Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жалғанline»  тарифі

26.01.2026, 8:30 42

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан үзінді)

Министр біткенді қатар тұрғызып қойып, бір шелек қара бояуды беттеріне жаға беруден аулақпыз – кейбірі ғана өздерін қаралап біткен ғой. Рас қой, ұлтына ұйықтап отырып та сөйлемейтін, қағазға үңіліп-ақ елдің тағдырын шешетін, тіпті шешіп тастап, кілтін өз қалтасына салып кететін министрлерден айналасың! Ал, от жақса – күлі жоқ, сөз айтса – түбі жоқ, ісінде бүрі жоқ, тек креслосында көлгірсіп отырғандар Құрақбаевқа аздап ұнамай жүр. Бірақ шіркіндер соны өздері байқамайтын да сияқты. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып Дарын Жұмашұлының келгені дұрыс болды. Ал елдегі ұялы байланыс олигополиясының төрт бірдей компания басшыларына ащы бұрыштай тиді. Олар шиша шайнағандай күй кешті. Тіпті халық қалаулыларының біразы олигополияны (бір салада аз ғана компания, екі-үш қана фирма бар, бәсекелестік атымен жоқ) сынап тастады. Жылдар бойы Жаңа Қазақстан атала беретін бізде бәрі реформа, бәрі цифрландыру, бәрі «бәсекелестік» деп айғайлап жатқанымен, елдегі ұялы байланыс нарығын бәрі жақсы біледі – төрт алпауыт оператор бар. Бірақ сырттай төртеу болғанымен, ішкі жағынан бір ағаштың төрт бұтағы, бірін-бірі қытықтап отыратын құдды төрт күйеу бала сияқты. Олардың атауы да елге аян: «Құлақфон», «Алло?», «Биле», «Жалғанline». Халық арасында бұларды мақтап жатпайды – «Төрт төреші төрттік» дейді. Өйткені тариф көтеру туралы шешімді төртеуі бір мезгілде, бірдей минутта, бірдей секундта шығарады. Тіпті кейде жарнамалары да бірдей – тек әріп түстері ғана басқаша.

Төрт компанияның бас директорлары жылына бір рет құпия кездесуге жиналады. Ол жиын «Бәсекелестік форум» емес, жасырын түрде «Халықтан тиын арттыру комитетінің Алқасы» деп аталады. Бірақ құжаттарда қысқартылып, «ХТАКА» деп жазылады. Оқуға қиын болғандықтан, ешкім мән бермейді. Бас директорлар бүгін дөңгелек үстелге жайғасқанда, бірінші болып сөзді «Құлақфон» басшысы алды. Бойы екі метрден асатын, шардың формасындай басы бар, құлақ шекелерінде ғана шашы бар, қимылдағанда интернет тартпай қалғандай кідіре беретін адам.

– Биылғы жаңалығымыз: «Әр тынысыңа – 1 теңге» тарифі! Тұтынушы дем алса да ақша түседі. Дем алмаса да түседі, өйткені жүйе қателесіп кетеді.

– Тамаша! — деді «Алло» басшысы, – мен де жаңалық әкелдім. Біздің тариф: «Емле қателері үшін абонент ақысы» деп аталады. Бүгінде желіде отырып, «апай» дегенді айран, «еркек» дегенді есек, «әкім» дегенді мәкім, «шоколад» дегенді оклад деп қате жазатын сауатсыздар көбейді. Халық SMS жазғанда қате жіберсе – қосымша төлем.

– Тоқтай тұрыңдар, — деді «Биле» директоры, көзілдірігін түзеп, – біздің тариф бәрінен асып түседі: «Әкесін танытшы!» тарифін қосқалы отырмыз. Бір-бірін желіде желігіп, ерігіп балағаттағандарға арналады. Сол үшін қосымша ақы төленеді.

Бәрі ду қол шапалақтады. Сосын «Жалғанline» басшысы орнынан тұрып, қалың папканы ашты.

– Менде одан да күштісі бар. Тарифіміз: «Телефон ұстап тұрғаны үшін». Желі қолданбаса да, телефонды ұстағаны – потенциалдық жүктеме.

Сол екен, халық телефондарын қолмен емес, аяғымен қалай ұстауды үйрене алмай, қара терге түсіп жатты… Аяқпен ұстап сөйлессе, тариф арзан екен…

Мұхтар  ШЕРІМ.

Фото: cs15.pikabu.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: