Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сіз сенесіз бе?

17.12.2024, 11:15 84

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Теледидарда кешкі жаңалықтардан «Есекті Тышқан теуіп өлтіріпті» деп, таңғаларлық оқиға туралы хабар таратып жатыр екен. Мен үзілді-кесілді сенбеймін дедім. Үйдегілер қарсы болып өре түрегелді.

Шешем:

– Балам, теледидардан айтса рас қой. Олар өтірік айтпайды.

– Жоқ, сене алмаймын.

– Шырағым, сене салшы. Онда тұрған не бар? – деді жалынып.

– Апа, қинамаңызшы…

Ертеңіне әлеуметтік желіге «Есекті Тышқан теуіп мерт қылыпты» деген жаңалықты сынап көлемді мақала жаздым.

Үйге екі полиция сау ете қалды.

– Сізді бөлімшеге шақырып жатыр.

– Не үшін?

– Өте құпия, – деді.

Заңға бағынатын адамның сортынан едім, межелі мерзімде желкілдеп жетіп бардым.

– Сіз елге тарап жатқан жаңалыққа неге күмән келтіресіз? – деді тергеуші.

– Қандай жаңалық?

– Тышқанның Есекті қақ маңдайдан теуіп мерт қылғанын айтамын.

– Мәссаған, сол үшін бе? – деп, тарқылап күліп жібердім.

– Неге күлдіңіз? – деді

– Жоқ, мен оған сенбеймін.

– Сіз, өзіңіз сенбесеңіз де біреулердің сеніміне күдік түдырып отырсыз, сол үшін жауапқа тартыласыз, – деді.

– Егер Тышқанды Есек тепсе сенер едім.

– Жоқ, сенуге тиістісіз.

– Сенбеймін.

– Олай болса, он бес күнге қамаласыз, – деп, бетіме бажырайып қарады.

– Есек…

– Маған айтып тұрсыз ба?

– Жоқ, әлгі арам қатқыр есекті айтамын. Басыма пәле болды ғой.

– Қазір сізбен аудандық прокурор сөйлеседі, – деді.

Келістім. Он минуттан соң ол келді.

– Аға, амансыз ба?

– Аман болған соң сенің алдыңда отырмын.

– Не себепті полиция бөліміне келгеніңді білесіз ғой.

– Әрине, тойынған Тышқан момын Есекті бір теуіп өлтіріпті.

– Өте дұрыс, аға.

– Бәрібір сене алмай тұрмын.

– Сенсеңіз, қазір босатамыз.

Содан екі сағат ойландым. Сене алар емеспін. Телефоным шыр ете қалды. Бастығым екен.

– Әлеу, сізге не болған?

– Ештеңе болған жоқ.

– Енді қайдағы бір өлген Есекке бола түрмеге отырасыз ба? Елдің бәрі сеніп жатыр.

– Сене берсін, ал, басеке, сіз ше?

– Мені білесің ғой, сен, сенбесең, маған қиын болып тұр, – деді жыламсырап.

Жағдайы түсінікті болды. Телефоныма ватсап арқылы «Қалай болғанда да сеніңіз», “Сенбейтін сен кім едің?», «Ей, жазушысымақ, не бүлдіріп жүрсің? Елдің бәрі сеніп жатыр» деген сияқты хабарламалар толып келіп жатыр.

Бастығым да жазып жіберіпті: «Өлген есек өлді. Ол тірілмейді. Егер, сенем десең, айлығыңды өсірем» депті. Қарыздан қысылып жүр едім, «Сенем» деп, айқайлап жібердім.

Полиция қызметкерлері қол шапалақтады. Бейнежазба арқылы халықтың сеніміне селкеу келтіргенім үшін кешірім сұрадым…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: