Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сізді иіскеуге бола ма?

20.07.2024, 8:00 422

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

«Атың шықпаса, базар өрте» деген өзім шығарған супер мақалым бар. Бүгінде, әлеуметтік желілерден неше түрлі пранктерді көріп, көңілім кетті. Пранк деген әзіл, немесе, оқыс оқиға жасап, сол кісінің реакциясын білу деп ұғамын. Анау-мынау емес, қалалық соттың өзіне пранк жасағым келіп кетті. Сот ауласынан көріп қалып, жанына жетіп бардым да:

– Кешіріңіз, сізді бір иіскесем, бола ма? – деп сұрадым.

Ер кісінің көзі ұясынынан быртиып, шығып кеткендей болды.

– Не үшін?

– Пара аласыз ба, алмайсыз ба, иіскеп көрейін деп едім…

Ол үндеместен, көлігіне отырып, кетіп қалды. Алыстан ұялы телефонына түсіріп тұрған досыма «көңіл айтып», көшеде келе жатқан ерлі-зайыптыларды көргенде, қуанып кеттік! Келіншегіне жетіп келіп:

– Кешіріңіз, сізді иіскесем бола ма? – деп сұрадым. «Пожалыста, қай жерімнен иіскейсің?» деген әйелі ішек-сілесі қатып күлгені. Күйеуі күтір-күтір тас шайнағанадай, қатуланып, екеумізді бір-бірден ұрып, шалқамыздан түсірді. «Қой, бүйткен пранк пәлесі құрысын» деп жүргенімізде, қалалық прокурор ойымызға түсті. Қаңтар көтерілісі кезінде жазықсыздарды қан қақсатқан прокурор ғой? Оны да аулада кездестірдім.

– Кешіріңіз, сізді иіскеуге бола ма? – деп сұрадым.

– Менде иіс жоқ! – деді ол.

– Қазақы иіс те жоқ па?

– Жоқ!

Мен оның қарсылығына қарамастан, мойнынан иіскеп едім, құлқын құмар иісінен жиіркеніп кеттім. Ол күзетшілерге ұстатып, ақырында, он бес күнге қамалып тындым. Біздегілер пранк дегенді түсінбейді ше? Сәті түссе, «Премьер-министрді иіскейін» деп жүргенмін ғой. Енді ешкімді иіскемеспін!

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: papik.pro (карикатура)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: