Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖИ деген жақсы екен…

25.12.2025, 10:00 40

Жасанды интеллектіден айналайын! Жаңа жылға қарсы әйеліммен ұрысып қалғанбыз ғой. Ол менсіз қызметтестерімен жаңажылдық банкетке барғысы келеді, мен «бірге барамыз» деймін. Қатты аязда мектеп оқушылары қашықтан оқытылады ғой. Тура сол сияқты қашықтан сөйлесіп, қашықтан тамақтанып, ғашық емес, қашық жатамыз… Не керек, ұялы телефонымды ашып, көңілім жасып, желкемді қасып: «ЖИ, әйеліме Жаңа жылға арнап, өлең жазып берші» деп жаздым. Сол екен, ЖИ-дің жеті атасына рақмет, ақын болмасам да, арылдатып, сарылдатып төгіп өлең жазып берді.

Куплет 1:

Ауа райы нашар еді бізде,

Әйелім түспей қойды ізге…

Шайым да суып қалды,

Жаңа жыл есік қағып:

«Татуласыңдар!» — дейді бізге.

Қайырмасы:

Кел, ренішті қардай ерітейік,

Жаңа жылда бірге желігейік.

Мен қателессем – мойындаймын,

Сен күлсең – свет жарқырайды.

Жаңа жыл, жаңа ән,

Ескі ұрыс – ескі жоспар,

Құрысын!

Куплет 2:

Корпоратив, тост, әңгіме – бәрі кейін қалсыншы,

Маған керегі – сенің күлкің, бір қараған жанарыңшы. (?)

Мен мінсіз еркек емеспін, мойындау да өнер ғой,

Бірақ сені сүйетінім – ең тұрақты жоспар ғой.

«Қаласаң, әйеліңе, көңілдесіңе, не тоқалыңа ән шығарып берейін!» деп тұр.

«Айналайын, ЖИ! Дереу «осы өлеңіме (иемденіп алыппын) ән шығаршы!» деп жаздым. Мынадай жауап келді: Түсіндім. Мынау жеңіл, көңіл көтеретін жаңажылдық татуласу әуені – ыңғайлы, жаттауға оңай.

Әуеннің сипаттамасы: өлшемі: 4/4

Темпі: орташа, жылы (≈ 90–100 BPM).

Көңіл күйі: әзіл + кешірім + мейірім.

Стилі: поп/вальске жақын жаңажылдық әуен. Нотамен (қарапайым, дауыспен айтуға)

Куплет әуені:

Do Re Mi Mi | Re Do Re Mi |

Mi Fa Sol Sol | Fa Mi Re Do |

Қайырма әуені (көтеріңкі):

Sol Sol La Sol | Fa Mi Re Do |

Mi Fa Sol La | Sol Fa Mi Do |

Егер гитара/пианино болса: тональдік: C major. Аккордтар: Куплет: C – Am – Dm – G.

Қалай орындасаң әсерлі болады? Бастапқыда жай, илеген қамыр сияқты жұмсақ.

Қайырмада дауысың ашыған қамыр сияқты көтеріліп, ашыған қамыр сияқты күлімсіреп айтасың.

Құдайым-ау, стилі поп дегені несі? Орыстың попы керек еді. «Стилі өзіміздің молда болсын» деп жаздым. Біздің үйде гитара, пианино түгілі домбыра бар ма екен? До, ре, миларын, ашыған қамырларын түсінсем бұйырмасын! Маған әуен керек! Вальс! Осылай жаздым. Ән дайын болды. ЖИ-дің бір қатыны шырқап берді. Жаңа жылға бір сағат қалғанда әйеліме: «әнді өзім шығардым, жаным!» деп сыпырғыны сабалап отырып, орындап бердім. Әйелім риза болып, өмірінде бірінші рет бетімнен сүйіп алды! Бұрын тістеп алатын. Сол екен, Жаңа жылдан кейін сазгер болып шыға келдім! «Достарыма», «Дұшпандарыма», «Подъездестерге», «Құдаларға» деген бірнеше әнім бар! Жаса, ЖИ!

Мұхтар  ШЕРІМ,

Арнайы  «Халық»  газеті  үшін.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: