Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Шалдар» шатағы

19.11.2025, 17:55 86

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан үзінді)

Министр біткенді қатар тұрғызып қойып, бір шелек қара бояуды беттеріне жаға беруден аулақпыз – кейбірі ғана өздерін қаралап біткен ғой. Рас қой, ұлтына ұйықтап отырып та сөйлемейтін, қағазға үңіліп-ақ елдің тағдырын шешетін, тіпті шешіп тастап, кілтін өз қалтасына салып кететін министрлерден айналасың! Ал, от жақса – күлі жоқ, сөз айтса – түбі жоқ, ісінде бүрі жоқ, тек креслосында бүрісіп отырғандар Құрақбаевқа аздап ұнамай жүр. Бірақ шіркіндер соны өздері байқамайтын да сияқты. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып Дарын Жұмашұлының келгені дұрыс болды. Ал елдегі ұялы байланыс олигополиясының төрт бірдей компания басшысына ащы бұрыштай тиді. Олар шиша шайнағандай күй кешті. Тіпті ел дегенде елеңдеп тұратын, депутаттық сауалдары халықтың қамын күйттейтін халық қалаулыларының біразы олигополияны (бір салада аз ғана компания, екі-үш қана фирма бар, бәсекелестік атымен жоқ) сынап тастады. Жылдар бойы Жаңа Қазақстан атала беретін бізде бәрі реформа, бәрі цифрландыру, бәрі «бәсекелестік» деп айқайлап жатқанымен, елдегі ұялы байланыс нарығын бәрі жақсы біледі – төрт алпауыт оператор бар. Бірақ сырттай төртеу болғанымен, ішкі жағынан бір ағаштың төрт бұтағы, бірін-бірі қытықтап отыратын құдды төрт күйеу бала сияқты. Олардың атауы да елге аян: «Құлақфон», «Алло?», «Биле», «Жалғанline». Халық арасында бұларды мақтап жатпайды – «Төрт төреші төрттік» дейді. Өйткені тариф көтеру туралы шешімді төртеу бір мезгілде, бірдей минутта, бірдей секундта шығарады. Тіпті кейде жарнамалары да бірдей – тек әріп түстері ғана басқаша.

Төрт компанияның бас директорлары жылына бір рет құпия кездесуге жиналады. Ол жиын «Бәсекелестік форум» емес, жасырын түрде «Халықтан тиын арттыру комитетінің Алқасы» деп аталады. Бірақ құжаттарда қысқартылып, «ХТАКА» деп жазылады. Оқуға қиын болғандықтан, ешкім мән бермейді. Бас директорлар бүгін дөңгелек үстелге жайғасқанда, бірінші болып сөзді «Құлақфон» басшысы алды. Бойы екі метрден асатын, шардың формасындай басы бар, құлақ шекелерінде ғана шашы бар, қимылдағанда интернет тартпай қалғандай кідіре беретін адам.

– Биылғы жаңалығымыз: «Әр тынысыңа – 1 теңге» тарифі! Тұтынушы дем алса да ақша түседі. Дем алмаса да түседі, өйткені жүйе қателесіп кетеді.

– Тамаша! — деді «Алло» басшысы, – мен де жаңалық әкелдім. Біздің тариф «Емле қателері үшін абонент ақысы» деп аталады. Бүгінде желіде отырып, «апай» дегенді айран, «еркек» дегенді есек, «әкім» дегенді мәкім, «шоколад» дегенді оқолад деп қате жазатын сауатсыздар көбейді. Халық SMS жазғанда қате жіберсе – қосымша төлем.

– Тоқтай тұрыңдар, — деді «Биле» директоры, көзілдірігін түзеп, – біздің тариф бәрінен асып түседі: «Әкесін танытшы!» тарифін қосқалы отырмыз. Бір-бірін желіде желігіп, ерігіп балағаттағандарға арналады. Сол үшін қосымша ақы төленеді.

Бәрі ду қол шапалақтады. Сосын «Жалғанline» басшысы орнынан тұрып, қалың папканы ашты.

– Менде одан да күштісі бар. Тарифіміз: «Телефон ұстап тұрғаны үшін». Желі қолданбаса да, телефонды ұстағаны – потенциалдық жүктеме.

Кенет хатшы қыздың қарсылығына қарамастан, үстілеріне қазақы шапан киіп, бет-ауыздары қауғадай сақалдарынан көрінбейтін екі шал кіріп келді. Хатшы қыз:

– Жиналыс өтіп жатыр десем де тыңдамай кіріп кетті, — деді.

– Бұлар кімдер? – деп сұрады «Құлақфон» басшысы.

– Білмеймін. Шай ішіп отыр едім, тәтті нанымды тартып алып, ауыздарына салды да, жұтар-жұтпастан ішке кіріп кетті ғой.

– Бара ғой, — деген «Құлақфон» директоры «әбіржіп тұрған» қарияларға бұрылды. – Иә, не үшін келдіңіздер?

– Бастықсың ба? — деп сұрады арығы.

– Иә.

– Бастық болмай, балшыққа бат!

– Ата, сізге не болды?

– Не болушы еді? Тарифті әкелерің аспаннан тосып алғандай қымбаттатасыңдар келіп! Соның өзінде интернет нашар. Солай ғой?

– Солай, — деді толықтау келген қария.

– Міне, қазір бір-бірімізбен кабинетіңде сөйлесейік, ол естімейді. Алло, Ақымақпысың?

– Ау?

– Ақымақпысың деймін?

– Кім бұл? Ақылды ма?

– Иә, Ақылды досың ғой. Бірдеңе шайнап тұрсың ба?

– Жоқ, дауысың іртік-іртік.

– Сенің дауысың қышыр-қышыр…

– Міне, жақын тұрсақ та интернет нашар. Ақшамызды қайтарыңдар! Сендерді байыту үшін пенсиямыздан жырып бердік қой! Халықты емес, құлқындарыңды ойлайсыңдар! — деген арық шал «Биле» бастығына жақындап, костюмінің қалтасын қарай бастады.

Ол ұшып тұрып, бұрышқа қарай қашты.

– Охрана! —  деп айқай салды «Жалғанline» басшысы.

Күзетшілер жақындай берген болатын, қариялар шапандарын шешіп, бастарына киген париктерін жұлып алды. Директорлар дірілдеп кетті. Тіпті бірі талып қала жаздап, әрең дегенде күзетшінің бірін ұстай қалды. Өйткені олардың алдында Премьер-министр Жансерік Құрақбаев пен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Дарын Жұмашұлы тұр еді. Мұндай «шоуды» үкімет басшысы мен министрден күтпеген төрттіктің тілдері байланып қалды…

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: papik.pro

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: