Бүгінгі сатира
(«Далбаса дөкейлер» сатиралық романымнан үзінді)
2040 жыл. Президент бесінші жылы өз еркімен кетіп, демократия шіркін Қазақстанға жетіп, халық «қой үстіне бозторғай жұмыртқаласын!» деген ұранмен Жансерік Құрақбаевты президент етіп сайлады. Халықтың қуанышында шек жоқ, жасырын кландарда жайдары леп жоқ. Президент билікке келген сәттен кландардың құлақтарынан бұрап, шаштарын істік тарақпен тарап, кейбірін қызметтерінен домалатып, жағымпаздардың көз жастарын сорғалатып, көнбегендерін жорғалатып, анаусын анау жаққа, мынаусын мынау жаққа атып, шіренген шенеуніктердің жазасын берді. Жемқорлардың тыныстары тарылды, «болды, болды, өмір бойы ораза ұстаймыз» деп жалынды. Өздеріне пиар жасап, көбік сөзден көбелек ұшыратын депутаттардың да ауыздарына құм құйылды. Министрлер халықпен құшақтасып, жекжат-жұрағаттарын көргендей қауышып көрісетін болды. Әкімдердің өтірік есептері тыңдалмайтын болды. Бюрократия жойылып, шенеуніктер ырғалмайтын болды. Тіпті бір министр «енді не істеуге болады?» деп Тибет монархтарына хат жазыпты, «шындықпен өмір сүруді үйретіңіздерші!» депті. Президенттің ұстанымы: «Әділдік – басты бағдарлама. Бюджет – халыққа. Пәтер біткен – жетім-жесірлерге. Жауапкершілік – шенеуніктерде.
Ел ішінде гу-гу, шенеуніктердің бастары бу-бу. Терлеген ескі қазақстандықтардың үсті-бастары су-су… Президент Астана маңындағы жазық далада салынатын «Экоқала» жобасын талқылап, ақырында құрылыс бастықтарына пәрмен берді. Бір жыл ішінде «Эко қалада» аспанмен таласқан, көпқабатты киіз үйлер пайда болды. Бұрынғы бетон, темір, арматура деген сөздер музейге тапсырылды. Құрылыс материалдары – уық, кереге, ши, туырлық. Мұнда ең ірі құрылыс компаниясы «ҚазКиізProm». Қалаға автокөлікпен кіруге қатаң тыйым салынды. «Бензиннің иісін емес, жусанның иісін жұтсын халқым!» деді президент. Қаланың әр аялдамасында ат байлайтын керегелер, шөп салынған астаулар. Атбегілер такси қызметін атқарып жүр. Артына мінгесіп ала жөнелесіз. Стрестен арылып, қазақы қаланы тамашалайсыз. Жолақысы сәл қымбаттау. Бірақ желдіріп жеткізеді. VIP такси ат арба күтіп тұр. Арзанды қаласаңыз, мархабат, эконом класс-есек арбалар тұр тізіліп. «Есекке еріккендер мінеді» деп ойласаңыз, жаяу жүргіншілерге арналған жолда экскалатор! Тұра қалсаң, өзі әкете береді. Айтпақшы, мұнда қыздар кіндіктерін көрсетіп, сандарын жарқыратып, төстерін томпитып жүре алмайды. Қала халқының киімі – қатаң қазақы. Көнбейді екенсің, айыппұл төлейсің! Кемпірлер көшеден кеңкілдеп күліп өте қалса, тәртіп сақшылары: «Кимешек киіп жүріңіздер!» деп ескерту жасайды. Қаланың «Кимешек» пункті 24 сағат бойы жұмыс істейді. Ойхо-ой, мұндаға кафе мен мекемелердің, ғимараттардың маңдайшаларында бірде-бір ағылшын сөзі жоқ. Бәрі қазақша! Баннерлерде: «Еркін демал! Рақат өмір сүр!», «ешкіге кебек, халыққа жасыл желек» сияқты қазақша сөздер жазылған!
Ал енді сіз бар ғой, шөлдеп өліп бара жатсаңыз, әр аялдамада самауыр қайнап тұр. Бір кесе шай ішіп, есек арбада кетіп бара жатасың. Қарның ашты ма – нан мен құрт автоматы бар. Ал, қымыз ішкіңіз келсе қызық, кеңес дәуірінде «газвода» аппараты болушы еді ғой, тура сондай, тек маңдайына: «газсыз қымыз» деп жазылған. Бес тиын саласың, бір стақан қымыз дайын. Қала әкімдерінің саны он адамнан тұрады. Бірақ төмен лауазым болып саналады. Басшылық төменнен жоғарыға. Олардың үстінен «әкімшілік қызметкері» қарайды. Қала әкімдері күн сайын оған есеп беріп тұрады. Бюрократия атымен жоқ, құжат сұрасаң, қойдың тұяғымен мөр басып бере салады. Бұл экоқала нағыз рухани төңкеріс болды! Журналистр «Қазақстанның Киото қаласы», шетелдіктер «Etho-Utopia» деп ат қойып үлгерді. Бастық біткен жиналысқа түйемен кетіп барады…
Мұхтар ШЕРІМ.
Фото: ipress.ua
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!