Бүгінгі сатира
Небір блогерлер болады ғой, сұхбаттасатын кейіпкерінің жілік-жілігін шығарып, сорып-сорып тастайтын. Блогердің «Өтірік айтпайсыз ба?» бағдарламасына шақырғын қонағы – «Халықты жақсы көреміз!» министрлігінің вице-министрі Аманкелді Асаубаев мырза.
– Әбеке, бағдарламамызға бес ай бұрын шақырып едік, әрең келдіңіз, неге?
–Х алықтың жағдайымен қол тимей кетті ғой. Халық үшін тудым, халық үшін өлемін.
– Сіз белгілі тарихшысыз. Академиксіз. Солай бола тұра, министрлікке келмей тұрып, бір сұхбатыңызда: «Қазақ зиялылары шеттерінен гав… кешіріңіз, орысша былапыт сөзге тілім бармай отыр, «тезек» депсіз. Ұялмадыңыз ба? Тек, өтірік айтпаңыз.
– Олигархтарды айтамын да! Шеттерінен тезек! Сасыған тезек! Етке сойылатын бұқалардың сасыған тезектері! Қарындарын, қалталарын ғана ойлап, билікке жағымпазданып, болашаққа ештеңе қалдырмады. «Тезектер» демегенде, не дейін?
– Дұрыс қой, кейбірінің тезек екендері рас, бірақ, сыпайылап … сіз зиялысыз ғой өзіңіз?
– Ия.
– Сіз де тезексіз бе?
– Сен бала қайдағы сұрақты қояды екенсің?
– Айтыңызшы, жас кезіңізде «Шарик-марик» ойнап, халықты қан жылатқан екенсіз?
– Жаспыз ғой енді. Жаспыз, өмірге маспыз..
– Мектеп бітірерде, досыңыздың сағатын ұрлап алыпсыз? Рас па? Өтірік айтпаңыз.
– Жоқ, ұрламадым. «Осындай сағат әперіңдерші?» деп әке-шешеме көрсету үшін ғана ұрладым. Кейін қайтарып беремін деп, ұмытып кетіппін.
– Кезінде таныстарыңыздан қарыз сұрап алып, оны бермей кетеді екенсіз?
– Беремін деп жүргенде, оларды таппай қаламын ше? «Қашан алдым?» деп қашып кетеді, бәрі.
– «Жер сатылмасын, жер сатылмасын!» деп митингіде айқайлап жүрдіңіз де, кейін министрдің орынбасары болған соң, үніңіз өшіп қалды. Бұл билікке сатылғаныңыз ба?
– Мен жер емеспін ғой, сатылатын…
– Жарайды, айтыңызшы, бұрын бір сұхбатыңызда: «Қазақ еліне қара қытайлар қаптаса, п… жоқ, ұяламын. «Здесь» болады депсіз? Рас па?
– «Здесь» деген орысша сөз, қазақшасы – «осында».
– Жоқ, нақтырақ айтсам, «…издес!» болады депсіз. Бұл қазақ зиялысының айтар сөзі ме?
– Ия, өзің де, «издес» блогер екенсің! Алдына «П» әрпін қойғанда! Мен халық үшін өмір сүремін! Халық үшін! – деген ол орнынан ашуланып тұрып, кетіп қалды. Блогер ішінен: «Ағамыз «здесь» екен деп ойлады. Ойлағаны үшін жаман ұялды. Ұятын-ай!
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Фото: newprospect.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!