Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Суайттар сайысы

30.12.2024, 10:40 158

HALYQLINE.KZ

Отыз жыл тақтан түспеген аудан әкімі Талтаңбай Салпаңбаев Жаңа жыл мерекесіне орай, республикалық «Суайттар сайысын» ұйымдастыруды мәдениет үйінің директоры Малтонға тікелей тапсырды.

Сайыс өткізудің түбін түсіретін Малтон конкурстың ережесін әп-сәтте әзірледі. Бұл іс-шараға кез келген жасы 40-қа толған, өтірікті судай сапыратын үміткерлер қатыса алады. Бас жүлдеге Дубайдан төрт бөлмелі пәтер тігілді. Мұны естіген жұрт жан-жақтан ағыла бастады. Тіпті, минстрлер пен депутаттар да қатысуға ұсыныс түсіріпті.

Пәтерден үміткер бес баласы бар Бердігүл тізімге ілікпей қалды. Турасын айтқанда іріктеу кезінде қарапайым халық әділ қазылар алқасын алдай алмады. Өтірік емес, шындық туралы шырылдады. Бұл сайыстың талабына сай келмеді. Сонымен елден оза шапқан үш қатысушы іріктелді.

Олар аудандық Қарабеттер алқасының төрағасы Жүнбет Маубасов, Қылмыскерлер одағының мүшесі Жамандық Антұрғанов және Жағымпаздар ұйымының төрайымы Құрбике Сылдырмақова еді.

Ең бірінші сахна төріне Жүнбет шықты.

– Құрметті көрермендер! Аяз ата қазақ екен. Мен оны тірілей көрдім. Одаққа мүше болуға шақырдым. Қарсы болмады. Болашақта Аяз атамен келісімшартқа отырамыз. Жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында тегін сыйлыққа қарық боламыз, – деді.

Күнделікті өтірікке әбден құлақтары үйренген халық қол соқпады.

Келесі кезек Жамандыққа берілді.

– Алдағы жылы ұры-қара деген мүлдем болмайды. Жемқорлар ішіп-жегенін халықпен бөліседі. Дәрі-дәрмек тегін таратылады.

Айтпақшы, Қорғаныс министрі қарулы күштерді нығайту мақсатында шетелдер қымбатқа дрондар сатып алмайтын болды. Оның орнына тұмсықты торғайларды арнаулы орындарда өсіріп, жаудың ұшақтарына шабуыл жасауға үйретеді, – деді.

Көрермендер аң-таң…

Сайыстың соңғы қатысушысы бөксесі бүлк-бүлк етіп, қырдың түлкісі құсап сахнаға бұралаңдап Құрбике келді. Әдетінше майсып тұр. Еркек көрсе әдеті осы.

– Саламатсыздар ма, біртүрлі толқып тұрғаным. Өмірімде өтірік айтпаушы едім. Сайыс болғасын енді айтайын.

Жаңа жылдан кейін, шетелден әкелінген көліктерге салынатын салықтар мүлдем болмайды. Кез келген адам өз көлігін тегін рәсімдейді. Айыппұл атауымен барлық жерден алынады. Әсіресе, көліктерге қатысты. Енді жүргізуші көшеде көлікті жүз шақырым жылдамдықпен жүргізсе де өз еркі. Бейнекамералар істен шығарылады, – деп еді.

Залда отырған жұрт шулап кетті. Өтірік ұнамады. Өйткені, олар үкіметтен үміт күтіп жүр еді. Құрбикені үлкендер айғайлап сахнадан қуып шықты. Әділ қазылардың шешімімен Қылмыскерлер одағының мүшесі Жамандық Антұрғанов бас жүлдеге ие болды. Дубай қаласы тағы бір қазақ отбасымен толықты. Екі қатысушыға ірі көлемде ақшалай сыйлықтар берілді.

– Мәдени іс-шара жоғары деңгейде өтті, – деп, Талтаңбай Салпаңбаев өз-өзіне баға беріп мәз болды. Бірақ, суайттар сайысы халықтың көңілінен шықпады.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: