Бүгінгі сатира
(«Далбаса дөкейлер» сатиралық романымнан үзінді)
Облыс әкімі Дайрабаек Жорғабекұлы мәжілісте май жалағандай тамсана сөйледі:
– Менің реформам логикаға жат көрінуі мүмкін, бірақ өмірге өте жақын! Үш мәселе ұсынамын. «Көлеңкесіз қала» жобасын бастаймын! Қала көшелерінде көлеңке өте көп. Бұл деген, көлеңкелі бизнес деген – жаман ырым. Сондықтан, ағаш біткеннің бәрін қырқуды қолға алыңдар. Екіншгі ұсынысым – шаш мәселесі. Шаш дегеніңіз де адам басына көлеңке түсіреді. Ойлау қабілетін төмендетеді. Күн түсіп, ысиды, терлеп, қышиды. Сондықтан, көлеңкелі табыстарға итермелейтін шаштарыңызды алдыртып, әкімият тақырбастары атануларыңыз үшін 55 шаштараз шақырдық. Қазір бастаймыз.
– Әйелдер де алдыра ма? — деп қалды залдан біреу.
– Жоқ. Өз еріктері, — деді облыс әкімі шешенсіп, – үшінші мәселе – сабын зауыты. Ең бастысы, рухани тазару басталады, жемқорлықтан, парқорлықтан тазарамыз!
Кешікпей мәжіліс залына шаштараздар кіріп келді. Олардың қызметі үшін облыс бюджетінен бір миллиард теңге бөлініпті. Шаш алуды әуелі облыс әкімі бастады. Ол шашының бір бөлігін ғана алдырды. Қақ маңдайынан бастап, оң жаң құлақ шекесін тықырлап барып, желкесіне тоқтады. Ол мұны «облыс әкімі екендігін әйгілеп тұруымен» түсіндірді. Бір шенеунік: «өзіміздің жарты бас әкім» деп мысқылдады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Дымбілмес Далбасаевтың басы жалтырап шыға келді. Екі жерінде тыртығы бар екен. Дымбілмес ақылды бас болып шыға келді. Тіпті бір шенеунік әйел жағымпазданып, шашын түгел қырнап алдыртып тастады. Табан астында «тақырбас қатын» атанды. Ал, келесі күні қаланың ағаш біткені қырқылып, тып-типыл болды. Сол күні облыс әкімі ауруханаға түсіп қалды. Басынан күн өткен екен. Арада апта өткенде «сабынды саясат» зауытының ашылу салтанатында Жорғабекұлы қызыл лентаны қайшымен қиқалады.
– Құрметті халқым! — деді ол. – Біз рухани тазаруға бет бұрып жатырмыз! Бұл сабын – жай сабын емес, коррупцияға қарсы сабын! Кім бетін жуса, ары таза болса, беті сол қалпында қала береді. Ал, кім былыққа батса, беті түрлі түсті болады!
Осылай деген облыс әкімі өзі бастап, бетін сабындап жуа бастады. Айнаға қараған Жорғабекұлы шалқасынан түсе жаздады. Бір жақ беті қызыл, бір жақ беті көк, маңдайы жасыл, құлағы қап-қара болып шыға келгені… Қайта-қайта жуды. Кетпейді ғой!
Бұл сабынға қызыққан министрлер де өздерінің қандай шенеунік екендерін білгісі келіп, беттерін жуа бастаған. Бірталайы түрлі түсті болып шыға келді. Кей шенеуніктер құтылу үшін бет операциясын шетелде жасатып келді. Бірінің беті – Голливуд актеріне, бірінікі – корей сериялындағы кейіпкерге, бірінікі – мультфильмдегі Шрекке, тағы бірі Алдар Көсеге ұқсап кетті. Тіпті «жаңа бетпен Жаңа Қзақстанға қызмет етемін!» деп салғандар да болды. Кей министрдің беттері бір-біріне қатты ұқсап кеткені соншалық, бір-бірін танымай, креслоларын ауыстырып алды. Ол ол ма, әйелдерін де ауыстырып алып, сол күйі өмір сүріп жатқандары бар. Сөйтіп, «таза бет – таза ел!» жобасы көп шенеуніктің бетперделерін шешіп берді…
Мұхтар ШЕРІМ.
Фото: i.pinimg.com
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!