Бүгінгі сатира
Бас редактордың кабинетіне жасы елуді еңсеріп қалған кісі кірді.
– «Барыс» газеті ғой? – деп сұрады ол.
– Ия, «Барыс» газетіне келіп отырсыз.
– Бас редакторсыз ғой?
– Ия, бас редактормын.
– Жұмыс іздеп келіп едім.
– Журналистиканы бітірдіңіз бе? -деп сұрады бас редактор.
– Бұхгалтерлік курсты.
– Бізде бухгалтерлік орын бос емес.
– Бас редактор?
– Бас редактор өзім.
– Ой, кешіріңіз, зам редактор болсам деп едім.
– Ол орын да бос емес.
– Жауапты хатшы?
– Ол да бос емес.
– «Сұмырай келсе, су құриды» деп отырсыз ба?
– Жоқ, о не дегеніңіз.
– Мен тас шайнап, құм түкіріп жазатын адаммын. Тілші болсам да жетеді.
– Бұрын мақала жазып па едіңіз?
– Арыз жазғанмын.
– Қалай?
– Бастығымның үстінен.
– Ммм… Тағы не жазасыз?
– Оқта-текте, бас жазамын… Бір бастасам, апталап ішемін.
– Қиын екен.
– Алдын ала айтып қояйын дегенім ғой.
– Аудармамен айналысасыз ба?
– Ой, талай жерді аударып тастағанмын. Көктемде жер аударамын.
– Ммм… Сотталмағансыз ба?
– Сотталмаған, «өмір көрмеген» адам адам ба? Жас кезімде ұрлық жасап, бес жыл отырдық қой.
– Бүгінде ұрлықпен айналысасыз ба?
– Сағынғанда ғана…
– Мақаланы тез жазасыз ба? «Оперативный» тілші деген…
– Жылдам көшіремін. Былтыр бір газеттен «Қасқырлар да ұлиды» деген мақаланы көшіріп, өз атымнан басқа газетке жіберіп едім, жариялады ғой. Көшіргенде, жымын білдірмеймін…
– Солай деңіз. Қаламыңыз жүйрік пе?
– Мен қаламмен жазбаймын. Компьютерде жазамын.
– Қай жанрды ұнатасыз?
– Әйелім Жанарды ғана ұнатамын. «Однолюбпін».
– Газет оқып тұрасыз ба?
– Дұға оқимын. «Жолым болсын!» деп.
– Макет сыза аласыз ба?
– Преферанс сыза аламын.
– Аты-жөніңіз?
–Жұмысқа алсаңыз ғана айтамын.
– Аа, онда айтпай-ақ қойыңыз. Сау болыңыз!
– Өліп қалады деп пе едіңіз? – деп өкпелеген кездейсоқ «тілші» өкпелеп кетті.
Таланты тасып барады екен-ау! «Талант бар, таныс жоқ!»деген осы екен-ау?
«Ұрының қатыны» сатиралық романымнан үзінді.
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!