Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарақ пен талақ

05.10.2023, 10:30 320

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Осы менің қатыным ғана ма екен, бірдеңе десем болды, кетіп қала береді! Былтыр ғой, сауатсыз неме, вацапқа «Сиырға кеттім!» деп жазудың орнына, қатеден қағынып, «Сирияға кеттім!» деп хат жазғаны бар! Енді міне, «Ішкенің – арақ, айтатының: «Талақ!» Құрбыма кеттім! Келмеймін!» деп жазыпты вацапыма. Ойбай-ай, қашан айттым, талақ деп? Жүрегімді «қалтама салып», далақтап, құрбысының үйіне барайын.

– Жүр, үйге! -дедім сызданып.

– Бармаймын, «талақ!» дедің. «Талақ» дегенің, «кет, ажырасамын» дегенің. Сен уахабист екенсің!

– Қайдағы уахабист? Мен шаштаразистпін! Айтшы, құрбысы Құралай? Мұнысы несі, бұл қалай?

Құрбысы құрт сорып отырған. Оны жұта салды да:

– «Талақ!» депсің ғой, – деді.

– Тарақ дедім, тарақ!

– Таз басқа тарақтың керегі не? – деп сұрады құрбысы.

– Парик киіп отырғанмын. Дауыстап, тарақ сұрадым. Сөзге келмей, кетіп қалыпты ғой! Құлағындағы құлықтарын тазалап алсын!

Әйелімді сүйресем, жүрмейді, не жымиып, күлмейді. Құрбысы құшақтап алған. Бір кезде, қалтамнан қырық мың теңге шығарып едім, әйелім қағып алды да, менен бұрын үйімізге ұшып барды. Ет асып қойыпты.

Бір күні ыстығым көтеріліп келдім, көшеден. Тұмаураттым-ау? «Арқаны арақпен ысқыласа, жазылады» дегенді естуші едім.

– Гуля, арақ? – деп дауыстағаным сол, сөзге келмей, құрбысының үйіне кетіп қалыпты.

Төркініне кетпейді, Анасы мен әкесі өте қатал. «Талақ» деп жаздың, кеттім!» деген хабарлама келді вацапыма. Жүрегімді «қалтама салып», жетіп барайын. Сөйтсем, «арақ» дегенімді «Талақ!» деп естіпті.

– Сен уахабистсің! – дейді әйелім.

– Құдай сақтасын! Неге олай дейсің? – деп сұрадым мен.

– Шалбарыңның балағын неге қысқартып алғансың?

– Ойбай-ау, бұл шалбарды киіп жүргеніме жеті жыл болды ғой? Өсіп кеттім ғой!

– Уахабистер Ақтөбеде, Атырауда, Оралда, Алматыда өріп жүр дейді.

– Біз Шымкенттеміз ғой?

– Шымкентке бір қора болып, «Газельмен» келе жатыр дейді.

– Оны кім айтты?

– Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи айтты.

– Саясатта нең бар, жүр үйге!

– «Қазақстанда теріс дін өкілдері білгенін істеп жатыр» деді. Ютубті көрмейсің бе, не? – деді әйелім.

– Оны кім айтты?

– Депутат Бапи айтты.

– «Алматы базарларында сақалдылар сауда жасайды, олар билікпен де «тонның ішкі бауындай!» деді.

– Оны кім айтты?

– Ермұрат Бапи айтты.

– Өте дұрыс айтқан!

– «Діни ағымдарға қарсы заңды күшейтпесек, кеш болады» деді. Теріс ағымдағылар домбыраны харам, гитараны арам деп жатыр.

– Кім айтты?

– Ермұрат Бапи.

–Сен өзі, Бапидың қатынысың ба, менің қатынымсың ба?

– Мен де сенен сезіктеніп, махаббат заңын күшейтіп жатырмын… – деп тұрғанда, қалтамнан қырық бір мың теңге шығарып едім, қағып алып, менен бұрын үйге жетіп, ет асып қойыпты.

Құдайым-ай, талағы да, тарағы да құрысын! Сақалды уахабистері де құрысын! Қазір емханаға, құлағын тексеруе барамыз. Паригімді басыма салдым. «Әй, қатын, тарақ… та-та… бар ма?» дегенім сол, кетіп қалыпты! Ақшаға жаман дәнігіп алды, иии!

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Карикатураны салған Ғалым Смағұлұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: