Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңғырған жоба

25.11.2021, 10:30 449

Аудан әкімі мәдениет бөлімінің басшысын кабинетіне шақырып шөміштен қысты.

– Сендер, неге ерекше мәдени сайыстар мен жарыстар өткізбейсіңдер? Мереке сайын бір әнді қайталап айта бересіңдер? Өзгеріс жоқ, – деп ақырды.

– Басеке, жақында атыс болды, ааа, кешіріңіз айтыс болды?

– Айтыс баяғыда қайтыс болды. Бұл жаңалық емес, бұрын-соңды болмаған іс-шаралар табыңдар, – деді әкім.

Сөгіс естіген басшы басы салбырап кабинетіне келді. Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісін шақырып алып, жеті атасынан түгендеп боқтады.

– Сені жұмысқа не үшін алдым? Қолыңнан түк келмейді. Кабинетіңде отырып бір қағаз ұстағаныңды көрмедім. Үнемі сыртта көлеңкеде шылым шегіп, өсек айтып отырасың.

– Олай демеңіз, дәлелің бар ма? Ел қатарлы жұмыс істеп  жүрміз, – деп, көркемдік жетекші бастығының айтқанына көнер емес. Қызметін атқаруға мүлдем қабілеті жоқ. Бірақ, өзін мақтауға шебер-ақ.

– Болды, жап аузыңды, саған соңғы мүмкіндік беремін, жақын арада жаңаша сайыстар өткізуіміз керек, – деп, ашу шақырды. Үстелді сабалады. Жетекші басын қасып шығып кетті. Түнімен қатты ойланды. Толғанды. Ертеңіне өзі ойлап тапқан жобамен есікті қақты.

– Басеке, керемет сценарий жаздым.

– Қандай?

– Жарыс.

– Ат жарыс па?

– Жоқ, жағымпаздар жарысы.

– Ол қалай сонда? – деп, басшы ойланып қалды.

– Жағымпаздық – қоғамдағы жазылмайтын дерт. Жаман әдетпен күресу – әр адамның  міндеті.

– Солай деп ойласың ба?

– Басеке, саспаңыз, – деді.

– Мұндай сайыс еш жерде өтпеген болар?

– Қазақстанда бірінші рет басеке, маған сеніңіз, – деп, көркемдік жетекші жерден жеті қоян тапқандай мақтанып тұр.

Сонымен, сайыс өткізудің жоспары құрылды. Қыруар қаржы бөлініп, қызу жұмыс басталып кетті. Қазылар алқасы да анықталды. Алқа төрағасы болып ауданға сыйлы азамат Қопаш Қотаров тағайындалды. Әншейінде қазақша концертке билет алмайтын жұрт осы жолы қызығушылық танытты. Сайысқа мыңдаған адам қатысуға ұсыныс түсірді. Оның ішінен он үміткер іріктеліп алынды.

Бүгін кешке жаңғырған жобаның шешу­ші кезеңі болады. Сахнада тілдері салақтап қатысушылар тұр. Мәдениет үйі халыққа лық толды. Бірінші кезең басталды. Сайысқа қатысушылар балмұздақты жарыса жалап жатыр. Тілі ұзын бір әйел екі жалағанда жоқ қылды. Залдағылар тамсанып отыр. Бір жас бала балмұздақ сұрап жылап  жіберді.

Ал, енді екінші кезеңге кезек келді. Сахнаға он кесе араның балы қойылды. Ойпырмай, көзді ашып-жұмғанша жала­ғыштар балды жоқ қылды. Әзірге бәрі де мықты. Тілдері жалаң-жалаң етеді.

Бірақ, халық пен қазылар алқасының күтіп отырғаны үшінші құпия кезең еді. Ойлары: «бұл жолы не жалайды екен?».

Сахнаға бойы сорайып мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі шықты.

– Құрметті көрермендер, екі кезең бойы сайыскерлер балмұздақ пен бал жалаудан алдына жан салмады. Дайындықтары өте керемет. Тілдері жақсы жұмыс істейді екен.  Ендігі  шешуші кезең ол – туфли жалау…

Зал ду ете қалды. Мәдениет бөлімінің басшысы төбесінен біреу қойып қалғандай селк етті. Беті қабығын аршыған алмадай қарайып кетті. Ол бұл сайыстан мұндай жаңалық күтпеген еді. Қатты састы.

Сахна төріне он шақты  туфли қо­йылды. Оның ішінде шаң басқан аудан әкімінің туфлиі және табаны тозған аудан­дық сот пен мәслихат хатшысының аяқкиімі бар. Ұйымдастыру комитетінің ұсынысымен облыс басқарып отыр­ған лауазымды басшылардың туфлиі де қойы­лыпты. Ең  бас­тысы министрліктен арнайы алдырған жылтыраған қара туфли сахнада үстел үстінде  қақиып  тұр. Басшылардың тізілген туфлилерін көріп үміткерлерден бұрын қазылар­дың аузынан  су  ақты. Ойлары  бұзылды.

Жүргізуші:

– Сайыскерлер, жарыс басталды, – деп, белгі берді. Сол-ақ екен әділ қазылар ал­қасының төрағасы, елге әйгілі Қопаш Қотар­ов министрдің қара туфлиін ала қашты. Қазылардың бір мүшесі аудан әкімінің туфлиін қағып үлгерді. Енді біреуі облыстан әкелінген туфлиге жабысты.

Сайысқа қатысушылар жалауға туфли таба алмай таласты. Төбелес басталды. Халық сахнаға жүгірді. Аудандық соттың туфлиін залда отырған бір көрермен іліп әкетті. Қысқасы, туфли жалағыштар көбейіп кетті. Жарыс аяғына дейін өтпей қалды. Үміткерлер бұл туралы тиісті жерге шағым түсірді. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы көркемдік жетекшіні шақырып  алды.

– Әй, сен, көркемдік жетекші емес, көргенсіз  жетекші  екенсің, – деді.

– Неге олай дейсіз?

– Туфлиден басқа жалайтын ештеңе таба алмадың ба? Бүйт­кен жаңалығың құрысын, кет жоғал…

– Басеке, басы жақсы бас­талып еді, бұлай боларын кім білген? – деп, ол баяғы әдетінше өзіне шаң жуытпай тұр. Басшы ертеңін ойлап қобалжып отыр. Сол күні облыстық Жағымпаздар одағының төрағасы Иілген Төселгенов «бізді келе­междеді» деп, бұл сайыс туралы сотқа арыз түсіріпті.

Әлде, біздің қоғам расында осындай ма?…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: