БҮГІНГІ САТИРА
(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан үзінді)
Баяғыда, осыдан 50-60 жыл бұрын «блогер келе жатыр» дейтін болса: «ол кім? Құданың аты ма?» деуші ме еді? Блогердің кім екенін түсінбейді ғой. Бүгінде «блогер келе жатыр» десеңіз, әкімқаралардың өзі «бұқа келе жатыр, сүзіп кетеді» дегендей тізелері дірілдеп, көзінің алды «іріңдеп» кетеді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістерге: «блогер келе жатыр!» десеңіз, партизан екен деп түсініп қалып, ата салады. Бүгінде блогер көзбен атады, не сөзбен атады. Баяғыда, алғашқы адамдар дәуірінде «блогер келе жатыр» деп көріңізші, жабайы адамдар не ұқсын? Сол блогеріңді отқа қақтап, «дәмі жақсы екен» деп қатыр-құтыр жеп отыратын еді. Ал бүгінгі блогер…
Бір күні Бұқабай ТикТокқа тіркеліп алып, мотивация таратуды ойлады. Өзінің миы ашып тұрғанына қарамастан, елге ақыл айтқысы келді. Бірақ ауылда интернет деген ауырып, өлмей, не өле алмай жатқан шал сияқты. Бірде жеті сағат жөтеледі, бірде кенеттен көңілденіп кетеді, бірде мүлде төсектен тұрмай қалатындай. Бұқабай дереу көше жиегіндегі биік терекке ұмтылды. Бұтақтан-бұтаққа жармасып, ұшар басына дейін шығып алды. Бір бұтаққа отырып алып, ұялы телефонын шұқылап еді, мәссаған, интернет ұстап кетті. Ойланбастан өзін жұмыстан шығарып жіберген Байназар туралы: «ол оңбаған адам, ол сондай адам, ол жексұрын, сұмпайы!» деп балағаттап, жерден алып, жерге салып, суға салып, судан алып, отқа жағып, оттан алып, ашуы тарқағанша пост жазды. Сосын елге ақыл айта бастады: «таңертең бір стақан жылы су ішуге болмайды, бір шелек су ішу керек. Сонда асқазаныңыз әбден шайылады». «Ұйықтарда екі көзіңізді жұмып жатыңыз. Бір көзді ашық қалдырып ұйықтау денсаулыққа зиян», «қатты есінеуге болмайды, езуіңіз жыртылып кетуі мүмкін», «басыңыз қышыса, қасыңыз», «айлығыңыз шайлығыңызға жетпесе, өкінбеңіз, бәрібір жетпейді», «қымбатшылықтан қорықпаңыз, кекеш болып қаласыз».
Содан не керек, Бұқабай бір бұтақта аяғын салбыратып отыр еді, көшенің басында тұратын Тұйғынбайдың келіншегі дауыстады:
– Ағай деймін!
– Ау?
– Интернет ұстай ма екен?
– Иә.
– Аудан орталығында тұратын қайнағама телефон соғыңызшы. Ертең түсте құдайыға келсін.
– Ойбай! Өзің хабарлас!
– Терекке шыға алмаймын ғой. Ағай хабарласа салыңызшы. Телефон нөмірі 87011121131.
– Единицам жетпейді, өзің шық.
Тұйғынбайдың келіншегі ойланып тұрғанда, көшенің аяқ жағында тұратын кемпір жоғары қарады.
– Әй балам, неғып отырсың?
– Пісте шағып.
– Терек басында күнбағыс өсіп тұр ма? Одан да аудандағы «Жедел жәрдемге» хабарлас, біздің үйдегі қара сиыр толғатып жатыр.
– Апа, сиыр толғатса, «Жедел жәрдем» келмейді ғой.
– Шақыра салсаңшы. Бірдеңе етіп, көмектесер. Жалғыз сиырымыз өліп қалса…
– Апа, ақша төлейсіз бе?
– Пенсиям келгенде беремін.
Бұқабай «жедел жәрдемге» хабарласып болғанда, төмен қарап еді, Тұйғынбайдың келіншегі терекке жармаса кетіпті. Тіпті өзі отырған бұтаққа жайғасып алды. Қатар отыр. Аяқтарын салбыратып, шаштарын жалбыратып.
– Мәссаған, қалай өрмелеп шықтың? Құмырсқасың ба? — деп таң қалды Бұқабай.
– Шахматты жақсы ойнаймын.
– Шахматтың терекке өрмелеуге қандай қатысы бар?
– Айта салғаным ғой.
Толғанай қайнағасына хабарласа бастады.
– Қайнаға, қалайсыз? Мен ғой, келініңіз Толғанай.
– Қайда отырсың?
– Бұтақта отырмын.
– Бұтағы несі?
– Сеть ұстамаған соң, терекке шығып алдым, қайынаға. Ертең түсте үйге келіңіз. Құдайы беріп жатырмыз.
– Інім қайда?
– Ішіп жүр ғой.
– Е-е, несіне жетісіп ішеді екен?
– Соны айтсаңызшы! Ойбай, қайнаға!
– Не болып қалды?
– Жай, құлап қала жаздадым… Жақсы, ертең абысынымды ертіп келе қойыңыз.
Бір кезде төменнен Тұйғынбайдың дауысы шықты.
– Толғанай!
– Не?
– Неғып отырсың?
– Қайнағама телефон соғып.
– Жоқ, Бұқабай сұмырайдың қасында неғып отырсың деймін?
– Оның «студиясы» осы жер екен ғой.
– Түс деймін! О, шешең…
– Түспеймін.
– Неге?
– Сен ұрасың.
Бір кезде Тұйғынбай көрші жігітті ертіп келіп, теректі аралауға кірісті. «Бұқабай, адам емес екенсің ғой!» деп қояды. Кенет терек қисая бастады. Толғанай шыңғырып жіберді. Дәл осы сәтте арпа артқан телешкілі трактордың өтіп бара жатқанын айтсаңшы! Екеуі сол телешкідегі арпа үстіне құлады. Тіпті Бұқабайдың басы арпа арасына кіріп кетті. Бір қараса, Тұйғынбай жүгіріп келеді екен. Толғанай телешкінің бұрышында жатқан шелекке арпаны толтырып алып, күйеуіне ұстата берді:
– Ұста шелекті! Ешкіге береміз!
Күйеуі шелекті ұстап, жол жиегіне отыра кетті. Бұқабай доңғалақты трактордың кабинасы төбесін тесіп жіберердей тоқпақтады. Тіпті жұдырығы кабина ішіне кіріп кеткендей болды. Тракторшы жол шетіне тоқтап, кабинадан шыққанда, Бұқабай телешкіден салбырап түсіп жатқан еді. Көйлегінің ішіне арпа толтырып алған, «семіріп» кетіпті. Түймелеген жерлерінен сауылдап төгіліп тұрды… Ал келесі аптада… Байназар сотқа арыз жазып жіберді. «Мені балағаттады, рушылдықты қоздырды» деп. Аптаның ішінде Бұқабай «үш жылға кетіп» қалатынын қайдан білсін. Бірі кем дүние…
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Фото: funny.klev.club
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!