Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сен жемқорсың!..

31.08.2024, 15:15 253

Бітті! Жетер! Былшиған бетіне былш еткізіп түкіргендей етіп айтуым керек. Ол кім еді сонша?! Көп болса, қарны қампиған шенеунік. Қолынан түк келмесе де жеуді біледі. Жемқор! Иә-иә, кәдімгі суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын, сотқа барса түрмеге бармайтын жалмауыз жемқор. Ит түгілі, қасқыр тістеп жатса да, етіне тіс өтпейтін, жалмауыз кемпір қарғаса да, сөз өтпейтін арам жемқор! Түйені жүгімен, биені түгімен, долларды сейфімен жалмап жатса да, қайыршыға бақыр тиын да бермейтін сараң жемқор! «Жемқорлармен күресіп жатырмыз» дейді. Атаңның басы! Күрескіш болсаң, осы маңдайға сор боп біткен Маңқабас Мыңғырбайұлының аяғына неге тұсау салмайды? Өзі асқазаны шұрқ тесік, бір бүйрегі істен шыққан, бауырының ақауы бар экологияға ұшыраған адамдай күй кешкен бюджеттің бір бүйірінен түртіп, сан миллиондаған теңгені құлқынынан әрі асырса да, Маңқабастың наны жүріп тұр. Күрескіштердің көзі соқыр ма, құлағы керең ба, білмеймін. Маңқабас әлі маңқиып жүр. Бізді көрген сайын шалқиып жүр. Қасындағылардың құлағы қалқиып жүр. Ал, біз мынау, аузымыз салпиып жүр. Одан артық шыдауға болмайды! Бітті! Мен осыларды тізбектеп айтып-айтып өтіп, «Сен жемқорсың!» деуім керек. «Сен ішкен-жегеніңді құсып, баяғы алғандарыңды ел-жұртқа қайтарып беруің керек!» деймін. Бітті!

Мәңгүр үйінде айнаның алдында осылайша дайындық жасады. Ақ тер, көк тері шықты. Түскі асын да ішуді ұмытып кетті. Бақсыдай бақырып, жын қаққандай ақырып, ақыр аяғында түкіріп-қақырып, далаға беттеді. Қас қарайып қалған шақ. Маңқабастың мекемесіне аяңдады. Жау алатындай формалы жігіттер күзеткен мекемеге жұмыс аяғында Мәңгүрге кіру оңайға соқпады. Күшеніп келген ол айқайға басып, улатып-шулатып біраз тұрғаннан кейін қабылдау бөлімінен «кірсін» деген ишара келгеннен кейін қағынып-сілкініп ішке енді. Әкімнің дәу кабинетіне хатшы қызға құлақ аспай сырт киімімен баса-көктеп кірді. Жайбарақат отырған Маңқабас орнынан ұшып түрегелді.

– Мәке, сізге не көрінді? – деді біресе күліп, біресе түсін суытып.

– Маған емес, саған көріну керек! Сен өзіңнің кім екеніңді білесің бе? Елдің барлық қарғысын бойына жинаған жемқорсың! Сен жемқорсың!

Осы сәт сырттан жетіп келген әлгі екі күзетші Мәңгүрдің екі қолтығынан қолтығынан қолтықтап, сүйрей жөнелді. Мәкеңнің аузында сонда да тыныштық жоқ.

– Сен жемқорсың! Жемқорсың!

Сүйрелген күйі табалдырыққа таяғанда екеудің қолынан сытылып, енді қаша жөнелгенде, кілт үзілді.

Түсінен шошып оянып, қауғадай басын төсектен жұлып алған Мәңгүр екі жағында «әкелеп» тұрған екі баласын көріп, сасқаннан: «Жем…» деді де, арғы жағын түкірігімен қосып жұтып жіберді. Үн жоқ, сазарды да қалды. Терлеп кетіпті. Қос баласына алақ-жұлақ қарады.

– Апам «кешке ұйықтауға болмайды, шайтан қасында жүреді, әкелеріңді оятыңдар» деді.

– Жаман түс көрдіңз бе?

Балаларының айтқанына шыбындаған аттай тек басын изей берген Мәңгүр: «Шайтан дейді. Шайтаның Маңқабас боп жүрмесін. Өзі ауылда ма екен? Жұмысына бекер бардым-ау» деп, ұйқылы-ояу күбірлегеннен басқа ләм-мим демеді.

Көбегеннің Нұрланы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: