоқ қой?

– Полицияның қолдары тимей жатыр, бізге өтініш айта салып еді…

– Кетіңдер! Жоғалыңдар? – деп әйелім оларды қуып шыққаны сол, артынша, тағы біреу келіп тұр.

– Ойбай, тағы келді біреуі! – дедім мен.

Сөйтсек, салықтан екен, «Балаңыздың атында «ИП» жоқ па?», «Салық төлемесе, жәрдемақысынан ұстап қаламыз» дейді ме, салықшыны да әйелім сыпыртқымен қуып шықты.

Кенет, бір әйел келді. Аты Айым екен. Сөздері де дайын екен.

– Кешіріңіздер, мен санэпидстанцияның өкілі едім.

– Біздің жекеменшік асханамыз жоқ, – дедім мен.

– Менің келген себебім, полицияға «баламыз жоғалып кетті» деп хабарлаған екенсіздер. Полиция «біздің қолымыз тимей жатыр, сіздер бара салыңыздаршы!» деді. Жоғалған балаңыздың үсті-басы таза ма? Егер таза болмаса, айыппұл саламыз.

– Қайран үкіметім! Тек айыппұлдармен, есепсіз салықтармен күндеріңді көріп жатыр екенсіңдер ғой? – деді әйелім күңіреніп.

Ол кеткен соң, жылап отырған, бір кезде атып тұрды. Қуанып кетті.

– Ойбай? – деді сосын.

– Немене ойбай?

– Жомартымыз табылды!

– Қойшы?

– Айттым ғой, біз жынданғанбыз, сансыз салықтар, қымбатшылық, қайыршылық…

– Айтшы деймін, Жомартымыз қайда?

– Міне, әлі туған жоқ екенмін ғой? – деді ол ішін сипап қойып.

– Бәсе! Күні бұрын атын қойып, сабылып іздеп жүрміз! Біз таза жындылар екенбіз!

– Ойбуу, ішімдегі тоғыз айлық баламызды іздеп… Ойбууу, ешкім естімесін!

– Әй, Жомарт? – дедім мен әйелімің ішіне құлағымды тосып.

– Не болды әке, сонша айғайлап? – деген дауыс күңгірлеп естілгені. Селк ете қалдым! Өңім бе, түсім бе? Кешегі ме, ертегі ме? Қайтадан құлағымды тостым да:

– Жомартым менің, балам менің, қашан шығасың далаға? – деп сұрадым.

– Ікке, қазақ елі мақтаншақтар елі, мен… мен әзірге сыртқа шықпаймын…

– Жақында «толғақ» деген «прокурор» келсе, өзің-ақ іңгәлап шыға келесің! – дедім қуанғанымнан.

– Әке, үкімет жөргекпұлмен жарытпайды, күтесіздер…

О, тәңірім! Баламның айтқандары астарында не бар, соған сеніңіздер, қысқасы, шілдехана тойына келіңіздер!

Мұхтар  ШЕРІМ.

Карикатура  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: