Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаным  ашып  кетеді…

31.12.2025, 10:50 32

HALYQLINE.KZ

2025  жылдың  соңғы  сатирасы

Қайтемін енді? Солай жаралсам! Қайғылы кино көріп отырып, жылай беремін ғой. Бір күні танысым тапырақтап келіп:

– Қарызға қырық мың теңге бере тұршы, — деді.

Оның қарызға Президенттен алса да, қайтармайтынын білемін ғой.

– Бере алмаймын, — дедім.

– Бала-шағам аш еді, — деді ол күрсініп.

Сол екен, жаным ашып кетті де, қырық мың теңгені қолына ұстата салдым. Әлемде деймін де, анау жерде, мынау жерде соғыс өрті бұрқ ете қалады. Періште балалар өліп жатады. Теледидардан көрсетеді. Біз көріп отырып шай ішеміз. Қантты екі қасық салып. Кейде үшіншісін де қосып қоямыз. Балалар өліп жатқанда қант қымбаттап кетпесе екен деп уайымдаймыз. Ал мен шыбын өлтірсем, шыбын жаным шырқырап кетеді. «Ұшып жүре бергенде ғой, ызыңдап. Өмірі қиылды бейшараның» деп күні бойы ойланып, қайғырып шығамын. Әлем қатыгез болып барады дейді ғой. Жоқ. Әлем емес. Әлем баяғыдай. Біз ғана бәріне үйреніп кеттік. Сондықтан адам өлсе – жаңалық, ал алма кесілсе – трагедия. Өйткені мен алманың өзін қырш еткізіп жегенде, жаным ашып кетеді. Алмаға. «Жаңа ғана томпиып тұр еді. Жаңа ғана қызарып тұр еді! Қалай ғана өмірін қидым екен?» деп мазам қашады. Жемқорлар бар екенін білемін. Білемін де қоямын. Білу – бізде азаматтық ұстаным. Ұрланған миллиардтарды көріп отырып, нанды үнемдеп жейміз. Нанды қоқысқа тастамауға тырысамыз. Ал миллиардтарды өңештеріне тастағандарға «обал болды» деп ешкім айтпайды. Сосын ғой, нанға жаным ашып кетеді. «Пышақпен кесіліп жатқанда қандай күйде болды екен?» деп… Жүрегім сондай жылы. Ал өз басым торт жегеннің өзінде жаным шырылдайды. «Жаңа ғана кесілмей тұр еді! Жаңа ғана тәп-тәтті болып тұр еді! Енді не болды? Ауызда шайналып, асқазанға кетіп қалды» деп қайғырамын. Жаным ашып кетеді. Қанішерлер жазықсыз біреуді пышақтап жүре береді ғой. Қой бауыздап жатқандар қандай қатігез еді! Жүрегім жылайды. Сағызға да жаным ашып кетеді. Қыз-келіншектер аямай шайнағанда, көзіме мөлтілдеп жас келеді. Біреу сені солай шайнап жатса, жақсы көрмейсің ғой. Әсіресе, қызанақты турамай жей салсаң ше? Ойбуй-и, жаным-ай, помидорым-ай, тісімнің арасында мыжылып, шайналып…

Кешіріңіз, оңаша барып жылап алайын… Жаңа ғана қуырылған тауық етін жеген едім. Қайран тауықтар-ай, күні кеше ғана қыт-қыттап, қоразына сүйкеніп, жұмыртқалап жүрген еді ғой. Енді міне, Жаңа жылға да жете алмай… Ту-у, жаным ашып кетті…

(Авторлық құқық қорғалған, театр ұрыларына айтарым… Оларға жаным ашымайды…)

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: papik.pro

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: