Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тақталас

24.06.2025, 15:50 235

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

(«Далбаса дөкейлер» сатиралық романымнан үзінді)

2035 жыл. Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде жоғалып кетті. Кім деріңіз не, кресло жоғалды, кресло! Үндемей жүріп, кландар мен жыландарға жағып қалған, Құдайдың өзі солар үшін «қағып» алған, не бүк, не шік емес премьер-министр Былқетпесұлының креслосы ұшты-күйлі жоғалып кетті. Таңертең кабинетіне кірген, креслосы орнында бар-кафелерде кездесетін бір жарым метрдей ұзын сирағы бар сәндік орындық тұр! Соның үстіне әрең шығып, шоқиып отырғанда, қабылдауына келгендер кеңкілдеп күле алмай, не мұның сырын біле алмай кеткен. Сөйтсе, кресло ұрланып кетіпті!

Бұл жөнінде ішкі істер министрі жаңа сайланған жас президентке хабарлады. Президент елдегі былық пен шылықты жүгендей бастап, жүгермек шенеуніктерді Ювеналдың шыбыртқысымен шырқырата бастаған. Осы әрекеті олигархтар мен ойқастаған шенеуніктерге жақпай қалса керек, «несін айтасың, премьер креслосының киесі бар екен, оның өз иесі бар екен, соған отырғандар президент болып шығады екен. Кресло былғарысының астында жалпақ, жұқа темір бар. Ал, ол темірге алтын жалатылған!» деген өсек өрттей лаулағалы бір ай шамасы болған. Бұған дейін елдің қорғанысын дамытуға онша көңіл бөлінбей, айыппұлдарды көбейтіп, пластмасса тазиктер шығарумен әлемде бірінші орын алған Қазақстанды көре алмаған бір елдің болуы мүмкін ғой? «Шетелдің агенттері ұрлап кетті» деген версия шықты. Сол екен, қорғаныс министрі жауынгерлердің қолдарына бір-бірден тазик ұстатып, көше-көшелерді аңдытқызып қойды. Шпион көрсе тазикпен басына бір ұрып құлатуға бұйрық берілді. Тіпті болмағанда айыппұлдармен қорқыту тапсырылды.

Шынтуайтқа келгенде, креслоны әлгіндей сыбыс шыққан соң, премьер-министрдің көмекшісі Сайлау Жыланбай бір түнде құпия есіктер арқылы шығарып, жерасты жертөлесінде «Кресло-тайм» клубын ашқан еді. Ол жасырын жарнамалар арқылы креслоға келіп отыратындардан капитал жасай бастады. Бір сағат отырғандар жүз миллионнан аса ақша төлеп, бес жыл тапжылмай отыратындар 500 миллион теңге төлейтін болды. Бірақ бес, тіпті он жыл отырамын деушілер табылғанымен, бір күнге шыдас берместен, жамбастарын сипалап, «президент болсам» деген пиғылдарын қиқалап, амалсыз кетіп қалғандарды аяп кетесіз… Мұнда істемейтін Wi-Fi, қантсыз кофе, суып қалған шай және «лидерлік атмосфера» су тегін. Кіреберісте постер: «Бұл креслода президенттің көлеңкесі де отырған». Бір министр келіншек түнде еден жуушы болып кіріп, креслода 15 минуттай ұйықтап шыққан. Ертеңіне: «түсімде БҰҰ мінберінде қазақша баяндама жасап тұр екенмін!» деп бөсті. Тағы бір шенеунік креслода отырып шығып: «мен қазір жаңбыр жауса да, ел жылай ма деген сарыуайымға салынатын болыппын» деді. Консипиролог депутат әсерін былай жеткізді: «менің жамбасыма ел тағдыры сіңіп қалғандай…».

Құдайым-ау, президент болғысы келіп, кімдер келмеді десеңізші! Тіпті облыс әкімі Дайрабек Жорғабекұлы да жасырынып келді.

– Отыра берейін бе? — деп сұрады ол кассаға ақшасын төлеп келген соң.

– Қолыңыздағы не? — деп сұрады Сайлау Жыланбай.

– Жастық.

– Оны қайтесіз?

– Жамбасым ауырып кетпес үшін төсей қояйын деп…

– Мүмкін, көрпе жамылып отырарсыз? Жоқ, болмайды.

Әкім үш сағат отырды. Жамбасы тесіліп барады. Кресломен шыр айналды.

– Не істеп отырсыз?

– Айналып.

– Карусельде отырсыз ба?

– Тамақтанып келсем бола ма?

– Аш президент болуыңыз керек. Сонда аш халықты ойлай білесіз.

– Қалай ойлайсыз, президент болып кетемін бе?

– Президенттің шопыры боларсыз…

– Қалай ойлайсыз, мен президент болуға ұқсаймын ба?

– Балыққа ұқсайсыз.

– Неге?

– Балық басынан шіриді.

– Қалай ойлайсыз? Мен…

– Солай ойлаймын. Шыдаңыз…

– Шыдай алар емеспін.

Болашақ президент төрт сағат отырып, шыдай алмаған соң кетіп қалды. Үйіне келе салып, қазы-қарта мен уылдырықты асай берді, асай берді.

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: 1rodina.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: