Бесінші қабатта тұрамын. Балконға шығып, кеше сатып алған дүрбімен қарсы беттегі көпқабатты үйге қарадым. Ойебаа-ай, бесінші қабаттың балконында бір сұлу келіншек тұр! Жай тұрған жоқ, темекі шегіп тұр. Үстінде көйлегі жоқ, төс тартарымен тұр! Күн ыстық болған соң, шешіп тастаған ғой? Мүсіні «мынауский» енді… Кіндігі үш бұрышты емес, доп-домалақ… Туу, белі үзілейін деп тұр ғой? Кенет, ол да еңкейіп, үстел үстінен дүрбісін алды. Маған қарап, жымиды. Мен де жымидым. Маған қарап, ернін дүрдитті. Мен де сөйттім. Тілін шығарды. Мен де сөйттім. Не деген, қылықты келіншек еді? Ол теріс айналып, жалаңаш бөксесін көрсетті. Мен де теріс айнала беріп, жалпиған жамбасымды көрсетейін дегенмін, қарсы алдымда көздері домалап түсердей болып, әйелім тұр.
– Қайда қарап тұрсың? – деп сұрады.
– Мына үйді айтамын да, қисық салыныпты дейін бе, әлде, құлайын деп тұр дейін бе? Мердігерлер тендерден ұтып алады да, ақшадан жонып жеп, арзан материалдармен құрылысты бітіре қояды, әкімдермен ауыз жаласқан, – дедім мен.
– Жаның шықсын! – деді әйелім.
– Үйдің қабырғалары қақырап кетіпті.
– Жаның шықсын! – деген әйелім дүрбіні жұлып алып, келесі үйге қарай бастады.
– Өй, қайда қарап тұрсың? Кеше ғана пайдалануға берілген үйді қарасаңшы? – деп міңгірледім мен.
Дүрбіні қолынан жұлып алып, ол қараған жаққа көз салсам… Ой, оңбаған-еей, бесінші қабаттағы балконында бір еркек мәйкішең, әйеліме көзін қысып тұр!
– Жаның шықсын! – дедім мен.
Қызғаныштан, дүрбіні балконнан лақтырып жібердім. Төменде ойнап жүрген балалар қағып алып, тұра қашты. Қызғаныштан, балконнан секіріп кетейін деп едім, ертең несие төлейтінім есіме түсіп, аяғымды тартып алдым. Жылдар бойы несие төлеп, күн көргенді жақсы көремін ше…
Мұхтар ШЕРІМ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!