Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалмауыздар

19.09.2025, 9:55 157

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан үзінді)

(Айтайын дегенім: сатиралық романымның өзіме онша ұнамаған тарауын әдейі парақшама жариялаймын. Ондағы ойым, оқырман пікіріне құлақ асу. Белсенді оқырманым, әрі жиенім Құрал Омар «әлі де қатайту керек» деп пікір жазған еді, екінші нұсқасын жаздым.)

– Жарандар! Ет жейсіздер ме? — деп дауыстады Жансеріктің дауысы қарлығып, – бір депутат жазғы каникул кезінде көше аралап: «халықтың жағдайы жақсы. Кедей ешкімді көрмедім» депті. Соқыр депутат екен!

– Сол депутат үйімізге кіріп, ет жеп шығыпты ма? — деп айғай салды біреу жанынан зу етіп өте беріп. Сол екен, аялдамада тұрғандар шулап қоя берді:

– Бізде ет жоқ, оларда бет жоқ!

– Ауыл шаруашылығы жабайы шаруашылыққа айналды!

– Жылқыдан гөрі шошқа шаруашылығы дамып кеткен!

Жансерікке бір кісі жақын келді:

– Ет пе?

– Ет.

– Біз ет жемейміз.

– Неге?

– Былтыр әйелім ет асқан. Соны бір жыл бойы шайнап, сөлін сорып жүрмін. Жұта салайын десем, ет қымбат.

– Ет жеңіз.

– Сатып жүрсіздер ме?

– Жоға, тегін.

Ол еттен бір асап кете барды.

Енді ол «бір әйелге» жақындаған болды:

– Апай, ет жеңізші.

– Рақмет, көшеде кетіп бара жатып ет жеп көрмеген едім.

– Жеп көрсеңіз…

– Тегін бе?

– Су тегін.

– Не үшін тегін таратып жүрсіңдер?

– Халықтың «әл-ауқаты керемет» дегенді байқау үшін… Ой, қолыңызды жумайсыз ба?

– Кеше жуғанмын. Мұны «бешбармақ» дейді.

– Апай, бешбармақ емес, асылған ет…

Бір кезде екі полицей жетіп келді.

– Не істеп жүрсіңдер?

– Халыққа піскен ет таратып…

– Қамырдың арасында халықты митингіге шақыратын хаттар жоқ па?

– Жеп көріңіздер…

Олар бір-бір еттен асап, «дәмді екен» деп кетті. Артынша «санэпидстанцияданмын» деген бір ашқарақ жігіт екеуінің қолын, тырнағын, тістерін көріп, тазалығын тексеріп: «рұқсат қағаздарың, ИП бар ма?» деп сұрады. Жансерік жай, эксперимент жүргізіп жатқанын айтты. Тексеруші жалмауыз екен, еттің жартысын жеп, сүйектің кемігін сорып кетті.

– Ет жеңіздер, біздің ел өте бақуатты! — деп дауыстаған Жансеріктің жанына қалалық соттың төрағасы келді.

– Сотталып кетесіңдер! Ет дегенде үкімет адамдары елестейді. Ал, сендер оларды мазақтап тұрсыңдар! — деді. Артынша ет жеп, сорпа ішіп ол кетті. Біреу үн-түнсіз келіп, еттен асап-асап кетіп бара жатыр еді, Жансерік қолынан ұстай қалды:

– Кім екеніңізді білуге бола ма? — деп сұрады.

– Қала әкімімін ғой. Қала халқының жағдайы сорпаңыздағыдай майлы екен. Ертең президентке солай есеп беремін… — деді. Жай кеткен жоқ, тоқпан жілікті мүжіп барады.

Біреу қалған еттің бәрін жеп қойды. Тіпті легенді жалап өліп барады. Қала прокуроры екен. Қара халыққа деп алып шыққан еттен түк қоймады, жалмауыз…

(Ұры театрлардың әртістеріне айтарым: авторлық құқым қорғалған).

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: papik.pro

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: