Бүгінгі сатира
(«Ұрының қатыны» романынан үзінді)
Бір пақыр былай ойлапты, «кейінгі кезде, адам түстерінің берекесі кетті, ешкім арнайы сценарий жазып бермейді, цензура жоқ болған соң, не болса, сол кіреді. Адам түстеріне кіретін жалаңаш қыздарға, порноларға, алаяқ компанияларды жарнамалайтын блогерлерге тосқауыл қою керек! Вета қою керек».
Парламент мәжілісінде бір депутат «Адамдар түсін оңтайландыру» министріне сұрақ қояды:
– Кез келген адам салауатты түс көрсін! Біздің елде халықтың дені аш-жалаңаштар. Олардың түсіне ет, шұжық, сары май, сүт, кәртөшке кіреді. Бағаны тұрақтандырып, олардың түстеріне бақытты, шалқыған өмір кіргізбейсіздер ме? Бұл түс мәселесі үкіметте неге қаралмайды? Картошке неге өңімізде қымбаттап кетті? – деген депутаттық сауал тастады.
Министр бүгінде заманауи, онлайн түстердің дамығанын айтып ақталды. «Біз халыққа, түнде ұйықтағанда, интернет арқылы онлайн түстер жібереміз. Олар жаңа Қазақстанның жарқын жылдарын түстерінде көреді. Бірақ, ескі Қазақстанның хакер шенеуніктері ол түстердің арасына вирусты жарнамалар жіберіп, адам түстерін бұзып жатыр» деді министр.
– Адамның көрген түстері құрысын! – деп жалғастырады депутат, – кейбір министрлер орыс тілінде түс көреді. Неге қазақы түстер көрмейді?
– Шетелден инвестиция тартып жатырмыз. Жуырда, шетелдік түстер әкілінеді. «Тауықтың түсіне тары кіреді» деген тақырыпта.
– Сіз не деп тұрсыз? Бізге қазақы түстер керек! Қазақша түс көрейік те? Тым болмаса, түсімізде арзан қымыз ішіп, арзан ет жеп…
Министр мінберде тұрып, құс ұйқыға кетті. Қандай түс көріп жатыр екен? Түсінде уылдырық, қазы-қарта көріп дегендей. Па, шіркін! Сіздің түсіңізге не кіреді?
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Фото: zerut.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!