Қышқыл сатира
Шошқалар жиналыс жасады. Арасында ұрғашы, көп торайлы, құрметті шошқа айғай салды:
– Шошқа бауырларым! Біздің мәселемізді майшаммен қарап жатыр! Неге үндемей қалуымыз керек?
– Дұрыс айтасың! Бізге жылына бөлінетін қайтарымсыз 180 миллион теңгені көре алмайды адамдар!
– Шеруге шығайық!
– Біз де адамбыз, ой, шошқамыз!
– Шошқалар жасасын!
Шошқалар қорсылдап, тіпті біразы шалшыққа аунап, торайлары тырқылдап күліп, айнала азан-қазан болды. Бір фермадағы мыңдаған шошқалар «Бізді құрметтеңдер!», «Шошқалар да шошқа!» деген ұрандар жазылған плакаттарды көтеріп, астанаға қарай ағылды. Жолай мыңдаған қойлар қарсы алды.
– Қайда барасыңдар? – деп сұрады бір қошқар.
– Нұр-Сұлтанға!
– Е?
– Біздің субцидиямызды алып қоймақ екен.
– Өләәә, – деді Шымкенттен келген қошқар маңырап, – бізге, қойларға төрт-ақ мың субцидия бөлінсе де, құйрығымызды көтеріп, шыдап жүрміз ғой.
Шошқалар қойлардың сөздерін құлақтарына қыстырмады. Қорсылдап алып, жөңкіле жөнелді. Бір жерлерге келгенде, бір топ жылқылар жылап тұр еді…
– Неге жылап тұрсыңдар? – деп сұрады шошқалар шеруін басқарып келе жатқан белсенді шошқа, – Айтсаңдаршы? сендерді сояйын деп жатыр ма, не?
– Жоға, – деді бір байтал қасын керіп, кірпіктерін қағып-қағып қойып, – біздерге соқыр тиын да субцидия бөлінбейді…
– Қазақты асырап келе жатқан біздерміз! – деді бір айғыр тістерін ақсита кісінеп.
– Қыста соғымға сойылатын, құрметті қонақтарына жал-жая, қазымыз қойылатын, қымызымызды ішетін, күбісінде пісетін, көкпарларында шабатын, базарда сатып, пайданы да табатын адамдар біздерге көк тиын субциядия бермейді! – деп көкке шапшыды тағы бір айғыр.
Шошқалар аң–таң.
– Шынымен сендерге ақша бөлінбейді ме, не?
– Өтірік айтсақ, соғымға сойылып кетейік!
– Жағдайларың жыртық, пешенелерің тыртық екен, – деді белсенді шошқа.
– Біздің жағдайымызды депутаттарға жеткізесіздер ме? – деп сұрады қызыл-күрең айғыр.
– Өздерің айтыңдар! Қарашы бұларды? Сосын біз көк тиынсыз қалып отырайық сол! – деді белсенді шошқа қорсылдап.
– Аш отырған біраз адамдар ұстап алып, сойып ала ма деп қорқамыз…
– Жем-шөбі жоқ камераға қамап қойса ше?… – деп жылқылар кісінесіп кетті.
Шошқаларда ой жоқ қой, одан әрі жөңкіді. Еліміздің астанасына жеткен соң алдарынан адамдар, полиция біткен шығып, шеттерінен ұстап, аяқтарын қайырып, алдыңғы аяқтарына кісендер салып, «Камазға» артып жатты. Беу, шошқалар-ай, «артық қыламын деп, тыртық қылыпты» дегеннің кері ғой бұл, нелерің бар, астана жағалап? Парламентте жылқы жайлы да мәселе қозғалар, енді жылқылар да «жыламайтын» шығар?
Мұхтар ШЕРІМ
Көрнекі карикатура
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!